Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Алматы облысында кәсіпкер газоблоктар шығаратын екі шағын зауыт ашты


19 июля 2021, 05:53 | 348 просмотров



Еңбекшіқазақ ауданының 28 жасар тұрғыны  Ермек Сұңқарбекұлы газоблоктар, приторлық блоктар мен брусчаткалар шығаратын екі шағын кәсіпорынды іске қосты.

Алғашқы зауыт өткен жылы Талғар ауданында салынған, 0,3 га аумақта өндірістік цех, қойма үй-жайлары, ұңғыма, өнімдер сатылатын шағын дүкен орналасқан. Екінші цех осы жылдың мамыр айында Боралдай ауылында ашылды. Жалпы ауданы 1 га. Күн сайын зауыттарда 50 шаршы метрден брусчаткалар, 240 дана газоблок және 1200 приторлық блоктар шығарылады. Екі кәсіпорында барлығы 17 адам жұмыс істейді.

«Осыған дейін мен құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Тәжірибем болды. Блоктарға сұраныс бар екеніне, кәсіп жүргізуге мүмкіндіктің барына көзім жетті. Осылайша өз ісімді ашу туралы идея пайда болды. Еңбекшіқазақ ауданындағы Кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасына қатысуды шештім. Алғаш рет 200 АЕК көлемінде грант, кейін 6 млн теңге көлемінде 6 пайызбен жеңілдетілген несие алдым. Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында инновациялық жоба ретінде 2 млн теңге көлемінде грант жеңіп алдым. Осы қаражатқа мен блоктар мен төсемдер мен басқа да жабдықтар шығаратын станоктарды сатып алдым. Жабдықтардың барлығы отандық өнім, тек приторлық блоктар шығаратын станок Қытайда жасалған. Өндіріске арналған шикізат жергілікті карьерлер мен цемент зауыттарынан жеткізіледі», - деді кәсіпкер.

Ермектің айтуынша, өндіріс пен сату маусымы наурыз айында басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Өнімдердің көпшілігін жеке азаматтар сатып алады, қалғаны шамамен 30%-ын мемлекеттік және бизнес құрылымдардың үлесі.

Алдағы кезеңде кәсіпкер өндірісті кеңейтіп, өнеркәсіптік базаны салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қызмет көрсету және туризм салаларында дамуға ниетті екенін айтты.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 2,5 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқытылды. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды ескергенде 700-ден аса бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.

Автор:
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі