Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖАМБЫЛДЫҢ ЖАПЫРАҒЫ ЖАЙҚАЛҒАН КҮН...


18 марта 2011, 07:59 | 2 050 просмотров



немесе «Жыр алыбы — Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысынан түйген ойлар

Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында бабамыздың 165 жылдық мерекесіне орай мектеп оқушыларының республикалық айтысы өтті. Дүбірлі додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен әр облыстың іріктеу сынынан өткен 27 ақын қатысты. Ақындардың алтын діңгегі атанған Жетісудың от жалынды, өлең-сөздің төкпе дариясы Жәкеңнің құрметіне, айтулы дүбірлі додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен әр облыстың іріктеу санынан өткен 27 ақын қатысты. Сондай дара дарын, ерекше болмыс, өлең сөздің телегей теңіз дариясы Жамбыл Жабаевтың жыр додасында айтыскер ақындар жан берісіп, жан алысты. Осы сөз сайысы — келген қонақтар мен көптен шөліркеп қалған жыр сүйер қауымның делебесің қоздырып, рухани жан азығына бөледі. Айтыс өнерінде бағын сынамаққа келген жас өрендерге облыс әкімінің орынбасары Мұқанов Серік Мейірханұлы ақ жол тілеп, жыр додасының шымылдығын ашты.

Әйгілі Жамбыл бабамыздың ұрпағы Әлімқұл Жамбыловтан бата алған өрендердің айтыстағы алғашқы қадамдары жасалып, аяғын апыл-тапыл басқандардың тұсауы кесіліп жатты.

Жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштай-ұлы, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Надежда Лушникова, ақын, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Есенқұл Жақыпбек, ақын Жарас Сәрсек, ақын, «Білім шапағаты» газетінің редакторы Ерғазы Манапұлы төрелік еткен сарапшылар барынша әділ болуға тырысты. Олардың қойған бағалары көрерменнің алақандарын қыздыра соққан шапалақтаулармен үндестік тапты.

Жамбыл облысынан келген талапкер Дөңбай Райдың:

Толқындай болмасам да күшті ағыны,

Жақсы ғой ұзақ жолдың қысқалығы.

Құрақ болсаң еститін сыбдырыңды,

Пырақ болсаң көрейін ұшқаныңды, – дегендей қысқа да нұсқа айтылып, қарсыласын тапқыр уәжге шақырған ұтымды ойлары әр айтыскерден табылып жатты.

Басты тақырып Жамбыл және оның шығармашылығы болған соң сахнаға шыққан әр ақын өздерінің жыр алыбының ізбасары бола алатындықтарын өрнекті сөздермен дәлелдеп бақты.

Павлодарлық Нұрсұлтанның:

«Ішектің үзілгені ештеңе емес,

Оны да уайымдайды жүзің несін?

Ғасырлардан жалғасқан ғасырларға,

бабалардың үзігі үзілмесін! дегені де желкілдеп өсіп келе жатқан балауса өрендердің аманатқа адалдығына дәлел болғандай.

Кей сәттерде уақытқа бағы нған Жамбыл бабамыздың «құрақтары» мен «шырақтарының» тақырыптан ауытқып , сөздің бетін жеңіл әзілге бұрып кеткендері де табылып жатты.

Жамбыл ауданының өнерлі өрені Маринаның:

«Аман-есен келдің бе Астанадан,

Астанасыз әнімді бастамағам.

Сұңғақ бойлы жігітті күтіп едім,

Кез болды кіп-кішкентай қысқа бала» – дегеніне Сырымның:

Кіші десем дәрежем төмендемес,

Ол жайлы берем саған шебер кеңес,

Қанша кіші болсам да алма ағаштың

Пайдасы кем емес қой еменнен еш» – дегені оның оңайлықпен шағыла қоятын жаңғақ емес екенін көрсеті.

Алматылық Бибігүл:

«Халқымның қолдауымен қанаттысың,

Айтайын өлеңімнің жарамдысын.

Ағайын, айдын көлдей қабыл алғын,

Алдыңа келді аққудай адал құсың» – деп елең еткізсе, шығысқазақстандық Талшын:

Шығыстың әкелгем жок суықтығын,

Жырымның алып келдім тым ыстығын.

Өр Алтай, Тарбағатай, Шыңғыстаудың

Сіздерге білдірем де туыстығын» – деп, қазақ жерінің тұтастығын тілге тиек етті.

Айтыс қорытындысын жариялаған қазылар алқасы ең алдымен 5 мың теңгелік сыйақы мен Мақтау қағазын 17 ақынға табыс етті. Жамбыл ауданы әкімінің жүлдесін әкімнің орынбасары Жандарбек Далабаев Дөңбай Райға (Жамбыл облысы) табыс етті. Жүзеев Серікхан (Қызылорда облысы), Қайыртайұлы Манас (Алматы қаласы), Байсүгіров Нұрмұхаммед (Қарағанды облысы) үшінші орынның 35 мың теңгелік жүлдесін жеңіп алса, Сағидолда Қазбек (Павлодар облысы), Әуезхан Сырым (Астана қаласы), Тілеболдинова Бибігүл (Алматы қаласы) 50 мың теңгелік жүлде қоры бар ІІ орыннан көрінді. 80 мың теңгелік сыйақысы бар І орын әдемі айтыстың үлгісін көрсеткен Ғымыңбек Марина (Алматы облысы) мен Нұрланқызы Талшынның (Шығыс Қазақстан облысы) еншісінде қалды.

Алматы облыстық білім басқармасының бастығы Ләззәт Базарқұлова осы айтулы іс-шараны ұйымдастырушы Жамбыл ауданының әкімдігіне, аудандық білім бөліміне алғыс сезімін білдірген соң «Жыр алыбы Жамбыл» атты мектеп оқушыларының республикалық айтысының бас жүлдесіне ие болған жеңімпазды атады, Ол таңдайына өлең ұялаған ерен жүйрік, айтыстағы жаңа есім, өлмейтін өнердің келешегі – Алматы облысы, Ескелді ауданынан келіп көрермен көзайымына айналған Дәуен Алғысбек!

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ұлтымыздың баба тойына арналған жыр додасына үкілеп қосқан жас талап ұл-қыздары баршаның көңіліне қазақтың сөз өнерінің ортаймас қазынасына қосылар үлестің әлі де қомақты боларына сенім ұялатты.

Автор:
Нәзипа АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ