Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жетісу жұрты жәрдемдесті


6 августа 2021, 06:30 | 1 382 просмотра



Жаз басталғалы, елімізде қуаңшылық басталды. Табиғи апаттың үлкен зардабын еліміздің батыс бөлігі мен Сыр бойының халқы сезінуде. Ата кәсіп бұл өңірде әбден тұралап тұр. Себебі, төрт түлік азық ететін шөп жоқ. Шөп шығар аспаннан қылтанақ жаумаған. Соның салдарынан бұл өңірлердегі шаруалар әбден зардап шегуде. «Көп түкірсе көл» деген шалғайда жатқан отандастарымызға жәрдемдесуге жер-жерден қол біріктірілуде. Шөбі шүйгін, оты қалың өңірлерден қуаңшылық жайлаған аймақтарға вагон-вагон жем-шөп жеткізілуде.

Жалпы жеті өзеннің арнасынан нәр алған жерұйық мекен Жетісудан қуаңшылық жайлаған өңірлерге 146 тонна жем-шөп жөнелтілген. Батысқа аттанған қайырымдылық керуенімен 73 тоннадан астам шөп, 73тоннадай жем және ақшалай көмек жолданған. Биыл құрғақшылық батыстағы шаруаларды әбден қыспаққа алып отырғандығы анық. Малға беретін жем-шөптің жоқтығын айтып, халықтан көмек сұраған шаруалардың назын жетісулықтар назардан тыс қалдырмады. Алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған кәсіпкер Алмасбек Садырбаев «Маңғыстауға көмек» қорын ашты. Бүгінде бүкіл Қазақстан халқы жұмылып, 7 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Жиналған қаражатқа 60 тонна шөп, 68 тонна бидай сатып алынған.
- Қуаңшылық жайлаған өңірлердегі бауырларымыздың жағдайын естіп мен бірден көмек беруге кірістік. «Шопан ата» қауымдастығының қайырымдылық қорына және менің жеке шотыма қаражат жинап жатырмыз. Бүгінде жиналған қаражаттың барлығына тиісті жем-шөп алынды. Жиналған жем-шөп, қаражат батыста құрылған 6 кооперативке жеткізілуде,- деді Алмасбек Садырбаев өз сөзінде.
Қазақ халқының әу бастан қалыптасқан дағдысы бар, қиналғанға жәрдемдесу, сүрінгенге сүйеу болу деген. Сол үрдіс қазір де қалыс қалған жоқ. Оған сан мәрте көз жеткізіп те жүрміз. Арыстағы алапат жарылыста да, Мақтаралдағы су апатында да күллі қазақ жері жұмылған жұдырықтай жинала қойып, жәрдемін аямады. Кешегі пандемияның өзінде жер-жерде қайырымдылық шаралары әлсін-әлсін бой көрсетті. Бұл жолы да Шелек тұрғындары жабыла жүріп, әр үй бір-екі түк шөпті тасып, жиып, аз күнде шөптен тау тұрғызған. Таудай шөптер вагондарға тиеліп Шелектегі стансадан Шетпеге бой түзеді. Шыны керек, тиелген жемшөп зардап шеккен аймаққа ойдағыдай жетіп, ондағы ағайындарға теңдей таратылуы керек. Осы жұмыстарды қадағалау үшін Шелек өңірінен бес адам сайланып, Маңғыстауға жол тартқан.
Мұндай қайырымдылық шараларына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, кино майталмандары, өнер жұлдыздары да атсалысып жүр екен. Солардың қатарында Бақыт Тушаев та бар. Атпал азамат Жаңашаруа ауылында басталған қайырлы іске белсене араласып жүр екен.
- Алыстағы ағайынның малы қырылып, жаны қиналып жатқанда үнсіз отыра алмадық. Сыныптасым, белгілі заңгер Қазыбек Дәуітәлі екеуміз жерлестерімізді қайырымдылық ісіне шақырдық. Бұл бастаманы өзге ауылдардың азаматтары қолдап әкетті. Бүгін, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жем-шөп вагондарға тиеліп жатыр. Осының бәрі ағайындардың ынтымағы мен тату тірлігінің арқасы, - дейді Бақыт Тушаев өз сөзінде.
Шыны керек, қос өңірдегі қуаншылықтың жайын айтып, шаруалардың жағдайына болысып жүргендердің бірі «Шопан ата» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев. Дара тұлға Еңбекшіқазақ ауданында ұйымдастырылған қайырымдылық шараға жұрттың бәрі бір адамдай кіріскеніне разылығын да білдірді.
- Менің таңғалатыным, бұл жерде диқандар емес, шаруалар емес, ауылдағы әрбір үйдің тұрғындары бір-екі түк шөптен жинаған. Біреуі бір қап кебегін берсе, екіншісі бір шелек жемін тасыған. Нәтижесінде жемшөптің тау болып үйілгенін көзіміз көріп отыр, – деді Алмасбек Садырбаев өз сөзінде.
Жетісу өңірінде қайырымдылық шара мұнымен тоқтап қалмайды. Жастар мен белсенділер қазірдің өзінде қарқынды қам жасауда. Бастысы, жетісулықтар баба салт салған дәстүрге сай, шалғайдағы отандастарымыздың қиналмауы үшін барын салып бағады.

 

Автор:
М.Мақсым.