Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫН ДАЙЫНДАУ МӘДЕНИЕТІ


8 октября 2009, 06:18 | 6 697 просмотров



Бүгінгі уақыт талабына сай мемлекетіміздегі 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына байланысты болып жатқан жаңа өзгерістер қоғам мен мемлекетіміздің алдына жаңадан туындап жатқан құндылықтарды ескере отырып, білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту мәселесін қояды. Нақтылы аса маңызды тұжырымдар мен құндылықтар ған білім беру сапасын жаңа деңгейге алып шығатын қадамдар жасауға ықпал етеді.

Оқушыларды қоғамдағы жаңа өзгерістер мен өз халқының тарихы, дәстүрі мен тіршілік ету, ойлау жүйесі туралы рухани негізін дамыта отырып, білім меңгеруге, еңбек етуге үйретуге қажет. Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық жиынтығын айтады. Шын мәнінде қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Қазақ халқы өзінің күнкөріс тіршілігіне қажетті үй-жәй салуды, киім - кешек тігуді, азық - түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе - күн тіршілік барысында орынды пайланса, әсем бұйымдар жасап өмір де, сән - салтанатта құра біледі. Бұдан біз халық шығармашылығының қандай түрі болса да, халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық өмірімен, қоғамдық тарихымен, күнкөрісімен, кәсібімен тығыз байланысты екендігін көреміз.

Халықтың ұлттық қолөнеріне әдеп-ғұрып жабдықтары мен қатар аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, сырмақ, кілем, аяқ қап, алаша, ши, түрлі бояу басқұрлар тоқып, арқан жіп есіп, тері илеп, қайыс, таспа тіліп, өріп әр алуан ыдыс- аяқ, адалбақан, бесік және тағы басқа көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасап әшекейлейтін болды. Саз балшықты күйдіріп, ағашты майлап кептіру, шақпаққа көз жасап, оны тұтанғыш ету, балшыққа шөп -шалан орналастырып илеу тәсілдері де өте ертеден-ақ халықтың іздену талабына, қоғам даму процессінен туған айла - тәсілдер. Халықтың қолөнерінде мүліктердің бір тобы үй іші жабдықтары болса, екінші тобы қайыс өру, қару - жарақ жабдықтары болатын. Қазақтың ұлттық қолданбалы қолөнеріндегі мәдени мұралардың тәрбиелік көзі, көркемдік дамуы мен дәстүр сабақтастығының негіздері, оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеудің қажеттілігін қалыптастырады. Білім беруді қоғамның әлеуметтік - экономикалық құрылымынан, мәдени құндылықтарынан, ұлттық дәстүр, рухани негізден бөле жара қарауға болмайды. Сонымен қатар, онда ғылым мен техниканың, педагогиканың соңғы жаңалықтары да барынша ескерілуі қажет. Жас ұрпақты халқымыздың рухани байлығымен және қазіргі замандық біліммен қаруландырып қоймай, олардың бойына жаңа сапалы дағдылар мен икемділіктерді дамытуда да жаңа буын оқулықтарымыз үлкен рөл атқаратын болады.

Ою-өрнектің шығып, тарауы қолөнер тұрмыстық заттардың өсіп өркендеуімен тығыз байланысты және солардың ішінен орын ала біледі. Олардың даму процесстеріне халықтық әлеуметтік сана сезіміне, болмыс тіршілігінің жанданып, мәдениеттің өсіп, тұрмыс жағдайларының жақсаруының да әсері болады.

Сонымен қатар ою -өрнектің, ұлттық қолөнердің танымдылық, тәрбиелік маңызы ата - бабамыздың сезімдік талғампаздық дүниесі қоршаған табиғат аясы, өскен ұясы, туған жерінің қасиетті топырағы мен тоғай тауларының құлпырған рең түрлері де қатты ықпал етті. Әр халыққа, ұлтқа тән өзіндік ою-өрнек негіздері қалыптасып дәстүр алды. Пішу, үлгі алу және басқа материалдарға көшіріп әсемдеу жолдары дамыды. Кілемге, киімге, сырмаққа, ыдыс аяққа, қару, жараққа, үй жиһаздарына арналған ою түрлері қалыптасты. Ұлттық қолөнеріміз бүгінгі тіршілікке бірден келмеген. Ою өрнек қолөнер адам баласының ақыл -ойларының толып, толқуымен, жүрегінің лүпілімен, өзін айнала қоршаған ортадан туған образдар. Гүлдің, жапырақтың, жан-жануардың бейнелері нақты сол шын қалпында көшірілмей образдар арқылы ою-өрнекке айналып келген.

Қазақ елінің топырағынан таралып, суын ішіп жоғары дәрежелі білім алып, сол білімдерін басқа ел мамандарына таныта білген және қазақ қолөнерін жоғары бағалап талдау жасаған, оның ішінде бір жүйеге келтірген этнограф, тарихшы, әдебиетші, өнертанушы ғалымдарымыз да бар. Олар: Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, X. Арғынбаев, М. Мұқанов, Ө. Жәнібеков және тағы басқалар. Сонымен қатар, жас ұрпаққа берілген гуманитарлық білім мен тәрбие мәселесі ерекше. Ұлттық қолөнерде білім беру жүйесін әлемдік өлшемдерге жақындата түсу, ұлттық тәрбие мен жалпы білімдік деңгейде ұштастыру керек. Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында кеңінен қолданылатын өру, тігу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты өнер жиынтығын айтады. Бұдан біз халық шаруашылығының қандай түрі болса да халық өмірі мен қоғамдық тарихымен, күнкөріс кәсібімен тығыз байланысты екендігін көреміз.

Халықтың ұлттық қолөнеріне әдеп-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал - жабдықтарда кіреді. Осы құрал-жабдықтардың шығу тарихының өзінің келешек ұрпаққа берер тәлім - тәрбиесі мол. Киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, сырмақ кілем, аяққап, ши, кілем, түрлі бау, арқан жіп ескен, көннен және илеулі теріден қайыс таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс аяқ, адалбақан, бесік және тағы басқа көптеген заттарды халық шеберлері өнерпаздар өз қалауымен жасап түрлі нақышына келтіре әшекейлеп ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, тәрбиелеп жеткізген. Халықтың қолөнері адамдардың көркемдік талғамының қалыптасуына ерекше әсер етеді, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруге қызмет етіп, оларды халықымыздың материалдық рухани мұраларын терең түсініп, оны бағалай білуге тәрбиелейді.

Орта мектептегі оқытудың негізгі міндеттері - білім беріп қана қою емес, білім мазмұны арқылы баланың өмірге, еңбекке, адамдарға, айналадағы ортаға, дұрыс қарым - қатынасын қалыптастыру. Оқыту мен тәрбие бір-бірімен байланысты процесс, бір нәрсенің екі жағы сияқты. Тәрбиелік сабақтың мазмұнын анықтай отырып, сабақ барысында оқу және тәрбие міндеттерін шешеді.

Технология сабағында ұлттық тәрбие берудің міндеті жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болғандықтан, жаңа технология бойынша әдістемелік жүйенің басты бөлігі ұлттық қолданбалы қолөнерді технология сабағында қолдана білу болып табылады. Мұны орындау үшін мына ұстанымдар жүзеге асуы тиіс:

1.Оқушыларға технология сабағында ұлттық тәрбие беруге шығармашылық іс-әрекеттерді меңгеру талап етіледі. Өйткені, көркем шығармашылық іс-әрекеттердің күнделікті пайдаланып жүрген оқыту әдістерінен айырмашылығы бар. Яғни, жаңа жағдайдагы «оқыту технологиясы» деп отырғанымыз - халық мұрасындағы қолданбалы қолөнері арқылы ұлттық тәрбие беру ұстанымының өзара тығыз байланыстыгы. Демек, бұнда ұлттық тәрбие беруде бірінші орында оқушы тұрады және оның білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады.

2.Технология сабағында ұлттық тәрбие берудің негізгі түрлері -тәрбие берудің дербес және топтау түрлері. Бұл жерде алға қойған басты мақсат оқушыға деген сенім, ұлттық қолданбалы қолөнерге қызығу мүмкіндіктеріне сүйеніп, ұлттық қадір - қасиет сезімін дамыту. Ал, оқытудың фронтальды түрлері, көбінесе бағыт беру, талқылау және түзету енгізуге ғана пайдаланылады.

3.Жаңа технологияның мақсаты бойына технологиялық білімін жетілдіру үшін пайдаланылатын әдістемелік құралдар оқушылардың танымдылық іс-әрекеттерін жүргізе алатындай болуы керек. Бұрынғы дәстүрлі оқулықтар мұндай талапты қанағаттандыра алмайды, сондықтан, оқушылардың технологиялық білімін жетілдіру үшін жаңа типтегі оқулықтар қажет-ақ.

Қазақ мектептеріндегі оқулықтарға технология сабағында ұлттық тәрбие берудің деңгейін көтеріп, мақсатқа жету үшін түрлі әдіс-тәсілдер қажеттігін өмірдің өзі көрсетуде.

Технология сабақтарында оқу-шығармашылық міндеттер, ең алдымен, дәстүрлі халықтық қолданбалы қолөнерімен таныстыру жағдайында өтеді. Таныстырудың түрі көп. Оның ең бастысы - сабақта көрнекілік құралдарды пайдалана отырып таныстыру.

Халықтық қолданбалы қолөнер ұлттық тәрбие көзі. Дегенмен, оны халықтық педагогикадан туындайтын ұғымдарымен ғана шектеу дәстүрлі халық қолөнерінің негізінде ұлттық тәрбие беру мүмкіндіктерінің даму өрісін тарылтпақ. Ол қазіргі педагогика ғылымы айналысатын зерттеу объектісі болуы тиіс. Себебі, ұлттық қолданбалы қолөнер қазіргі заманғы этнография, философия, өнертану, әдебиет, мәдениеттану, гуманитарлық технология тағы сол сияқты пәндердің көкейтесті мәселелерін қамтып отыр.

Ұлттық қолданбалы қолөнерді тәрбие құралы ретінде пайдалана білу барысында, халқымыздың үлгі - өнегесі, салт-дәстүрін ұрпақ санасына сіңіруде үлгі боларлықтай педагогикалық іскерлік, шеберлік шығармашылықпен еңбек ету керек.

Ұлттық тәрбие үнемі білім берушілік негізде жүріп отыруы тиіс. Сондықтан, мектептегі технология бағдарламасы мынандай міндеттерді шешуі керек:

-халықтың қолданбалы қолөнері туралы түсінікті қалыптастыру.

-халықтық қолданбалы қолөнерінде ұлттың мәдениетіне оқушылардың сүйіспеншілігін ояту:

-ұлттық қолданбалы қолөнер шеберлерінің еңбегімен таныстыру күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым ұлттық нақышта орындалған бұйымдарды жасауды үйрету, тағы сол сияқты.

Тәжірибелік және бақылау топтарындағы оқушылардың дәстүрлі қолданбалы қолөнер туралы түсінігін және қалыптасқан ұлттық талғам деңгейлерін байқауға арналған тәжірибе қорытындыларын зерделей отырып, мынандай мәселелерді анықтадым.

1.Мектептегі сабақта, оқушы тәрбиесінде, халықтық мұра, қолданбалы қолөнер туралы және олардың кейбір көп тараған түрлері туралы ғана мағлұматтар берумен шектеліп келген.

2.Оқушылардың қабылдау, сезіну, ұлттық, танымдық деңгейлеріне сәйкес адам өміріндегі халықтық мұра қолданбалы қолөнер туындыларының сәндік мәнері, маңызы туралы түсініктерді қалыптастыруға, ұлттық тәрбие құралы ретінде қолдануға мән берілмеген.

3.Еңбекке баулу, технология сабақтарында ұлттық қолданбалы қолөнер бұйымдарының үлгілерін көрсету, ою - өрнектерді әшекейлеуге пайдалану сияқты сыңаржақ іс-әрекеттер деңгейінде ғана жүргізіліп келген. Ал, халықтық дәстүрлі қолданбалы қолөнердің ұлттық мәнін біртұтас қабылдау, сезіну, пайымдау, сол арқылы ұлттық талғамды қалыптастыруға мүмкіндік беретін іс-әрекеттер ойластырылмаған.

Осы мәселелерді қорытындылай отырып, қалыптастыру сабақтарында оқушылардың білімділік, ұлттық танымдылық сапаларының артуына, сабақтар мазмұнына, әдістемелік жүйесіне талдау жасаған соң тәрбие негізінде оқушылардың талғам нышандарының нәтижелерін бекіту мақсатымен жалғасады.

Автор:
Н.М.Рахимова, № 25 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі, Талдықорған қаласы