Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Сарыөзекте взвод командирлері білімдерін жетілдіруде


18 июня 2021, 07:15 | 1 102 просмотра



Шабуылдау бригадасында взвод командирлерінің даярлық жиыны өтті. Аталған жиынға танк, артиллерия, зениттік, инженерлік, байланыс және барлау взводтарының командирлері қатысты.

Жиынды сапалы дәрежеде ұйымдастыру мақсатында бөлім командирінің орынбасарлары, әскери бөлім басқармасы, батальон және дивизион командирлері санатынан тәжірибелі офицерлер жұмылдырылды.

Шараның басты мақсаты взвод командирлерінің кәсіби даярлығы мен білімін жетілдіру, машықтарын арттыру, картамен және басшылық құжаттармен жұмыс жасауды меңгеру, аз уақыт ішінде тез шешім қабылдауды үйрету болды.

  Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күштерінде жеке құраммен жұмыс жасауда күрделі тапсырмалар жүктелген командирлердің рөлі нығайып келе жатқанын айта кеткен жөн.

Взвод командирлерімен тактикалық, тактикалық-арнайы дайындық, дене, тылдық, техникалық  және атыс дайындықтары сонымен қоса, жедел басқару сабақтарынан теориялық дәрістер оқытылды. Ал байланыс, топография сабақтары мен әскери медициналық дайындықтары бойынша практикалық сынақтар тапсырылды.

Оқу барысында әр взвод командирі жауынгерлік білімі мен кәсіби деңгейін арттырып, өзара тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар, олар күнделікті әскери өмірдегі іс-шараларды сапалы ұйымдастыру, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әдістемелік, атыс және тактикалық даярлықтарды жақсарту мәселелерін қарастырды.

-Біз осы жиында әскери қызметте орын алған жағдайды өз бетімен сараптау, шешім қабылдау, жауынгерлік және графикалық құжаттармен жұмыс жасау, жауынгерлік қимылдарды жоспарлауды үйреніп, қабілетімізді жетілдірдік, - деді байланыс взводының командирі аға лейтенант Нұржан Құрманбаев.

  Жас офицерлердің командирлік даярлық сабақтары осы жылдың 25 маусымында аяқталып, алған білімдері бойынша сынақтар қабылданады.

Аталмыш жиын санитарлық-эпидемиологиялық шектеулердің барлығын сақтай отырып өткізілді.

Автор:
Абзал Сартаев, Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы майор