Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ОЙЫН - ОЙДЫ ДАМЫТАДЫ


11 марта 2011, 07:47 | 3 216 просмотров



«Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» деп В.Ф. Сухомлинский айтқандай ойын ақылды,ойды,тапқыр алғырлықты дамытады. Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілетін дамытып, оларды еңбектенуге, ізденуге баулитын сабақ элементтерінің бірі-ойындар.

Ойын- оқушылардың сабаққа қызығуын, белсенділігін арттырып,ойлау қабілетін дамытуға,ұжымшылдыққа тәрбиелейді,тапқырлыққа,алғырлыққа,жылдамдыққа баулиды.Дұрыс таңдап алынған ойын баланың қиялын,сана-сезімін өсіріп,сөздік қорын молайтып,өз бетімен еңбектенуге дағдыландырады.

К.Д.Ушинскийдің дәлелдеуі бойынша ойындар баланың қабілетін дамытып қана қоймай,оны жетілдіре түседі.Шеберлікпен ұйымдастырылған ойын ұйымдастырушының оқыту мен тәрбиелеудің таптырмайтын құралы бола біледі.Ойынға қатысушылардан ақылдылықты талап ете отырып,оларды үлкен қанағатқа бөлейді.

М.Горькийдің айтуы бойынша ойынмен байланыстырылған оқу мен еңбек баланың ынта-ықыласының,мінезінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізетіндігіне көз жеткізеді. Осы ойды одан әрі А.С. Макаренко дамытады. Бала жігерлене ойын ойнай жүріп,біртіндеп өмірде қажетті іскерлік пен дағдыны қалыптастырады.

Ойын-шығармашылық,ойын-еңбек.

Ойнау барысында оқушы дербес ойлау мүмкіндігі,көңіл қоя білу қабілеті дамиды.

Ойынға деген қызығушылық,ынта-ықылас,тақырыпты еркін таңдай білу керек. Егер ойынға,оқушылардың өздері тікелей қатысатын болса,олардың ептілік пен іскерлік,ақыл,табандылық пен шыдамдылық және ұйымшылдық талап етіледі.

Осы жерде ойын мен еңбектің ара жігін ажыратып алу керек. Егер ойынды оқушылардың өздері ынтамен жасаса,онда ол нағыз еңбек,жемісті еңбек. Осындай еңбекпен айналысып жүрген оқушылар ұжымына талап көбірек қойылады,еңбексүйгіштік пен шыдамдылық және әуестік пен сыпайылық,төзімділік пен тапқырлық және әдет пен ептілік басты орынға қойылады.

Ойын ретінде оқушылар өз білімдерін жинақтайды,оқулыққа кірмеген,одан тыс материалдарды өздері іздеп табады да,сол арқылы ақылдылығы мен адамгершілік қасиеттерін байыта түседі. Бұл оған саналы түрде қанағаттанарлық әкеледі, өзіне деген сенімділік пайда болады.

Оқушылар ойынның маңызын ескеріп,оның танымдық қабілеті мен тәрбиелік мәніне тоқталатын болса,онда мұғалімнің атқаратын рөлі ерекше. Мұғалімсіз,оның көмегінсіз оқушылардың бастаған жаңа бастамалары іске аспай,қиынға соғуы мүмкін. Мұғалім ойынның ұйымдастырушысы болып қана қоймай,қатысушысы да болуы міндетті. Өйткені ойын кезінде ерекше құлшыныс болмауы да мүмкін. Мұғалім оқушылардың жұмысына жаңа шығармашылық жол салып,оларды ептілікпен ойынға қоса білу керек.

Көрнекті педагог В.Ф. Сухомлинский «Егер мен сабақ беруші ғана болсам,педагогтік деңгейге көтіріле алмас едім,шәкірттерімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді », деген сөзін өз санамызға сіңіріп,бұл тұжырымға көп мән беруге болады.

Өз пәнін шебер меңгерген мұғалімнің ойынға қатысуы маңызды,өйткені пәнді жетік білмейтін балалар тұйыққа тірелуі мүмкін.

Ойынға қойылатын талаптар:

1.Ойынға бөлінген уақыт мөлшері оқушыны жалықтырмайтындай болуы керек.

2.Ең бастысы ойын түрлері тақырып аясынан ауытқымай,оның мазмұнын ашуы қатаң ескеріледі.

3.Ойынға қажетті материалдар алдын-ала дайындалу керек.

4.Ойын түрлерін таңдап алу керек.

5.Ойынның өту жоспарын жасау керек..

Мұғалімнің негізгі мақсаты-оқуыны ізденіске баулу. Ал,сол мақсатқа жетудің тиімді әдістерінің бірі сабақ процесінде ойын түрлерін пайдалану. Ойын түрлерін пайдалану оқушының:

-сабаққа деген қызығушылығын оятады

-талабын ұштап,қиалын дамытады

-ой-өрісін кеңейтіп,іздену қабілетін арттырады

-тапқырлыққа,жылдамдылыққа,ептілікке үйретеді

-тілдік қорын, сөйлеу қабілетін қалыптастырады.

Ойынның ойналу түрлері:

а) топ болып ойнау;

ә) екеуара, үшеу болып ойнау;

б) кішірек топ құрып ойнау;

в) екі топқа, үш топқа бөлініп ойнау.

Оқушылардың өткен тақырыптың қалай меңгергенін тексеру үшін сабақта дидактикалық ойын доминоны қолдануға болады. Ол оқушылардың білімін тексеріп қана қоймай, өткен материалды қайталау үшін де пайдалы.

Сыныпта 3-4 оқушыдан тұратын бірнеше топқа бөлемін. Әр топқа тақырып бойынша домино ұсынылады. Домино қандай түрде болады? Ол көлеиі 5-10 см төрт бұрышты қатты қағаздан тұрады. Олар ортасынан тік сызықпен бөлінген; оң бөлігіне сұрақ жазылса, сол жағына –жауап(басқа бөлігіне сұрақ). Бірінші карточка-сұрақтан тұрады, сол жағы-бос; бұл карточка бірінші номерде болады. Ақырғы карточкада-жауап болса оң жағы бос болуы тиіс.

Доминоның құрамында таңдап алынған тақырып бойынша жиырма сұрақпен оларға жауап берілген. Бұл ойын сабағы бес бөлімнен тұрады. І-бөлім-«Домино-1». Топтар өздерінің карточкаларын араластырып, доминоны өз беттерінше құра бастайды. Алдымен біріншә карточканы алып қойып, оған жауапты басқа домино карточкаларының арасынан іздейді; тауып алып бірінші карточкаға жауабын қояды. Енді бұл карточканың оң бөлігінде келесі сұрақ берілген, оған оқушылар жауабын тағыда іздеп табады т.с.с. Ақырында төменде көрсетілгендей «тізбек» боп шығады.Егер барлық карточкалар қолданылатын болса, онда домино ойыны дұрыс ойналынды деп білуге болады.Ал,егер ойыннан карточкалар қалып қойса,онда оқушылар бір жерде қате жібергенін анық білуге болады, оны табу керек(қатені іздеген кезле кітапты, конспектіні қолдануға да болады). ІІ бөлім- Таблицаны толтыру.

Оқушылар дұрыс «тіркелген» доминоны дәптерлеріне көшіріп алуы керек, оның түрі төменде келтірілген, оны оқушылар «сұрақ-жауап» ретінде көшіреді.

Уақытты көп жұмсамай таблицаны көшіру үшін топтың құрамындағы оқушылар домино тіркеуін өзара бөліп алады да, әрбіреуі өз алдындағы сұрақ жауаптарын дәптеріне көшіріп, бір-бірінен қалған бөліктерін сабақтан тыс уақытта көшіреді.

ІІІ бөлім- «Домино-2». Әр топ карточкаларын араластырып, мұғалімнің бұйрығымен тағы да дәл сол ереже бойынша құрастыры бастайды,бірақ бұл жағдайда бір айырмашылық бар уақыт саналады.Егер де оқушылар дәптер,кітаптарын қолданса, ол топ жинаған балдарынан айырылады.Мұғалім уақытты белгілеп доминоны тез де, дұрыс жинаған топқа- І, ІІ, ІІІ орын береді:І- ші орынға бір қосымша балл қосылады, ал ІІ және ІІІ орындарға -0,5 балдан қосылады.

ІV бөлім- Экспресс-сұрақ (жауап)

Топтар карточкаларын араластырады.Мұғалім кез-келген карточканы алып сұрағын топқа оқиды, оқушылар 5-7 с ішінде дұрыс жауабын айтуы тиіс.Егер жауап қате ьолса, карточканы солға, егер дұрыс болса – оңға қарай қойып, егер де жауап болмаса қайтадан орнына карточканы қосады, ақыр соңында оқушылар карточкалардың жауаптарын шешуі керек.

V бөлім.Қорытындыға келу.Экспресс- сұрақтағы дұрыс берілген жауаптардың карточка санын санайды.Егер олардың саны, жалпы сұрақтар санының 90% болса, бұл топтың қатысушылары «5» (өте жақсы) деген баға алады, егер 80%- «4», егер 70% «3»,50%- «2».

Егер топ экспресс-сұрақ (жауап) кезінде қатысуы нашар болса да, топтан балл алынбайды, тек қана салық саналады.

Оқушылардың сабақта қызығушылығын тудыру үшін ұлттық ойындарды пайдалануға болады.

Біріншіден, ойын сергіту сәті болса, 2-ден , оқушылар ойынға қатысуы үшін өз білімдерін үнемі толықтырып отырады.

Екіншіден, өтілген материалдарды қайталау тұрақты түрде жүзеге асырылады.Оқушының есінде көп нәрсе қалары сөзсіз.Себебі- қайталау оқу анаса.Ойынды жекелеме оқушылармен, топтармен және бүкіл сыныпты қатыстыра отырып жүргізуге де болады.

Мұғалім біздін ата-бабамыздың ертеде ойнаған ойындарының қандай тәрбиелік мәнінің зор екендігін түсіндіріп, олардың қазірге дейін ұрпақтан ұрпаққа жеткендігін және заман талабына сай жаңаша түр- сипат салғанын да әңгімелеп айтуы керек.

Автор:
Қ.Қ.НАҒЫШПАЕВА, Физика пәнінің мұғалімі Ш.Уалиханов атындағы орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен мемлекеттік мекемесі, Ақсу ауданы