Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АРАЛДАҒЫ АПАТ


18 марта 2011, 07:57 | 1 584 просмотра


Тынық мұхитында 11 наурыз күні болған жойқын дүмпулер Жердің айналу кіндігін 17 сантиметрге жылжытты, деп мәлімдеді америкалық NASA аэроғарыш агенттігінің мамандары. Олардың есебі бойынша тәулік мерзімінің ұзақтығы 1,6 микросекундқа қысқарыпты.

Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, әрбір күшті жер сілкінісі планетаның орбиталық айналуына әсер етеді екен. Жер қыртыстарының қозғалысқа түсуі тәулік уақытының ұзаруына немесе қысқаруына әкеп соғады. Соңғы зілзаладан кейінгі осьтің жылжуы ХХІ ғасырдағы Жер полюстерінің ең ірі қозғалысы болып отыр. 2004 жылы Оңтүстік Азияда болған зілзала кезінде Жер айналу шеңберінен 6 сантиметрге ауытқыған, ал былтырғы Чили жерасты дүмпулері кезінде 8 сантиметрге жылжыпты. Жапониядағы жойқын жерасты дүмпулері планетамыз айналатын осьті тағы бір қозғап жіберіп, тәулік уақытын сәл қысқартты.

11 наурыз күні Жапонияда сериялы жер сілкіністері болды, оның ең күштісі Рихтер шкаласы бойынша 8,9 баллды құрады. «Соңғы зілзала Суматрада болған дүмпуден әлсіздеу. Алайда ол күшті эффект беретін ендікте болды» деп мәлімдеді Италия астрофизика және вулканология ұлттық институтының ғалымы Джузеппе Бьянко.

Сарапшылардың пікірінше, Жапониядағы зілзала мен цунамиден қаза тапқандар саны 10 мыңнан асуы мүмкін. Алайда зілзала болған префектураның полиция бастығы Миягидің мәлімдеуінше, қазірдің өзінде бір ғана префектурада он мыңдай адам қаза тапқан. Жапонияның «Фукусима-1» АЭС-ның үшінші энергоблогында сенбі күні жарылыс болып, салқындату жүйесі істен шыққан.

Жер сілкінісінен зардап шеккен префектуралардың миллиондаған халқы қазір электр жарығы мен ауыз сусыз отыр. Аомори, Ивате, Мияги және Фукусима префектураларындағы 1,4 млн адам ауызсуға зәру, ал 2,5 млн үй электр қуатынсыз қалған.

Жапон жерінде дүмпулер әлі де жалғасуда. Дүйсенбі күні Токиодан 336 шақырым жердегі Хонсю аралында Рихтер шкаласы бойынша 6,8 балл болатын күшті дүмпу тіркелді. Оның ошағы Иваки қаласынан 170 шақырым жерде, 24,8 шақырым тереңдікте орналасқан. Жалпы, Жапония аралдары бұл күндері үздіксіз шайқалып тұр. АҚШ ұлттық геологиялық қызметінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы екі тәуліктің ішінде магнитудасы 3,0-тен 9,0 дейін 300 дүмпу болған. Жер сілкінісі аумағының ұзындығы 500, ені 200 шақырым. Ал британдық Би-би-си телерадиокорпорациясы тағы бір қауіптің келе жатқандығын хабарлады. Биіктігі үш метрлік цунами толқыны Жапония жағалауларына жақындап келе жатқан көрінеді. Бұл күшті толқын сол екпінмен келіп, елдің солтүстік-шығыс бөлігін жайпап кету қаупі бар.

Автор:
«БШ» ақпарат