Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«МОБИЛЬДІ АУЫЛ» ЖОБАСЫ


12 мая 2021, 10:24 | 1 071 просмотр



Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында, сондай-ақ халық пен мемлекет арасында «Алтын көпір» болатын «Мобильді ауыл» жобасы жүзеге асырылды. Бұл бастама  Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аясында ұйымдастырылғанын айта кетпеске болмайды.

«Мобильді ауыл» жобасы Алматы облысының бірқатар жергілікті елді мекендерінде өз қызметін бастап кетті. Жобаның негізгі мақсаты қоғам мен мемлекет арасында тікелей байланыс орнатып, халықтың мемлекеттік мекемелерге деген сенімін арттыру болып табылады. Бұл жобаның бірден-бір бағыттарының бірі тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілерін жою болмақ.

Қазір технология күннен күнге қарыштап дамып бара жатқан заман. Бүгінгі күндері көптеген қызметтерді онлайн түрде алуға болатыны мәлім. «Мобильді ауыл» жобасы WhatsApp және Telegram мэссенджерлері арқылы жұмыс жасайды. Яғни, тұрғындар чатта тікелей әкімге, сондай-ақ денсаулық, мәдениет, білім, құқық қорғау және тағы басқа әлеуметтік салалар мен мемлекеттік мекеме өкілдеріне туындаған мәселелері бойынша мазалаған сұрақтары мен толғандырып жүрген сауалдарын және өтініштерін жолдай алады.

Қысқа уақыттың ішінде жоба тиімді жүзеге асырылып, жақсы нәтижелер көрсетіп жатқаны көз қуантады. Ауыл үлкендері  және белсенді тұрғындар  чатта өздерінің көзқарастары мен ұсыныстарын білдіріп жатыр, нәтижесінде халық пен мемлекеттік мекемелер арасында қарқынды жұмыстар атқарылуда.

«Мобильдік ауыл» жобасы Алматы облысы Панфилов ауданының Айдарлы және Іле ауданындағы Қараой ауылдық округтерінің тұрғындарынан оң пікірлер алып үлгерді. Қараой ауылының тұрғыны жоба жайлы өз ойымен былай бөлісті:

- Мобильді топ өте қажет. Оның үстіне, технология қазір алға жылжуда, сондықтан біз бір-бірімізбен ақпарат алмасуымыз керек. «Мобильді ауыл» жобасының арқасында қазір адамды толғандыратын кез келген мәселе тез арада әкім аппаратына жетіп, тез шешіледі. Егер біз бұрын барлық қызметтерді кезең-кезеңмен өтіп, кезекте тұру арқылы өз өтінішімізді жазсақ, бүгінгі күні тіпті электр қуаты, су  өшірілсе де тұрғындарға бұл туралы алдын ала ескертіледі.

Жалпы Алматы облысында 253 ауылдық округ болса, қазіргі таңда солардың 142-інде «Мобильдік ауыл» жобасы жүзеге асырылды. Алдағы уақытта жобаны қалған ауылдық округтерде іске асыру көзделіп отыр.

Автор:
МАДИНА ТҰРДАШ, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсенің менеджері