Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЭТНОПЕДАГОГИКА мен ЭТНОПСИХОЛОГИЯНЫҢ тәрбие берудегі рөлі


8 октября 2009, 06:16 | 3 204 просмотра



Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» - деген екен. Осы бір ұлағатты сөздің дәлелі ретінде мына әңгімені алсақ:

Франция императоры, әйгілі қолбасшы Наполеон – ол қаншалықты құдіретті, күшті, дарынды, тапқыр болғанмен, адам ретінде көп дәріптелмеген, ардақты кісі саналмаған екен. Атақты психолог жазушы Стефан Цвейг мынандай бір тағылымды дерек келтіреді.

«Бір күні сарайындағы барлық ығай мен сығайдың алдында Наполеон өзінің аса майталман министрі, аты әлемге мәшһүр Талейранға тіл тигізіп:

«Опасыз, ақша десе, туған әкеңді де сатып жіберетін сұмырайсың», - деп жер-жебіріне жетеді. Наполеон айтар сөзін айтып, демігіп әрең дегенде тоқтайды. Осы кезде сөз ақырын тосқан ақылды Талейран аяғын сылтып басып, есікке қарай беттеп кетіп бара жатып, табалдырықтан аттай бере, сәл кідіріп (түсінген адамға бұл Наполеонның барлық қиянат сөздерінен де ауыр):

«Осындай ұлы адамның соншама жаман тәрбиеленгені өкінішті», - депті де шекпенін киіп, сарайдан шығып кетіпті дейді.

Міне, ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, қазіргі жас ұрпаққа мектеп қабырғасында біріншіден тәрбие, екіншіден, сапалы білім берсек, ұлттық тәлім-тәрбиеге, адамгершілік әдетке, рухани мәдениетке баулып, имандылық қасиеттерін жетілдірсек, сонда ғана халқының салт-дәстүрін жақсы білетін, елі үшін елең қағар азамат болып қалыптасуы сөзсіз.

Біз – арымыз берік, саналы салтымыз шыңдалған халықпыз. Міне, бүгінгі таңда ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қасиеттерімізді жоғары бағалауға құқықты болып, құлшынып, барымызды байыптап, өркениетті өмірге өрледік.

Бірде – бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін пайдаланбай өмір сүрген емес. Тіпті, ұлы Абай, Шоқан, Ыбырай аталарымыз да халықтың ауыз әдебиетінен сусындап нәр алған.

Әлемде ешбір ұлт, ешбір халық өзімен-өзі томаға тұйық дамымақ емес, оның есік-терезесі әлемдік тәжірибеге әрқашан ашық болу керектігі бүгінде еш дау тудырмаса керек. Осыған байланысты ұлттық мектебімізді халықтық педагогикаға негіздей отырып, оны әлемдегі басқа да озық педагогикалық идеялармен байытып отыру – нағыз өркениеттілік белгісі.

Халық педагогикасы мен ұлттық педагогикалық ойлардан құралған қазақ этнопедагогикасы жүйеленіп, қалыптасқан ғылым. Ол ұлттық мәдениетіміздің негізі болып табылады. Этнопедагогика – ұрпақ тәрбиелеудің ұлттық жолдарын, мәдениеттің ұлттық негіздерін үйрететін ғылым.

Этнопедагогикада ұлттық мәдениетті білдіретін әдеп, әдептілік, иман, имандылық, инабаттылық, бәрі де- этика, әдеп, этнопедагогикаға сәулесін түсіріп тұрған ғылым.

Қай қоғамда да әдептілік жолға қойылса, сол қоғамның абыройы асқақтап, тұрмысы жақсарады.

Қазақ данышпаны Абайдың: «Қолымда билік күші болса, адам мінезін жөндеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім...» деген сөзінің өзінде қаншама мән мен мағына жатыр десеңізші. Жалпы адамзатқа ортақ данышпандардың тәрбиелік тағылымдары біздің халыққа бұрыннан етене таныс және жоғары бағаланып келді. Сондықтан, Аристотель,

Сократ, Платон т.б. даналардың тәрбиелік мәні зор ойлары қашанда өзектес. Бұдан шығатын қорытынды: адамның қандай болмағы, кім болмағы тәрбиеге, жағдайға, ортаға байланысты. Яғни, жеке адам өз-өзінен әдепті кісі болып шыға келмейді. Әдептілік адамның өзімен бірге жетіліп, кемелденеді. Сондықтан адамды тәрбиелеу, соның ішінде адамгершілік, әдеп тәрбиесі де сәбидің шырылдап жерге түскен сәтінен басталуға тиіс. Бұған халқымыздың:

«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» - деп айтқаны дәл келіп тұр.

Халық арасында тағы бір мынандай тағылымды әңгіме бар. Күндердің күнінде Ұлықпан Хакімнің алдына бір жұп жас жұбайлар келіп: «Уа данышпан атамыз, бізге сәбиімізді қалай тәрбилеу жайында ақыл берсеңіз», - депті. Сонда Хакім: «Сәбилі болғандарыңа қанша болды?» деп сұрапты. «6 ай өтті», - дейді екеуі жарыса сөйлеп.

«Қап әттеген-ай, 6 ай кешігіп қалыпсың дар» - деген екен сонда Ұлықпан Хакім. Бұдан адамды тәрбиелеу, соның ішінде адамгершілік, кішіпейілдік сәбидің шыр етіп дүниеге келуінен басталғандығын аңғартады.

«Әдептің не екенін әдепсіз адамды көргенде білесің», - деп халық даналығы айтпақшы, ұлттық мәдениетімізді ұрпағымыздың санасына сіңіріп, салауатты азаматтарды тәрбиелеген кешенді ел болып, өркениеттілігімізде өрде ардақтап, бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында «Халық педагогикасының тәсілдерін сабаққа енгізу» әдістері қолдануда.

Осы бағытпен біздің мектебімізде қазақ әдебиетін 9,10,11 сыныптарда тереңдетіп оқыту бағдарламасы жасалып, бүгінгі таңда жас ұрпақты осы бағдарламаны басшылыққа ала отырып оқытуда.

Бұл бағыт сабақ өтіп, дәріс оқығанда мұғалімге үлкен еркіндік береді. Адамға жамандықтың зияндылығын түсіндіру, одан бойын аулақ ұстап, адамгершілікке апаратын тура жолды сілтеу – халық педагогикасының негізгі мақсаты. Мақсатты көздей отырып, бүгінгі таңда сабақ өткізу жолдарын оқушының психологиялық ойларының даму ерекшеліктерін осы бағыт-бағдармен өткізсек, болашақта өзінің салтын, дәстүрін, ұлтын қадірлейтін адамгершілігі жоғары азамат болып шығуы сөзсіз.

Балаларды тәрбиелеу мен оқытуда, олардың жеке басын қалыптастыруда мұғалімнің рөлі ерекше. В.Г.Белинскийдің мұғалімді бағбанмен салыстыруы өте орынды. «Жас бала дегеніміз, – деп жазды ұлы революционер демократ, - өзінің ұрығынан жаңа көрініп шығып келе жатқан жасыл жас өсімдіктің жапырағы, ал тәрбиеші болса, осы жаңадан пайда болып келе жатқан нәзік өсімдіктің соңында жүрген бағбан».

Мұғалімнің негізгі обьектісі – бала. Ал бала ұдайы дамып, бір санадан екінші санаға көшіп отыратын жас организм. Әр жастағы шәкірттің даму өзгешеліктеріне сай келетін тәрбиенің тиімді жолдарын таба білу, баламен тілдесе білу – ұстаздық мамандықтың аса лайықты сапалары.

Оқушылардың мінез-құлқын, олардың сана-сезімінің жетілу дәрежесін танып білу оңай нәрсе емес. Бала психологиясын білу көп оқуды, көп тәжірибені керек етеді.

Сондықтан мен өз іс-тәжірибемде оқушы психологиясын анықтау үшін психологиялық мінездеменің жобасын жасадым. Жоба алты тараудан тұрады. Алты тараудың әрқайсысы 5-6 ерекшеліктен құралады.

І тарау. Оқушы туралы жалпы мәліметтер.

А) аты, жөні, ат-тегі;

Ә) оқитын мектебі, сыныбы;

Б) туған жылы (айы, күні);

В) денсаулығы.

ІІ тарау. Оқушының отбасының жағдайы мен үйдегі тәрбиесі (бұл да бірнеше ерекшеліктен тұрады).

ІІІ тарау. Оқушының еңбек үстінде байқалатын ерекшеліктері

ІV тарау. Оқушының сабақ үстіндегі байқалатын ерекшеліктері

V тарау. Оқушының ерік- жігермен мінезінің ерекшеліктері.

VI тарау Оқушының қоғамдық бағыты мен іс-әрекеті.

Бұл жобаны , яғни психологиялық мінездеуді көбінесе психология ғылымының докторы, профессор Жарықбаев Құбығұл Бозайұлының еңбектеріне сүйене отырып жасадым.

Баланың құрбы-құрдасдастарымен түрлі ойындар ойнауының өзі олардың еңбекке үйретудің, өнерге бейімдеудің, білім-ғылымға құштарлығын арттырудың алғашқы баспалдығы. Сондықтан мен өз тәжірибемде, яғни әдебиет сабағында баланың ой-өрісін, сана-сезімін жетілдіру үшін ұлттық ойындар тәсілін көп қолданамын. Ұлттық ойындарда тәрбиелік мән-мағына жатыр. Мысалы: ақ сүйек, белбеу соқ, тығылмақ, сақина салмақ ойыны баланы тапқырлыққа баулыса, жамбы ату, асық ойнау мергендікке, теңге алу шапшаңдыққа үйретеді. Көкпар тарту, аударыспақ, қыз қуу, күрес сияқты ойындар оқушының жігерін, ептілігін, күштілігін арттырады. Сондықтан, баланы еңбекке, өнерге баулу мәселесі үлгілі жүйелі түрде жүргізілгенде ғана оқушы психологиясы жоғары деңгейде қалыптасады.

Оқушы психологиясын жоғары деңгейде дамыту үшін қазақ халқының сарқылмас байлығы ауыз әдебиетінің үлгілерін сабағымда жиі қолданамын.

Ақыл мен дарыннан туған ауыз әдебиеті мен ұлттық тәжірибеден қалыптасқан салт-дәстүрлерді халық педагогикасы дейді.

Ауыз әдебиеті жаңылтпаштар арқылы тіл ширатуды, санамақтар арқылы сан үйретуді, жұмбақтар арқылы ой дамытуды, мазақтамалар арқылы намыс оятуды, мақал-мәтелдер арқылы адамгершілікке баулуды, батырлық жырлар арқылы ерлікке, отан сүйгіштікке тәрбиелеуді, тұрмыс-салт жырлары арқылы дүние танымды, еңбекке баулуды, терме-жырлар арқылы бірлікке, достыққа тәрбиелеуді, айтыс өнері арқылы өнерге тәрбиелеуді , ойын өлеңдері арқылы дене тәрбиесін беріп, әсемдікке қызықтыруды, өтірік өлеңдер арқылы баланың қиялын дамытуды, ертегілер арқылы алуан түрлі тәрбие беруді, аңыз әңгімелер арқылы болашаққа сенуді, өткеннен үлгі-өнеге алуды үйретеді.

Қазіргі таңдағы басты міндет - өз жерін, өз елін сүйетін, өз халқының тарихын, тілін, дәстүрін, әдет – ғұрпын білетін азамат тәрбиелеу, мектептегі балалардың дүниетанымы мен санасын, осыған сәйкес дамыту. Дамыту үшін халық педагогикасының тәсілдерін сабаққа, тәрбиеге сабақтастыра байланыстырса қазақ халқы өзінің көздеген мақсатына жетеді.

Автор:
А.И.Ахметжанова №13 орта мектеп, Талдықорған қаласы