Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қазақ солдаты - Югославия батыры


6 мая 2021, 07:39 | 1 466 просмотров



Көше басы тұратын-ды Есімбай,

Адалдығы, адамдығы есімде-ай,

Жүз ойланып, мың толғанып айтатын,

Ғажап еді ой пікірі кесімді-ай.

С.Бәзілұлы.

Тарих қойнауына енген Ұлы Отан соғысындағы жеңіске  76  жыл толу биігінен  зер сала қарасақ, адам баласының басына түскен зұлмат пен қайғы қасірет табы әлі басылмағанын аңғарамыз. Бүгінгі жастарға соғыстың жеңісін, осы жеңісті жақындатқан қан майданда қолына қару ұстап, ысқырған оқтың өтінде болған жауынгерлер ерлігі мен тылдағы ауыр еңбекті арқалаған еңбеккерлердің еңбегі ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге.

Біздің бүгінгі әңгімеміз 1 және 2- дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «ССРО азаматы- Югославия партизаны» белгісінің,«Югославияның  Құрметті азаматы» атағынның иегері Исамберлинов Есімбай туралы.

Ата-анасынан жастай айрылған Есімбай Исанберліұлы Шаған тау бөктеріндегі Көкбастау ауылындағы нағашысы  Омарқұл ақсақалдың тәрбиесінде өсіп өнді. Соғыс тан кейін туған ұрпақ Есімбай атаны Омарқұлдың бел баласы деп білді. Олай болу себебі Омарқұл ата ұрпағы мен аға арасындағы бірлік пен сыйластық кіршіксіз таза еді.

Арман арқалаған Есімбай аға Шұбар ауылындағы «Көксу ауылшаруашылығы» техникумына оқуға түскен.  Арман-мақсаты көп болатын.

Өз отауын құрып, әке шаңырағының отын өшірмеу мақсатында білім қуа жүріп Есімбай аға Көкбастау ауылы тұрғыны  қазыналы Сәлімбай атаның ұзын бойлы, ажарына ақылы жарасқан Жаңылған апаймен отау құрады. Осы бір сәтті күтіп тұрғандай, үлкен тірліктің дәмін татар татпастан Ұлы Отан соғысы бұрқ етті. Ер азаматтар майданға аттанып  жатты. 1941–жылдың желтоқсан айында Есімбай ағаға да кезек келеді.

Исамберлинов Есімбай Алматыда жасақталған  28-двизияның 3-батальионының құрамына алынады.1942-жылғы наурыздың соңғы аптасына дейін соғыс тактикасына жаттығып, әскери даярлықтан өтіп, майдан даласына бет алған отарба  Украинаның Воренеж облысындағы  Хантемировка станциясына келіп тоқтайды. Гүрс-гүрс атылған зеңбіректер мен снарядтардың, гүрілдеген самолеттердің дауысы майдан шебінің алыс еместін ескертіп тұр. Бұларға көп кешікпей Алматыдан шыққан  28-двизияның      басқа  жауынгерлері қосылды. Айналаны  қалың қар басқан .  Арада бір жеті өтпей Есімбай ағалар  Харьков қаласының ту сыртынан соғысқа келіп қосылады. Бақайшығына дейін қаруланған  неміс фашистеріне беріспей ,табан тіресе, бір апта бойы қатты шайқас болады.  Арада  бір айдай  уақыт өткенде  Украина даласы қалың қардан босап, ойдым-ойдым ойылған көріністен адам шошырлық күйге енді.  Күн жылына  жиі-жиі шабуылға шыққан немістер бар қару жарағын төгіп, өңмеңдей сұғына түсіп, артиллерияға қоса жаяу әскерлерін құмырсқадай  көбейтіп жібереді. Украина бағытындағы  Кеңестің құрама двизия әскерлері жау тегеруіне қарсы тұра алмай, кейін шегіне бастаған еді.

Исанберліновтер жаудан тасалану үшін тау бөктеріндегі орман ішіне жасырынады. Күн сәскеге таянғанда батальион командирі татар жігіті майор Исаев орман ішінде шашырап  жүрген жауынгерлерді шоғырландырып жинап алды . Түсі  суық қатуланған ол:

–Жолдастар, біз қоршауда қалдық, оқ-дәрі де, тамақ та таусылып бітті. Енді жау қолына түспей құтылып шығудың шарасын ойластыруларың керек ,- деп ойын түйіндеп үлгермей ысқыра ұшқан жау снаряды Исаевты қоршап тұрған жауынгерлердің ортасына түсіп жарылды. Осының бәрі көзді ашып-жұмғанша  болып өтті. Жау оғынан қашып үлгергендер бұл сұмдықтан естері таңғандай болды. Осындай абыр-сабыр болып жатқанда иттерін абалатып, автоматтарын тырылдатып, неміс солдаттары келіп қалды.  Есімбайдың қолға түскен деген осылай болар деп тұла бойы түршігіп, одан да өлгенім артық болар деп, мылтығын өзіне кезей берді. Оғы жоқ мылтық от алмады, амалы құрыған Есімбай аға отыра кетті.

Исанберлиновтің немістердің концлагеріне келіп түскеніне екі айдан асқан. Айнала биік қоршау, немістер анда- санда автоматтан оқ боратып, сес көрсетіп қояды.Тұтқындар көп, күн сайын үстемелеп әкеліп қосып жатыр. Тұтқындарға күніне бір мезет құрттаған көже, шемішкенің майын береді. Күн санап тұтқындардың аштықтан әлдері кетіп қалжырап өлім көбейді.  Түрмеде оншақты қазақ жігіттері бар екен. Есімбай аға олармен таныса келе лагерден қашып шығу керектігін айтып сыр бөліседі. Олардың кейбіреулері сенімсіздік танытып жүрді. Сонда да Есімбай аға  үгіттеуін тоқтатпайды.

1943 –жылы  Кеңес әскерлері шабуылды күшейтіп, неміс әскерлерін шегіндіре бастады. Немістер  концлагерді алдымен Польшаға, кейінен Югославиядағы «Трес Поле»  теміржол станциясына көшіреді.  Айналасын биік таулар қоршаған соң ба, бұл араның қысы жылы екен. Немістер тұтқындарды қамап ұстамай, дала жұмыстарына алып шығып жүрді. Бұны Есімбай аға жақсылық нышанына балады. Ел қорғаны болған қасиетті Орақты батыр ұрпағынның  «Қайтсем де түрмеден қашып шығып, немістерден кек аламын» -  деген ойы  келешекке деген сенімін шыңдай түседі. Немістер  темір жол бойына апарып көпірлерді, вагондарды жөндетіп ымырт жабыла қайтарып жүрді. Жігіттер Вагоннан бидай қоқымын  теріп жеп біраз әл жинағандай болады. Лагерьден қашу жолдарын қаузай жүре жергілікті халықтан маңайда партизан  штабының бар екенін сұрап біледі. Зарықтырған күндер өтіп жатты.  Немістер тәртіпті күннен күнге күшейтіп, адам қанын  судай шашып, жан түршігерлік оқиғалар көбейе түсті. Тіпті жергілікті тұрғындардың өзі жазықсыз оққа ұшып жатты.

1943-жылдың  ұзақ жазы өтіп, салпы етек сары күз де келіп жетті. Бір күні Есімбай ағаның көктен іздегені жерден табылып, тұтқындар арасындағы  жергілікті Югослав  жас жігітпен танысады.  Аты қиын болғандықтан оны Есімбай аға Сергей деп атайды. Ол да Есімбай ағаның  ішінде  жауға деген өшпенділікті сезсе керек, біраз күн сыр тартқан соң, азаптау лагерінен қашып шығып, партизандар қатарына қосылу туралы ұсынысын айтады. Бірақ танымайтын адамдарға бірден сыр ашпау керектігін, олардың арасында сатқындар болуы мүмкін екендігін ескертеді. Арада біраз күндер  өткенде Есімбай аға Сергеймен  лагерьен қашып шығу жолдарын кеңірек талқылап, жұма күні кешкісін бір топ адамдарымен көпір астында кездесуге уағдаласады.

Асыға күткен мезет жақындағанда  немістер әр нәрсені сылтау етіп жүріп алған тұтқындарды қуалап, барқылдап боқтап,   бір нәрсені сезгендей   асығыс сапқа тұрғызып жатты. Бұл кезде қараңғы түсе  бастайды. Көпірге жақындағанда  уәде бойынша тұтқындар неміс күзетшілерін бас салады. Бұл әрекетке басқа тұтқындар да қосылып, әп -сәтте немістердің аяғын буып, аузын тығындап , күзетшілердің қаруларын тартып алып қараңғы қою түн құшағына кіріп кете береді.  Бұл кезде концлагерьде дабыл қағылып, прожекторлар түнгі аспанды тілгілеп, иттер абалап, автокөліктер қуғынға шыға бастаған.

Ал Сергей бастаған  біраз тұтқын  жігіттер Сербия тауының қойнауындағы орман арасына сіңіп үлгерген болатын.

Штаб  командирі бұларды жылы қарсы алып, тынығуға жібереді.

Партизандар арасында бірнеше тапсырмаларды  ерлікпен атқарған  ержүрек  Есімбай Исамберлиновке зор сенім артып, оны  Иосип Броз Тито басқарған Халық  Азаттық Армиясының  және (ЮХАА)партизан отрядының 11-корпусы, 13-екпінді двизиясы, 3-батальоны, 3-ротасы командирі етіп тағайындайды.

Штаб бастығы   Исанберлинов ротасына Огулин станциясынан өтетін қуатты қару –жарақ тиелген немістердің эшолонын қолға түсіруге тапсырма береді. Рота ұзақты күн  станцияны бақылауға алады. Түн ортасына таман күткен эшалон келіп тоқтайды. Белгі беруге қалдырған барлаушылардан хабар жоқ. Эшалоннан қаруланған неміс солдаттары түсе бастайды. Лезде  атыс басталып кетеді.Артынша станция жақтан барлаушы серіктерінің  «кейін шегініңдер» деген айқайы естілді.  Рота кейін қарай шегіне бастады. «Бері жүріңдер, біз өздеріңбіз» деген күжілдеген дауысқа бас бағып  қараған Есімбай Исанберлинов әлгілердің партизанша киінген  күдіктілер екенін байқап қалып:

–Жігіттер жау қоршауында қалдық, қимылдаңдар-деп атысты бастап жіберді. Сол-ақ екен қарсы жақтан оқ қарша борай басталды. Оң иығының шым еткенін елемеген Есімбайдың жарасын қасындағы жауынгер серігі байқап дереу таңып берді. Рота автоматтан оқ жаудыра , гранаталарды оңтайлы пайдалана  тіке шабуыл жасай отырып, жау бетін қайтарып таң ата эшалонды басып алды. Есімбай ағалар  жаудың  оннан аса  солдатын қолға түсіріп, партизандардан үш сарбаз оққа ұшып, бірнешеуі жараланды. Немістердің қыруар қару-жарағын  қолға түсіріп , тапсырманы  оңды орындағаны үшін рота партизандар штабының бастығының алғысын арқалап, жаңа тапсырмалар алды.

1945-жылдың ақпан айында  бас қолбасшының «Шет елде тұтқынға  түскендер қайтарылсын» деген жарлығы шықты. Ал наурыз айында Югославияны неміс басқыншыларынан азат етіп, өзінің интернационалдық  борышын адал атқарғаны үшін Есімбай Исанберлинов Югославияның №2736 «Ерлігі үшін» орденімен марапатталады. Сәуір айында  Жер орта теңізі бойындағы Белградты азат етуге күш салып жатқан өз бөлімшесіне қосылады.

Исанберлинов өзімен бірге болған 30  партизанмен бірге  тергеу орындарының сұрағына ілінеді. Заманға жабамыз ба, әлде адамнан көреміз бе? Сол жылдары амалсыздан жау қолына түскендерге қатысты қатаң шаралар қолданылатын. Неміс басқыншыларына  өз еркімен берілмей, амалсыз қолға түскенін, кейінгі  ерліктерімен  ақталып,  Кеңес елінің және Югославияның ержүрек батыр жауынгері атанған Есімбай Исанберлинов құқықтық тергеу орындарынан толық ақталады.

Есімбай аға  жауынгерлік парызын жалғастырып, Австрия астанасы Вена қаласын азат ету ұрысында да  ержүректігін көрсетеді. 1945-жылы Дмитровка селосы үшін болған ұрыста пулеметші ержүрек аға аяғынан ауыр жарақат алып, Румынияның Ясси  қаласындағы госпитальда жеңіс күнін қарсы алады.

Ауыр азапты күндерді бастан өткерген Югославия батыры- Қазақ  солдаты – Есімбай Исанберлинов от пен оқтын үш дүркін ауыр жарасын  мәңгілікке  арқалап  1945–жылдың тамыз айында өзінің арман құсы болған Шаған тау бөктеріндегі жанұясымен қауышады.

Есімбай Исанберлинов ССРО Жоғарғы  Кеңесі Президумының 1968 жылғы 15 ақпандағы жарлығымен 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, жыл өткенде  Югославия Федеративтік  Социалистік Республикасы Президиумының Халықтар арасындағы достықты нығайтқандағы және фашизмді жеңіп шығуға белсене  қатысқандығы үшін «Ескерткіш» медалімен марапатталып, «ССРО азаматы- Югославия партизаны» белгісін омырауына тақты. 1986-жылы Югославия Федеративтік  Социалистік Республикасына арнайы шақырылып «Югославияның  Құрметті азаматы» атағын берді.  Қос елдің қаһарманы атанған кейіпкеріміз туралы «Боздақтар», «Шла воина народная» кітаптарында  кеңінен жазылып, мақала, очерктер мерзімді баспасөз беттерінде бірнеше мәртебе жарық көрді.

Есімбай аға мен Жаңылған анамыз қол ұстасып 54 жыл ғұмыр кешті. Жаңылған ана өмірге ұрпақ әкеліп, жүрегінің мейірім-шуағымен үйді тербетіп, отбасын тазалық, тәртіпте ұстайтын әкеден кейінгі жанұя басшысы бола білді, Жаңылған ана үйдің бақыт бұлағы, қуаныш шуағы, мейірім құшағына айналды.  Жаңылған ана терең сезімталдық, нәзіктік,кешірімділік, жанкештілік қасиеттердің иесі болып, жалқы бала Есімбайдың ұрпағын өсіріп рулы елге айналдырды. Әшекей, Асылхан,Съезбай, Асыл, Айдай,Айгүл, Айгерімдей ұл-қыз өсіріп,  17немере , 28 шөбере өрбітті. Ұрпағын ұлағатты тәрбиелеп аптал азаматтар қатарына қосты. Дастарханын берекеге, шаңырағын мерекеге айналдырған қос абыз бүгінде мәңгілік мекеніне аттанған.

Есімбай аға ел берекесі мен бірлігін сақтаған азамат. Өзінен кейінгі жастарды өз балаларынан кем көрмеген, ақылын айтып, жастың белін буған абыз аға. Жаңылған анамыздың жалғыз бауыры Есенаман ағасына риза сезімін былай білдіріпті:

Әкемдей болып өсіріп,

Қатемді әркез кешіріп,

Қалдырмай ертіп жүруші ең,

Болашағыма сендіріп.

Бұл шумақ  ағаның  барша  інілерінің ыстық ықыласын   білдіріп тұрғандай.

Есімбай Исанберлинов бейбіт еңбекте Актекше ауылдық  байланыс бөлімшесі басшысы,Куйбышев колхозының  ферма меңгерушісі, Қызылбұлақ ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін мінсіз атқарған білікті басшы, ұткыр ұйымдастырушы болған ел ағасы. Жерді, еңбекті ерекше қадірлеген абыз, аңыз ,  қазыналы ата.

Есімбай аға атымен аталатын Шаған бөктеріндегі  «Есімбай сайы» , «Есімбай бақшасы» деген  жерлер ағаның  өзіне тіршілігінде орнатқан ескерткіші іспеттес.  Кейінгі ұрпақ  та Есімбай Исанберлиновті  құрметтеп аудан орталығы Балпық би ауылындағы көшеге  есімін берді.

Үстіміздегі жылы Есімбай Исанберлиновтің туылғанына 100 жыл толады. Осыған орай бұл  мақаламыз  Есімбай аға рухына тағзым.

«Біздер Есімбай ата ұрпақтары 9-мамыр-Жеңіс күнін асыға күтеміз. Бірінші кезекте атамыз жатқан жерге барып құран бағыштап, тағзым етеміз. Қара шаңыраққа ұрпақтары дастархан басына жайғасып ата-апалармыз туралы естеліктерді тыңдаймыз. Бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын  деп аманаттаймыз,»- дейді немересі Әділхан.

Иә, елі бар да, ұрпақ бар да ер есімі мәңгілік.

Автор:
Сайлаубай Бәзілұлы