Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«БЕС ДҰШПАНЫҢ БІЛСЕҢІЗ...»


8 октября 2009, 06:12 | 2 663 просмотра


«... Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның білсеңіз...»

Өсек. Адамзатпен бірге жаратылған кесапат екендігін ел біледі. Залалы баршаға мәлім. Дегенмен, желсөзге ілкіде сеніп қалатының, өсекке іліккен сол адамдар туралы пікірің өзгеретіні де айнымас ақиқат.

Сондықтан «Арыңды жастан сақта» дегендей желкілдеп өскен құрақтай жас келіннен өсек сөзге үйір болмауға, ден қоймауға дағдыланғаның жөн. Ол үшін қазақ атаңның «Құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын» деген қағидасын басшылыққа алғаның дұрыс. Ежелгі жыр-аңыздарда ел кезгендердің көпшілігі әңгімесін «Естігенімді айта-йын ба, көргенімді айтайын ба» деп бастайтыны осындай себепті негізге алғандықтан болар. Өзі өсек тындамаған жан ғұмырында өзгелер жайында ғайып сөзді айтпайды. Жазықсыздың жанын жаралайтын мұндай дерттен аулақ болайықшы...

Өтірік. Өтірікке үйір болған бала есейген соң ол әдетін қоя алмайды. Басында ол ұрыспасын деп бұзақылығын, білместігін, абайсызда бүлдірген ісін жасырып, ата-анасын алдайды. Бірте-бірте жақсы атты көрінемін деп мұғалімін, жақын достарын жаңылыстырады. Содан соң өтіріктің қиындықтан құтқаратын басты қаруына айналғанын білмей де қалады. Түптің түбінде «Өтірікшінің шын сөзі - зая» дегендей оның ақиқат лепесінің өзі айдалада қалады, ешкім оған сенбейді.

«Өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам». Қазақ атамыз осылай дейді. Бұл тәжірибеден алынған. Өтірікпен көктеген, өрісін кеңейткен жанды көргеніміз жоқ.

Мақтаншақ. Мақтаншақ адам, әдетте, сөзін «мен мақтанып отырған жоқпын» деп бастайды. Ол расында да өзінің шамасынан асыра шалқып отырғанын сезінбейтін болса керек. Бұл да адам денесіне жастай енетін дерттің ауыр түрі.

Мақтанып отырып қолда барынан айырылып қалатындарды, жан-жағынан қолпаштаған жел сөзге желпініп, қолдан келмес іске уәде беретіндерді халқымыз мүсіркеп «желөкпе» атаған. Желөкпеленіп алып, әлін білмей әлек болып жүргендерді өткеннен де, бүгіннен де көптеп кездестіреміз де осындай әдеттен жиренеміз. Мақтанға ісіп-кеуіп, қанасына сыймай жарыл-ғандарды аз кездестірген жоқпыз бұл өмірде.

Еріншек. «Еріншектің ертеңі бітпейді». Бәрін ертеңге ысырып қоятындар да бірте-бірте ынта, ықылас, талап кемиді, бойкүйез тартады, салбөксеге айналады. Керісінше, қолға алған ісін тап-тұйнақтай атқаратындарға еріншектік дерт жоламайды. Ойға алдың ба – орында, қолға алдың ба – бітір. «Ертең де күн бар ғой» деп өзіңді -өзін алдаусыратуға жол берме. Тындырымдылығы кем, талапсыз, кертартпа, бойкүйез жандар ертеңге иек сүйеп, өмірге өз үлесінен құр қалады.

Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын «қамшының сабындай» тірлікте өткенге өкінбеу үшін уақытқа есеңді жібермегеніміз абзал.

Мал шашпақ. Бұл жерде ақын «бекер мал шашпақ» деп ысырапқорды меңзеп тұр. Ысырапқорлық біздің асыл дініміз – исламда үлкен күнә болып табылады. Хакім Абай кезеңінің «дүние, мал» деген ұғымы бүгінгі ақша-қаржымен түбірлес. Орынсыз шашпалық, ысырапқорлық қолда барды құрдым-ға сіңіреді. Ол үшін, ең бастысы, ұқыптылыққа дағдалану керек.

Ұлы Абайдың «бес дұшпаның» деп атап көрсеткен керенау, қасиетсіз дерттерінен әлі біржолата айығып болған жоқпыз. Адам болам десеңіз, кісіліктің кілтін тапқыңыз келсе «бес асылдан» үйреніп, «бес дұшпаннан» жиреніп, алға нық қадам басыңыз. Хакім Абай осыған үндейді.

Автор:
Сайраш ШОМАНОВА, Сарқан қаласы