Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы


26 мая 2021, 10:48 | 195 просмотров



Сарыөзек гарнизонында орналасқан шабуылдаушы бригаданың әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі бөлім қызметшілерінің ұйымдастыруымен үлгілі отбасыларды құттықтау рәсімі өтті.

Аталған игі іс-шара бөлімде дәстүрге айналған. Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.

Әскери қызметшінің отбасы – бұл ерекше одақ, сенімді тыл. Ондағы негізгі таным-түсінік: махаббат, өзара түсіністік, бір-біріне деген құрмет пен сүйіспеншілік, сыйластық пен шыдамдылық.

Әрбір әскери қызметші өз жанұясы мен Қазақстанның басқа да отбасыларының бейбіт аспан астында өмір сүруі үшін тәуліктік және жауынгерлік кезекшіліктерді атқаруға, сонымен қатар, кез келген қиындықтарды жеңуге әр қашанда дайын екенін айта кету керек.

Бүгінгі күні әскери бөлімнің тұрмыс тіршілігіне араласып, оның жақсаруы мен әскери тәртібін нығайтуға үлестерін қосып, басқаларға үлгілі отбасы болып жүрген бөлімнің әскери қызметшілері: подполковник Фархад Джапыев, капитан Нұржан Сыбанқұлов, 3-ші сынып сержант Нұржан Қожаханов, аға сержант Ахат Менисовтардың отбасылары арнайы шақырылды. Оларға бөлім командирі подполковник Ержан Ембергенов салтанатты түрде алғыс хаттарын табыс етті.

Ал әскери қызметшілердің отбасылары бөлім басшылығына ризашылығын білдіріп, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.

-«Отан – отбасынан басталады». Береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты үлгі ете білсек, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта бермек, - деді әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Айгүл Зиядинова.

Өткізілген іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылды.

Автор:
Абзал Сартаев, Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы майор