Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Адамзаттың ғарышқа ұшқанына - 60 жыл


6 мая 2021, 09:18 | 2 210 просмотров



12 сәуір - Ғарышкерлер күні. Дәл осыдан 60 жыл бұрын тарихта Юрий Гагарин ғарыш кеңістігіне ұшқан тұңғыш адам болатын. Осы атаулы күнге орай, М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында ғарыш туралы, Қазақстандық ғарышкерлер туралы кітап көрмесі мен сынып сағаттары  болып өтті. Өткізілген сынып сағаттарының мақсаты: Ғарыш әлемі жайлы және 12 сәуір – ғарышкерлер күні екендігін түсіндіру, ғарышқа 60 жыл екенін атап өту.

 Мектебіміздің тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен, Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтының түлегі, 21751 әскери бөлімінің «Бақылау және әскери жөндеу» тобының инженері - Бабажанов Нұрсұлтан Ғалымжанұлы мен 10 сынып оқушыларының арасында  онлайн кездесу өткізілді. Өз кезегінде мектебіміздің тәрбие жөніндегі орынбасары Таңшолпан Мырзалықызы  онлайн кездесудің мақсатын айтып өткеннен кейін, оқушылар мен инженер емен-жарқын әңгімелесулеріне мүмкіндік туғызып, әсерлі әңгіме өтті. Осы ретте құр сөзден қуырдақ қуырмай, инженер пен оқушылардың арасында өрбіген әңгімені қысқаша ұсынайық.

 Сұрақ: Сіз осы әскери саланы бала кезіңізден армандадыңыз ба?

Бабажанов Нұрсұлтан

-Адамзат баласының алғашқы болып ғарышқа ұшқан туған жеріміздегі туған балалар сияқты мен де ұшқыш болуды армандаған болатынмын. Сол бала арманымды іске асыру мақсатында Ақтөбе қаласындағы, Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына оқуға түстім. Оқуға түскеннен кейін ғарыш кеңістігі жөнінде бұрын соңды естімеген ақпараттар мен танысып одан сайын қызығушылығым артып, мамандық таңдаудан қателеспегенімді ұқтым.

 Сұрақ: Әуе әскери қызметкері болу үшін қандай пәнді таңдау қажет?

Бабажанов Нұрсұлтан

-Сендерге қарап еліміздің жалынды жастарының, намысшыл жігіттерінің әскери қызметке қызығып отырған құлшыныстарын көріп көңілім толып отыр. Бұл салада қызмет ету үшін физика мен математика пәндері өте қажет. Және де денсаулықтарың өте жақсы болуы керек. Шыныққан, шымыр жігіттер болуларың қажет. Сол себепті, осы бастан денсаулықтарыңа мұқият көңіл бөліңдер. Спортпен айналысыңдар.

Сұрақ: Жұмыс бабымен қандай шет елдерге бардыңыз?

Бабажанов Нұрсұлтан

-2019 жылы Ресей Федерациясының Рязань қаласына бардым. Бару себебіміз, «Авиадартс-2019» ұшу экипаждарының халықаралық байқауы болды. Ол байқауда Қазақстан, Ресей, Қытай, Беларусьтің ұшқыштары қатысты. «Әуе хас шеберлер» пилотаждау, дәл оқ ату мен бомба лақтыру шеберлігінде, сондай-ақ, спорттық алаңдарда сайысқа түсті. Сайыста үздіктер қатарынан көрініп, 2 –орын алып қайттық.

Онлайн кездесудің соңында мектебіміздің «Жас Ұлан» ұйымының ұланбасы Досқали Дабыр ғарыштың 60 жылдығына арналған құттықтау сөзін айтты.

Автор:
Таңшолпан Әдібай, физика пәнінің мұғалімі, «М.Жұмабаев атындағы №19 ОМГ МДШО» КММ, Талдықорған қаласы, Алматы облысы