Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ШӘКІРТКЕ ШУАҚ СЫЙЛАҒАН


10 июня 2021, 11:23 | 215 просмотров



Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын-ұстаздікі.

Мағжан  Жұмабаев

Ұстаз жайлы айтқанда менің ойыма 2020 жылы туғанына 1150 жыл толған әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің ұстаз туралы пайымдары  оралады. Әл-Фараби ұстаздың өнегелік, тәлімгерлік қасиеттеріне мән берді, ұстаз дана болу керек деп санады. Әл-Фарабидің педагогикасында бақытқа жету формуласын іске асыратын адам - дана ұстаз. Ғұлама ұстаз бойында мына қасиеттердің болуын қалады: ізеттілік, даналық, асқан пайымдылық, аңғарымпаздық, шыншылдық, ар-ождан тазалығы, қанағатшылдық, тапқырлық, білгірлік, жігерлендіре білушілік, ұстамдылық, ынталылық, шеберлік, табандылық, ниеттің түзу болуы, жан мен тәннің тазалығы, өзін-өзі тәрбиелеу. Бұған қоса ол пайымдағыштық, көрегендік, тапқырлық, парасаттылық сияқты қасиеттерді жоғары бағалады және келесідей анықтамалармен тұжырымдады: пайымдағыштық  дегеніміз – адамның шын мәніндегі игілікке ие болуы үшін неғұрлым қолайлы да, дұрыс заттарды мінсіз ұғынуы және ашу қабілеті; көрегендік дегеніміз – кейбір маңызы кем игіліктерге  жету үшін не нәрсенің неғұрлым жақсы және лайықты болатынын мінсіз аша білу қабілеті; тапқырлық дегеніміз – онан зор бір нәрсеге, игілік деп танылатын байлыққа, рақатқа немесе құрметке жету үшін ненің неғұрлым жақсы және лайықты болатынын анықтаған кезде дұрыс пайымдау қабілеті; парасатты адам дегеніміз – өзінің ақылын, тапқырлығын мақтауға тұрарлық істер жасау үшін, немесе жағымсыз қылықтардан бойын аулақ ұстау үшін қолданатын адам.

Ғұламаның бұл ойларының өміршеңдігі Ұлы даланың рухани жаңғыруының мәңгілік шамшырағы мен темірқазығы дер едім. Дананың көсемсөзі дем беріп, әл-Фарабидің туған топырағын мекен еткен қазақ елі  ұстаздары білім беру айдынында ерлікке теңдес істі әрқашан абыроймен атқарып келеді.

Адамды оның тағдыры уақытпен үндес, замандастарымен ұқсас, достарымен сырлас, ұстаздарымен келешекте әріптес етеді екен.

Адам - өз заманының, өз дәуірінің түлегі. Ол қандай қоғамда өмір сүрсе де, бар қайрат-жігерін сол дәуірдің міндеттерін іске асыруға, адам игілігіне арнайды. Оның қайраткерлігі де сол жолда жұмсалған еңбектің көлемі мен арманының биіктігінен көрінеді. Біздің заманның қайраткерлерін тануда бұл – басты өлшем.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында : «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш»,-деген еді.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы замандастарымыздың арасында білімділігі мен біліктілігі тұтасқан өнегелі ғалым-ұстаздарымыздың тұлғалары даралана көрінеді. Біз, әдетте, жақсы мен жайсаңдарды өткен заман еншісінен іздеп, олар туралы жазылған деректермен танысқанда, таң-тамаша қаламыз. Бүгінгі қоғамда тынымсыз еңбегімен, үлгілі тәрбиесімен өз ортасына сыйлы болып, елімізге адал қызмет жасап жүрген замандастарымыз аз емес. Сондай аяулы жанның бірі – ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым, көптеген оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың, ғылыми еңбектердің авторы, парасатты тәлімгер, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының  және еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары білікті мамандар дайындаудағы еңбегі үшін «Білім беру саласының үздігі» мен «Құрмет белгісі», «Ұлағат» медальдарының иегері -Абдирасилова Гүлмира Қалыбайқызы.

Абдирасилова Гүлмира Қалыбайқызы  1966 жылы 15 маусымда Жамбыл облысы Қордай ауданы  Көктөбе аулында дүниеге келді. 1973 жылы Ворошилов атындағы орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, 1981 жылы 8-сыныпты үздік аттестатпен тәмәмдап, Алматы қаласындағы №4 мектеп-интернатына қабылданып, онжылдықты 1983 жылы үздік белгідегі аттестатпен бітіреді. Жамбыл өңірінен арман қуып Алматыға келген жас қыздың өжеттілігімен, алдына қойған мақсатына жетпей  тынбайтын табандылығының арқасында бала арманы жүзеге асып, Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының (қазір Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1987 жылы  бітіріп шығады.

Ғалым-ұстаз өзінің туған жері туралы былай толғанады: «...Менің туған жерім: Жамбыл облысы Қордай ауданы. Қазақтың тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу тарихында ерен ерлігімен, көзсіз батырлығымен елдің есінде қалған тұлғалар жетерлік. Соның бірі де бірегейі Қордай батыр. Сонау біртұтас қазақ ұғымы пайда болмаған І-ІІ ғасырда өмір сүрген батыр Асиби деген ел билеушісінің сенімді серігі болғанға ұқсайды. Патша әмірімен Қордай батыр шығыстан келетін жауға тойтарыс беруді міндетіне алған. Қордай батыр секілді Аспара, Атар сынды қолбасшылар елдің іргесін басқан жау жолына қарсы тұра білген. Аңыздарда Қордай батырдың дене бітімі өте ірі болғандығы айтылады. Батырдың тұлғалы, алып болғанын табанының көлемінен байқауға болады. Қазіргі таңда Қордай батырға орнатылған ескерткіш маңында оның ізі қалған тас бар. Бұл тас бетіндегі батырдың ізіне қатысты түрлі жорамалдар айтылады. Соның бірінде биік шоқының үстіндегі тасқа шығып, жауларының келе жатқанын көрген батыр ашуға булыққан сәтте тастың бетіне аяғының іздері қалғаны туралы баяндалады. Қордай батыр өзінің жаужүректілігінен бөлек айлакерлігімен де жауға тойтарыс бере білген тұлға. Қазіргі Жамбыл облысының аумағындағы Хантау бөктерін жау шапқан кезде, Шудың батыс жағынан Аспара батыр, шығыстан Қордай батыр екеуі ақылдаса келіп, жаудың қалың қолын қырып салған деседі. Қапияда қос батырға қарсы амал жасай алмаған жау әскерінің қып-қызыл қаны Хантау тауының бөктері мен сай-саласынан жосыла ағыпты. Осы бір оқиғадан соң сол таудың аты «қантау» аталып кеткен. Оны бүгінде халық Хантау деп атайды. Ел басына күн туған шақта халқына қорған болып білектің күшімен, айлакерлігімен амал жасаған Қордай батырдың ескерткіші қазіргі Қордай ауданы, Алматы-Қордай күре жолының 171 шақырымындағы Қордай асуына қойылған. Бұл ескерткіш ел аумағындағы тәуелсіздік пен азаттық жолында жанын пида еткен батырларға қойылған ескерткіштердің бір парасы ғана.

Қордай ауданының танымал тұлғалары: Кенен Әзірбаев — қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев  - қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктері мемлекет және қоғам қайраткерлері Тілектес Есполов, Көпжасар Нәрібаев, Өмірбек Бәйгелді. Композитор, музыкант, әншілер Мұрат Құсайынов, Айгүл Иманбаева, Саят Медеуов және т.б. Бүгінгі ұрпақ осындай тұлғаларымен мақтана алады».

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, Гүлмира Қалыбайқызының ұстаздары болған профессорлар С.М.Исаев, Ә.Құрышжанов, Ә.Аблақов, М.Дүйсебаева, Х. Қожахметова, З.Бейсенбайқызы т.б. Осы кісілерден кісілік пен кішіліктің тәлімін алған, бойына білім нәрін жинаған біздің кейіпкеріміз осы мақал арқылы өзіне жауапкершіліктің жүгін артатын сияқты. Себебі осындай жақсы ұстаздардың шәкірті жаман болуға тиіс емес. Айта кететін жайт, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасына қарасты №321 дәрісхананың «Профессор Әбжан Құрышжанұлы атындағы Түркітану және тіл тарихы кабинеті»  деп арнайы жабдықталуына, жыл сайын ғалымның туған күні қарсаңында «Құрышжанов оқулары» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілуіне белсене атсалысуы шәкірттің ұстаздары алдындағы борышының өтеуі әрі есімдеріне деген зор құрметтің бір белгісі болса керек.

Алғаш педагогикалық еңбек жолын  Жамбыл облысы Қордай ауданы  Кіші Сұлутөр орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен бастаған Гүлекең үш жыл мектепте  мұғалім болып жұмыс істеген соң, 1991 жылы өзі оқыған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының  аспирантурасына қабылданады. Гүлмира Қалыбайқызының ғылым жолындағы алғашқы қадамы да аспирантурадан басталады.

2003 жылы академик М.Серғалиевтің жетекшілігімен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы  диссертациялық кеңесінде 10.02.02- «Қазақ тілі» мамандығы бойынша «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің аналитикалық тәсіл (бірігу, қосарлану, тіркесу) арқылы жасалуы» атты тақырыпта кандидаттық  диссертациясын сәтті қорғайды.

Өмірде даналыққа жетудің бір-ақ жолы бар, ол-білім. Жастайынан білімге құмар болып, әкесінің аңсаған арманына талпынып, ғылым жолына түсуге ұмтылған, өзін тек биіктерден көруге құштар болып, әке қиялына қанат бітіріп, жұдырықтай жүрегі ғалым болуды армандаған, жаны жомарт, қолынан келсе біреуге жақсылық істеуге даяр тұратын, ұлағатты істердің ұйтқысы бола білген, өзін қатаң тәртіпке бағындырып, уақытты бағалауға үйреніп, тынымсыз еңбек пен ізденістердің арқасында ғалым қыз атанған Гүлмира Қалыбайқызы бұл күні өзінің қанат қағып ұшқан Қордай ауданын республика көлемінде танытып жүрген еңбекқор жан. Ғылым жолына түсіп, әкесінің өмір бойғы арманын шындыққа айналдырып, әке ойын асқақтатып, биіктерден көрсетіп жүрген қайсар қыз.

Ғылым жолы-қиын жол. Осы қиын жолды қорықпай таңдауына септігін тигізген ата-анасының балаларының көзі ашық болуын қалағанынан шығар. Гүлмираның жетістікке жетуі Қалыбай есімді әкесінің көрегендігі, арманшылдығы, шынайы қамқорлығы мен болашағынан үлкен үміт күткенінен болар.

Гүлекеңнің анасы Зоя-Нәзім Әкілқызы  да қарапайым, мейірімді, ұстамды да ақылды жан еді. Артық сөзі жоқ, өзінің жөн-жосығын білетін, әркез баласына аналық мейірімін төгіп, тілекші боп жүретін еді.

Жалпы, менің білуімше, Жамбыл өңірінде Абдирасиловтер - елге сыйлы үлкен әулет. Білім мен ғылым, еңбек жолдарында игі істері сайрап жатыр.

Елбасы “Қоғамның даму барысын өмірде-нәзік, көңілде-биік, ал істе-мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес”-дегенде, ұстаз, ғалым Гүлмира Қалыбайқызы сынды қазақтың аяулы қыздары туралы айтқан болар.

Ол еңбексүйгіштігі мен ел алдында ойын еркін айта алатын батылдығы, жұртпен тіл табысу, ұйымдастырушылық қасиеттерінің арқасында үлкен ортаға танылды. Атап айтсақ, 1999-2012 жылдары  университетте қосымша қызмет атқарды: дайындық бөлімінің кафедра меңгерушісі (2005), дайындық түрік бөлімінің меңгерушісі (2006), кәсіптік бағдар және карьера  бөлімінің меңгерушісі (2010-2012).

2012-2015 жылдары Түркия Республикасы Нийде қаласы, Нийде Өмер Халисдемир университеті Жаратылыстану және қоғамдық гуманитарлық факультеті Қазіргі түркі тілдері және әдебиеттері кафедрасының  доценті қызметін абыроймен атқарды. Биыл сегізінші рет өткелі отырған Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумының алғашқы ұйымдастырушысы да Гүлмира Қалыбайқызы болғандығын білеміз.

Г.Қ. Абдирасилова – 200-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектердің  авторы. Оның ішінде 2 оқулық, 10 оқу құралы, 5 типтік бағдарлама және  рейтингі жоғары басылымдарда (Scopus)  8 ғылыми мақаласы жарияланған. Сонымен қатар, 8D02301-Филология, 7М02301-Филология мамандықтары бойынша Білім беру бағдарламаларының да авторы. Ғалымның шетелдегі отандастарға арналған «Қазақ тілі» оқулығы 2005 жылдан бері Қытай Халық Республикасындағы қазақ мектептерінде кеңінен  қолданыста екендігі аян.

Гүлмира Қалыбайқызы – білімді де білікті ұстаз, жастардың ақылшысы, жанашыры. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Ұстаз өзі тәрбиелеген шәкірттерінің бойында ең асыл қасиеттердің болғанын қалайды. Олар жоғары оқу орнын бітіргенде дайын маман болып шығулары керек. Осы жолда шәкірттер уақыттарын босқа жоғалтпай, берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өзін жан-жақты дамыған түлек ретінде танытуға күш салулары керек. «Оған біздің білім ордамызда барлық жағдай жасалған. Қай қоғам болмасын, өз ісінің шебері ғана емес, сондай-ақ салт-дәстүрін, тілін құрметтейтін, досқа адал, ізетті, ибалы, адамгершілігі мол, үлкендерді сыйлайтын, мәдениетті, рухани жағынан толысқан адамдарды қажет ететіні сөзсіз. Мен де барлық шәкірттерімнің бойына осы қасиеттер дарыса деп тілеймін»,- дейді ұстаз-ғалым Гүлмира Қалыбайқызы.

Қазақ қыздарының парасат мектебінің түлегі ретінде Г.Қ.Абдирасилова Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін дәстүрлі ғылыми мектептері қалыптасқан жоғары оқу орны ретінде ерекше құрметтейді.

«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау», депті шығыстың бір ғұламасы. Бұл ұлағатты сөз бейнебір біздің мақаламыздың кейіпкері Гүлмира Қалыбайқызына арналып айтылғандай. Өйткені, ол өзінің қымбат та асыл уақытын шәкірттерінің бойындағы қасиеттерді дер кезінде танып ашуға, дамытуға арнауда әркез басқаларға үлгі-өнеге бола білуде. Мерейлі жасқа келген осындай ер мінезді, өжет те қайсар, еңбекқор, жаны нәзік құрбымыз әрі сыйлас әріптесімізге деніне саулық, отбасына амандық және шығармашылық табыстар тілейміз.

Автор:
А.А.Сатбекова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі ҚазҰҚПУ