Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АҚПАРАТТАР АҒЫНЫ


25 марта 2011, 07:57 | 2 243 просмотра


БЕС ЖАСАР ҚЫЗДЫ АЗАПТАП ӨЛТІРДІ

Қостанай облысындағы 500-ге тарта тұрғыны бар Ульяновка ауылында 27 жастағы Владимирдің жантүршігерлік қылмысы ашылды. Ол көршісінің бес жасар бүлдіршін қызын зорлап, кейін тұншықтырып өлтірген.

Қазір бұл қылмыстық іс тергеу-тексеру барысында болғанымен, барлық мән-жай сол оқиға орын алған күні бірден анықтал-ған болатын.

Ерлі-зайыпты Анатолий мен Ирина Фоменколар қатардағы қарапайым отбасы ретінде күнделікті тірлігімен айналысып, түскі мезгілде қорадағы малын жайлап жатқан еді. Олардың жалғыз қызы Анжелика қолына сыпырғыш алып, қар сыпырып, ойнап жүрген. «Біз шөп-шаламды келесі қораға апарып келгенше, қас-қағым сәтте қызымыз жоқ боп кетті», – дейді қайғыдан қан жұтып отырған әкесі.

Жатырқауды білмейтін бауырмал қыз Анжеликаны күллі ауыл адамдары іздеген, бірақ бүлдіршіннің өзі түгіл, ізі де табыла қоймаған. Ал жанын қоярға жер таппай, көкірегі қарс айырылған анасы өзіне де белгісіз себептермен көршісінің қорасын айналшықтай беріпті. Осыны есепке алған жергілікті тәртіп сақшысы көршілес Владимирдің қорасын қарап шықпақ болады.

Геннадий Бузенюс, Ульяновка ауылының тұрғыны:

– Ол қорасының есігін ашқысы келмей, мыңқылдай бастады. Бірақ учаскелік полиция оның кілтін тартып алып, бәріміз қораға кірдік, сонда біреу «табылды» деп айғайлады. Біз қуанып кеттік. Алайда жақындап барсақ, бүлдіршіннің жартылай жалаңаш өлі денесі жатыр екен. Қапқа орап, алысқа апарып тастағысы келген болуы керек, бірақ әке-шешесі шу көтеріп, ауыл адамдары өре түрегелгенде, үлгермеген ғой. Кейін белгілі болғандай, бір әйел осы қорадан «мамалаған» кішкентай қыздың дауысын естіген екен, бірақ айтарлықтай назар аудармапты.

Қанішер көршіні ауыл азаматтары сол жерде ұрып өлтірмек болған. Бірақ тәртіп сақшысы қылмыскерді ызалы қауымның тепкісінен алып шығып, арнайы бөлімшеге апарды.

Анатолий ФОМЕНКО, әкесі:

–Менің қызым Анжелика ақкөңіл еді және көршіні де бұрыннан біледі. Сондықтан ештеңеден күдіктенбестен шақыр-ғанға еріп кете берген ғой. Бұл жағдайдағы жалғыз әділ жаза – әлгі қанішер менің қызыма жасаған қорлықты өзі көрсе екен.

Әсел МИЗАМҚЫЗЫ

Алматыда ауылдағы шет тілдер

мұғалімдерінің

семинары өтеді

Алматыда 24-30 наурыз күндері Қазақтың Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ауылдағы шет тілдер мұғалімдерінің семинары өтеді.

Ол Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудағы 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Семинардың басты мақсаты - шет тілдерде білім беруді ұйымдастырудың инновациялық үлгілері бойынша педагогикалық тәжірибе алмасу. Сондай-ақ педагог мамандығының беделін көтеру және шетел тілдері педагогикалық кадрларын дайындау мәселелерін талқылау. Семинар кезінде «Жалпы білім беру мектептерінде шет тілдерде білім берудің қазіргі жағдайы» деген тақырыпта дөңгелек үстел жиыны және тілдік тренингтер мен шеберлік дәрістері жүргізілмек. Оған Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстпарынан 40 шетел тілдері оқытушылары қатысады деп жоспарланып отыр.