Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Еңселі елорда - ел мақтанышы!


2 июля 2021, 09:18 | 927 просмотров



Қай мемлекет болмасын, оның елордасы, яғни астанасы мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуі жолында маңызды рөл атқарады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен жаңа астананың салынуы - ол мемлекет дамуы жолында өзінің серпінін берді.

Рас, халық арасында бұл бастаманың жүзеге асырылуына күмәнмен қарағандар аз болмады. Дегенмен, стратегиялық маңызы бар бұл жобаның іске асуында кедергілерден сүрінбей отырып, жаңа астана қазіргі таңда ел мақтанышы деуге толық негіз бар.

Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің бас қаласы ғана болмай, әлемдік деңгейде маңызы бар шешімдерді қабылдайтын, батыл бастамаларды іске асыратын қала ретінде танылды. Оған дәлел EXPO 2017, Европа ынтымақтастықпен қауіпсіздік ұйымының жиыны (ОБСЕ), қысқы Азияда ойындары, дәстүрлі түрде өтетін халықаралық съездер мен форумдар. Әсіресе, әлемнің түкпір-түкпірінен 115 мемлекет «Экспо – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ерекше атап өтсек болады. Экпоға арнайы келген жандардың ішінде Елордамыздың әсем келбетіне тамсанбаған адам жоқ. Бұл жас қала астанамыз үшін, еліміз үшін үлкен жетістік.

Нұр-Сұлтан – жасампаз жастар қаласы. Арман қаланың болашағы жарқын, келешегі кемел. Бүгінде еліміздің ертеңі, егемендіктің еңсесін тіктейтін жастардың дені елордаға барып қызмет етіп, астананың тұрғыны болуды армандайды. Ел астанасының бүгінгі ажарын жастардың өмір салты және армандарымен жиі салыстырып жатамыз. Себебі, Нұр-Сұлтан болашақтың мекені.

Сарырқаның бойынан орын тепкен елорда озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Бас қаламыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілерінің бірегейі «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр». Мұндай маңызды нысандардың әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Елорда – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Еуразияның жүрегінде орналасқан бас қаламыздың басқа шаһарлардан ерекшеленіп тұрған көрінісі ерекше тамсандырады. Тіпті алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар да астанаға, оның заманға сай салынған құрылысына қызыға қарап, келбетіне сүйсінеді. Қазақтың қасиетті ордасы атанған астанамыз жыл өткен сайын сәулеті де, дәулеті де өркендеп, әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени орталық болып қалыптасып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне баланған бас қаламыз әлі де көріктене түсері сөзсіз.

Барша қазақстандықтармен елордалықтарды астана күнімен құттықтай отырып, елімізге ашық аспан, өркендеу тілеймін. Бас қала ел мақтанышы болып тұра берсін!

Автор:
Жанболат Жөргенбаев, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы