Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бал шырайлы Быжының қызы


8 октября 2009, 06:20 | 2 091 просмотр



Тұрар апа Бостанқызы Жетісу өңіріне танымал тұлға, соғыс және еңбек ардагері. Ең бір ерлігі – дүниеге он бала әкелгендігі. Әлі күнге апамыз еңбегін тастаған жоқ. Соғыс кезінде қалыптасқан мінезі, еңбекқорлығымен жастарға үлгі болуда. Тұрар апа облысымыздың әжелер алқасының белді мүшесі, қаламыздағы «әжелер алқасының»президиум мүшесі. Бір кезде бұл кісі ел бастаған елдермен бірге халықтық рухтағы «Азат» партиясын құрған. Облысымыздағы «Азат» партиясының белді мүшесі.Тұрар апа мен жары Ғалымбек ағамыздың тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарының барлығы облысымыздың айтулы мекемелерінде басшылық, жетекшілік қызметтер жасайды. Айта берсек, Тұрар апа туралы әңгімеміз аяқталмайды. Жуықта ғана «Быжының қызы» деген көлемді еңбегі жеке кітап болып жарық көрді. Осы ұлағатты еңбегіне құтты болсын айта отырып, төменде кітаптан үзінді беріп отырмыз.

Бұл ел-жұрты қастерлеген қос боздақ туралы баспасөз жарияланымдары.

Ал, екеуін бір-бірінен бөліп айта алмайтын қос әкеміз Әубәкір мен Бостан Рәшұлдары туралы олардың соңында қалған асыл жарлары, абысынды Мәмила мен Күләй аналарымыздан да талай жүрекжарды сырлар тыңдайтынбыз.

- Әбілқасым екеуің ғана емес, мен бес-алты құрсақ көтердім ғой, - дейтін шешем. – Кімнің көзі немесе сөзі өткенін қайдам, балаларымыз сәби кезінде шетіней берді. Аһ ұрып, қайғыдан запыран жұтып мен қаламын. Бостан бұл қайғыны іштей тынып, үнсіз көтеретін.

Сөйтіп жүргенде тағы да аяғымның ауырлағанын сездім. Қабағыма қарап отыратын Бостан да бұл өзгерісті аңғарып қалған екен. Мен ештеңе айтпай жүрсем де бір күні шай үстінде:

- Ендігі сәбиіміздің атын Тұрар қояйықшы. Дүниеге ұл келе ме, қыз келе ме, бір алланың қолында ғой... Ал Тұрар деген ұлға да, қызға да ортақ есім. Мүмкін құдай көз жасымызды көріп, тұрақтатар, - деді жайлап қана.

Құрсағым білінгенше ешкімге айтпайын деп жүрген «ұрлығымды» біліп қойғанына ма, әлде балаларымыздың шетіней бергенінен зәрем ұшып қалғандықтан ба, оның бетіне қарай алмай, жылап жіберіппін.

- Жылама, - деді ол, - құдайдан перзентті жылап емес, тәубаға келіп сұрау керек. Шүкір, Әбілқасымың өсіп келеді, ниетіне қарағанда сол баланың соңынан інісі немесе қарындасы ереріне үміттеніп жүр едім. Өзіңді сақта, ауыр көтерме, аса шаршама... Үйдің шаруасына әлің келмей жатса – маған қалдырсаңшы, жасай саламын ғой.

Үндемесем де іштей: «Ойбу, саған үй шаруасын істетіп, абысын-ажынға, көршілерге не бетімді айтамын? Құдай қуат берсін, бір қатыннан артылатын не шаруа бар бұл үйде» деп қарсыласып қоямын.

- Жоға, - деймін дауысым зорға шығып, - бірінші рет құрсақты болып отырмыз ба, алаң болма. Жүкті әйелдің көбірек қимылдағаны өзіне пайдалы дейді ғой...

Сен құрсағыма біткеннен-ақ әкең жарықтық маған ерекше бір қамқорлықпен қарайтынан аңғарып жүрдім. Кейде ауырлап орнымнан тұра алмай қалсам, жұрт көзінше лып етіп келіп, қолтығымнан сүйемелдейді.

- Өзі бір батыр болады - ау деймін, - қалжыңдайды кейде, - қарашы, сені орныңнан қозғалтпай жатқанын... Әлде алтын айдарлы болып, сол алтынның салмағы ма, мысымызды басып жатқан?

Жұрт көзінше мұндай қалжыңдарына жауап қата алмай ұялып қаламын. Оңашада ел алдында олай менің жүктілігімді айта бермеші деп өтінемін.

- Несі бар... Мақтансам оның несі орынсыз? Осы бар ғой, бұйырса әкесінің атын шығаратын, мақтан тұтатын бала болады. Әбілқасым ағасын жалғызсыратпайын деп, жарық дүниеге талпынып жатыр емес пе!

Әкемнің жас кезінде жоғарғы білім алу әркімнің маңдайына жазыла бермеген ғой, ол кісі арнайы мамандық алмаса да, керек шаруаға тез бейімделе қоятын зерек болған екен.

Колхоздың есеп-қисабы жұмысын аса шиырламай, тез меңгеріп алған. Кейде түнде үйде де сол жұмысын атқарып ұзақ отырады екен. Есі кіріп қалған Әбілқасым әкесінің осы еңбекқорлығына, шаршауды білмейтін еті тірілігіне ден қоя бастаған. Табиғатында ақжарқын, жайдары ол, бала болып жеңілтектік көрсете қоймайды. Және анамның қандай талабына да қарсы келмей, бетіне қарап тік сөйлемей өскен. Бұл да сол әке көргендік, сол тұлғаға еліктеу, үйренудің нәтижесі ғой. Балалығын ауыр жұмыстар, жарты құрсақ жүру мен ел-жұрттың қайғысына бірге қайғыру шарпыған сол кездегі балаларды да мен өз басым соғысқа қатысқан жауынгерлермен тең санау керек деп ойлаймын.

Мәселен, менің өзім де, менімен қатар құрбы-достар да соғыстың зардабын қабырғамыз қайысып көтермедік пе? Қазір ғой, кейбіреулердің тұяғын қимылдатса ақысын, кеткен есесін даулап шыға келетіні. Біздің кезімізде тәрбие деген өзгерек еді. Үлкеннің алдын кіші кесіп өтпейтін, бетіне келмейтін. Қыз бала деген кісінің бетіне тесірейіп қарамайтын, әсіресе ер адамның жүзіне тіке қарау деген тәрбиесіздік болып саналатын.

Бір отбасының баласын бүкіл ауыл болып назарда ұстап тәрбиелейтін.

Осыларды айтып отырсам өз балаларым:

- Қалай біреудің баласын бүкіл ауыл болып тәрбиелейді? Одан да әркім өз баласына ие болмай ма? – деп таңданады.

- Біреудің қызы немесе ұлы көшеде келе жатып қарсы ұшырасқан үлкенге сәлем бермесе, әлгі адам оны тоқтатып алып, үлкенге амандасу керектігін ескертер еді. Немесе оның әке-шешесінің біріне: «Ана балаларыңды адамға сәлем беруге үйретпегенсіңдер ме? Бір ауылдың ауасын жұтып, бір бұлақтан су ішіп жүріп, бір-бірімізден амандық-саулық сұраспақ ұят емес пе?» деп ескерту жасайды. Расында бұған қарсы не дейсің, өйткені айтып тұрғаны нағыз ақиқат, орынды ескерту.

Анада көшеде келе жатсам бір бойжеткен жалаң жүргеннің жөні осы деп, кеудесінде тек төс тартқышын ғана қалдырғандай өрескел киініп, нақтырақ айтсам киініп емес, шешеніп алыпты.

- Әй, қызым, - дедім оған, - мынау қоғамдық орын, қазақ қызысың... Бұлай жалаңаштанып алғаның не?

Ұялғанынан қызарып кетер деп ойлағанмын.

- Онда қандай шаруаңыз бар? Ұнамаса – қарамаңыз, - деп беттен алғандай болды.

- Әкең үйде ме? – дедім оған.

- Интересно, шешемді емес, әкемді сұрағаныңыз қалай? Менің әкем жоқ, вообще, - деп әлгі бойжеткен шамданып қалды.

Осы бір «Әкем жоқ» деген сөз талай жайды аңғартар еді. Біздің заманымызда әкесі жоқ балаларға деген тәрбие қатаңырақ болатын. Еркегі жоқ отбасындағы жалғызілікті аналар ұл-қызына: «Бәленбайдың баласы әкесі жоқтығынан тәрбиесіз екен дегізбеңдер» деп тәртіпке шақырып, бақылауда ұстап отырушы еді.

Әкесіз өскендіктен өзіміз де ана атына кір келтірмеуді ойлап, әр қадамымызға жауапкершілікпен қарауға тырысатынбыз. Қыздарым жайда әкесіне еркелесе де, оның сұсынан қаймығып отырады.

Мен әке туралы сөз қозғалса, осындай ойларға беріліп кетемін.

...Әубәкір әкемнің төрт бірдей баласын Мәмилә анамыз қылшылдаған жиырма бес жасынан бастап тәрбиелеп, мәпелеп-ақ өсірді. Мәпелеу деген жайлы төсекте түске дейін ұйықтатып, еркіне қоя беру емес. Елдің бәрі атқарып жатқан жұмысты бірге атқаруға, еңбектен қашпауға оларды ұрсып-зекімей - ақ көндіру, осыны түсіндіру деп санаймын. Мәмила апа өзінің ғана емес, Бостан қайнысының шаңырағына да назар салып отыратын. Ал ол үйдегі ұл-қыз менің анамды кіші шеше санап, анасы ретінде сыйлап өтті.

Әубәкір әкеміздің отбасы екі бөлмелі үйде тұрды да, біздің үйіміз үлкендеу, кеңірек болды. Төрт баласымен сол үйлерінде тұрып жатып, Әубәкір інісінің жағдайын ойлап, өзінен гөрі оның тұрмысының түзу болғанын қалап, мүмкіндігінше қол ұшын беріп жүреді екен.

Ол кісі інісін ғана емес, оның келіншегін, яғни өзінің келіні Күләйді де аса құрмет тұтып, сыйлап өткен ғой. Кей-кейде қалаға малдарын өткізіп сауда жасауға барғанда Әубәкір әкеміз киімнің жақсысын менің апама алады екен.

- Мына бір пәлте Күләйға жараса қалатын шығар, - деп әкелген пальтосын, қатипадан тігілген камзолдарын бертін шешем бізге көрсетіп, қайынағасының қамқорлығын үлгі етіп отыратын.

Күйеуінің бұл жомарттығын Мәмила көре тұра – көрмеген болып, ешқашан іштарлық жасамаған. Ағалы-інілердің өзара татулығын сақтап, абысынмен жақсы сыйласқан.

Аға ілтипатын Бостан да түсініп, ағасының отбасына жаны ашып тұратын.

Осы орайда аға мен інінің арасындағы бір хикаят ойға оралады.

Әкесі өлерінде екі ұлын шақырып алып:

- Мен сендерге мұрағат жер қалдырамын... Екеуара наразылық тудырмау үшін тең бөліп берейін. Егін егесіңдер ме, бау-бақшаға айналдырасыңдар ма, еріктерің, - дейді.

Әке өмірден озады, ағалы-інілілер жерді ың-шыңсыз бөліп, ешқандай шарбақ, қоршау орнатпай, екі ортаға бір үлкен қойтасты тастай салады.

Егін себетін уақыт жақындағанда інісі түнде далаға шығып, ағасына білдірмей әлгі тастың қасына келеді де:

- Мен ғой әлі бойдақпын, ағам болса – бала-шағалы. Оларға жер де көбірек керек, үйде шиттей балалары бар, - деп күбірлей жүріп тас белгіні өз жағына қарай жылжытып қойыпты.

Ағасы да бір күні әлгі белгітасқа қарап тұрып:

- Інім әлі үйленген де жоқ, мен әйтеуір, бала-шағалы болып, қалыптасып алдым ғой. Жері менікінен көбірек болсын, - деп тасты өз бақшасы жаққа жылжытып алады.

Осы мысалдағыдай ағайынды Әубәкір мен Бостан да бір-біріне қолындағысынан бөліп, аузындағысынан жырып беретін қамқор, тату болды. Сол жұбын жазбаған күйі соғысқа да бірге аттанып еді...

Әубәкір әкеміздің соңында қалған төрт бала – ұл-қыздары да – соғыстың салған қиындықтарын бастан кешіп өсті. Отбасында анасымен ғана қалса, тәрбиесі өзгеге өнеге етерліктей болды.

Бір ауылда құлын-тайдай тебісіп, бірге шапқылап өскендіктен бір үйдің баласындай болдық.

Әубәкір әкеміздің үлкен ұлы Сейітнұр да, әйелі Шара да туған ауылдарына жиі келіп тұратын. Қазір бақилық болып кеткен Сейітнұр ағаның жетпіске толғанын тойлаймыз ғой деп жүреді екен. Бірақ, сол арман да орындалмай, ол кісі сол қарсаңда көз жұмған. Үлкен ұлы Серік – Алматыда тұрады. Өзге балаларды да өмірден өз орнын тапқан, бала-шағалы.

Сейдімнұр Алғабас ауылынан шыққан мақтан тұтарлық еңбегі бар ғалым.

Сүзектен емдеу институтында қызмет істеген, медицина ғылымының докторы. Бірқатар шетелдерге де қызмет бабымен кетіп жүр. Яғни, Алғабас ауылынан басталған соқпақ оны ғылымның мұхит асып, алыс шгетелдерді көрсететін сара жолына ұласты. Әйелі Гүлмайра да медицина саласында қызмет істеген.

Немере сіңілім, әкейдің үшінші баласы – Нұрғиса қазір Алматыда тұрады. Күйеуі Бақтыгерей екеуі де құрметті еңбек демалысында. Шынар медицина саласында қызмет істейді.

Одан кейінгі Нұрғалиша мен күйеуі Нұрсейіттің бес ұлы бар. Балаларының бәрі – Алматыда, өздері Шелекте тұрады...»

Автор:
Дайындаған Ж.ХАМАЙ