Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Кітапқұмарлар байқауы өз мәресіне жетті


24 июня 2021, 10:43 | 898 просмотров



Бүгінде республика бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған түрлі мәдени іс-шара өтуде. Осынау мерейлі оқиға қарсаңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті бірлесіп «Жетісу — кітапқұмарлар өлкесі» онлайн байқауын өткізгені мәлім. Сондай-ақ, бұл байқау - 23 маусым мемлекеттік қызметшілер күніне де орай ұйымдастырылған болатын. Шығармашылық сайыс өз мәресіне жетіп, оза шапқандар Тіл сарайында марапатталды.

Байқаудың ерекшелігі, оған тек мемлекеттік қызметшілер қатысты.    Үміткерлердің жасына, сайысқа қатысатындар санына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Ал байқаудың басты мақсаты - мемлекеттік қызметшілерді кітап оқуға ынталандыру және жалпы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Жиынды ашқан Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Б.Керімбек қазылар алқасының әділ төрелік еткенін әрі жеңімпаздардың бейнероликтері әлеуметтік желілерде жарияланатынын айтты. Қазылар алқасының мүшелігінде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Б.Керімбек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ. Манап, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Л. Чалтикенова мен республикалық «Жәрдем» газетінің директоры Ш.Оразбаев болды. Үміткерлерге қойылған негізгі талап - өзі оқыған көркем әдеби, мотивациялық шығармалардың тізімінен ұнағанын таңдап, туындының түйіні жайлы ойын ортаға салу және 2-3 минуттан аспайтын бейнеролик дайындау.

Сонымен, кітапқұмарлар байқауында хакім Абайдың қара сөздерін талдаған Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар комитетінің Алматы облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бас маманы Б.Тараков І орынға ие болды. Тағы бір бас жүлдені орыс тіліндегі мотивациялық шығарманы баяндаған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас маманы М.Беккулова еншіледі. Сонымен қатар, ІІ орыннан Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас маманы А.Мылтықбаева, Панфилов аудандық әкімі аппаратының бас маманы Н. Бегімбет пен Қарасай ауданы Райымбек ауылдық әкімі аппаратының бас маманы Ж. Сақтаған көрінсе, Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ф. Бегенбаева, Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А. Тынысбекова, Еңбекшіқазақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С. Беспаева үшінші орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай жүлде, мақтау қағаздары берілді. Байқауда бағын сынаған өзге де үміткерлер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.     Шара соңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Б. Керімбек байқаудың ауқымын кеңейтіп, республикалық деңгейге жеткізу туралы ұсынысын айтты. Қатысушыларға алғысын жеткізіп, өнер сайысын дәстүрлі шараға айналдыру туралы ойын да ортаға салды. Бұдан бөлек, Республикалық «Жәрдем» газетінің директоры Ш.Оразбаев, Панфилов аудандық әкімі аппаратының бас маманы Н.Бегімбет, Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ф.Бегенбаева және тағы бірқатар қатысушы байқауға байланысты ұсыныс-тілектерін айтып, ұйымдастырыушыларға алғыстарын жеткізді.  Барлық үміткер мен ұйымдастырушылар естелік суретке түсті.

Автор:
Бақ ДӘУЛЕТ