3 августа 2021, 06:40 | 1 107 просмотров
Мектепке дейінгі шақ-бала бойына рухани - адамгершіліктің негізін қалайтын кез. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап жоғары руханилық құндылықтарды: мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік, өмір мәні т.б. қалыптастыру педагогтардың және ата-аналардың міндеті «Өзін-өзі тану» курсының ерекшелігі балалардың өзінің және жолдастарының бойындағы ерекшеліктері мен қасиеттерін ажырата алуына және өз іс-әрекеттеріне баға бере алуға ұйретуді міндет етіп қояды. Бұл міндеттің негізгі шешімі-ойындар. Ойынның негізгі ерекшелігі ол балалардың қоршаған өмірді-адамдардың қимылын, іс-әрекетерін, олардың бала қимылынан туған жағдайдағы қарым-қатынасын бейнелеуі болып табылады. Ойында бөлме ғажайып алаң да, автобус аялдамасы да, қала көшесі де, ғарыш кемесі де болуы мүмкін. Бала сол ойынның сюжетіне еніп, ойлаған түпкі ниеті мен мазмұнына лайықты маңыз береді. Атақты педагог А.П.Усова былай деп атап көрсетті: «Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру-оларды тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиенің тиімді процесі ойын және ойынның өзара қарым-қатынастары формаларында жүзеге асырылатын себебі сол, бала мұнда өмір сүруді үйренбейді, өз өмірімен тіршілік етеді».
Бала әрқашан, барлық жерде-бала. Бала үшін ойын ол өз тәжірибесін, өмірі мен адамдар туралы түсініктерін тексеріп, зерделейтін эксперименттік алаң ғана емес, сонымен қатар, бала үшін ойын үлкен әлем, үлкендер араласпайтын, ол өзі қалаған нәрсесін жасай алатын оның өзінің жеке, тәуелсіз таңғажайып әлемі.
Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді, көңіл көтертеді, демалдырады, сонымен қатар, ол сықақтап, күлдіріп, кез-келген әлеуметтік, мәртебенің шартты екендігін көрсетеді. Ойындардың мазмұны-адам өміріндегі таусылмайтын жағдайлар мен тақырыптар. Баланы ойын тәжірибесінен құр қалдыру-бұл баланы тек балалықтан ғана емес, сонымен қатар, дамып, жетілудің негізгі көздері: өмірде қажет болатын тәжірибеден, әлеуметтік қатынастар сипаттарынан, ұжымдық қатынастардан, өзін-өзі зерттеуден, әлемді тануға қызығушылық процесін қозғаудан құр қалдыру деген сөз. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, таным белсенділігі артып, игерген білім машықтарының негізінде бір сюжетке орай басты кейіпкерлерге еліктеуі, ойын ойнауға өзіне серік тауып алуы, онымен шынайы қарым-қатынас орната отырып, таңдап алған рөлдеріне деген жауапкершілігі арта түсіп, қиялындағы мүмкіндіктерін байқап көруге жағдай жасайды.