Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамытудың жаңа бағдары


24 августа 2021, 07:09 | 759 просмотров



Білім саласының жаңа бір парағы жаңа оқу жылы да өзінің ерекшеліктерімен басталғалы тұр. Ең бастысы, дәстүрлі оқу форматына қайта көшетініміз. Онлайн оқудың да өз артықшылықтары мен кемшін тұстары болғаны белгілі. Әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жандандыратыны қуантады. Өйткені, ондай ұйым баланың дамуынан бұрын әр ата-анаға көмек екені сөзсіз. Осыған сәйкес үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламасы да қолданыста болады.

Бүгінгі заманның негізгі талаптарының бірі - бала шығармашылығының бастауын, қайнар көзін ашып, оны тұлғалық тұғырға көтеру. Міне, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру аясында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің негізгі басым бағыттың бірі осы болмақ.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы білім беру процесіне қатысушылар үшін 2021-2022 оқу жылына арналған негізгі міндеттер белгіленді. Олар әр баланың жеке қабілеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып, дамытушы қауіпсіз білім беру ортасын, оның ішінде инклюзивті орта құру; қызықты ойын түрінде балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту (шаршауды болдырмау үшін); баланы білім беру процесіне толыққанды қатысушы (субъектісі) деп тану; ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларға қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру; мектепте оқуға қажетті дағдыларды жетілдіру.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту және жетілдіру - барлық  үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы. Сондықтан бұл еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы орайда мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болды. Оқытудың парагидмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Міне осыған байланысты тәрбиешілер алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және жаңа технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеттелді. Сондай-ақ, төмендегі келесі бағыттарды қамтиды.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы. Яғни балаға үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сыни тұрғыдан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, бақылау, саралау, баламен жеке, топтық, ұжымдық жұмыс жасай білу, оның ішінде инклюзивті орта құру; қызықты ойын түрінде балаларды тәрбиелеу. Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында мектепке дейінгі мекемелердің 98  тәрбиешісі жаңартылған білім беру курстарынан өтіп, оқыту мен тәрбиелеуді сол бағытта жүргізіп, жоспарлауда.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің оң тенденциялары: мектепке дейінгі біліммен қамтылған 1 жастан 6 (7) жасқа дейінгі балалар санының көбеюі; соңғы 3 жыл ішінде балабақшаларға кезектіліктің болмауы. Қазіргі уақытта балабақшаға кезекке тұру E-Zhetysu.kz электрондық кезектің жұмыс істеу принциптері бойынша жүзеге асырылуда.

Аталған электрондық кезектің артықшылықтарына тоқталар болсақ:

- портал ата-аналарға өз бетінше өтініш беріп, жолдаманы алуға мүмкіндік береді;

- жүйе қорғанысы блокчейн технологиясының көмегімен жасалған, бұл кезекті өзгертуге жол бермейді;

- порталдағы ақпараттың ашықтығы сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді;

- ақпараттың қол жетімділігі және ашықтығы (мектепке дейінгі ұйымдардағы бос орындар мен кезектер қозғалысы туралы ақпаратқа қол жеткізу).

Бұл қызметті ата-ана үйден шықпай ала алады немесе мектепке дейінгі мекемелерде ұйымдастырылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында алуына жағдай жасалған.

Сонымен қатар балабақшалада ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс жасауда.

Елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты карантиндік шаралар кезінде мекемелердің барлық білім беру, тәрбие қызметі қашықтан оқыту режиміне көшірілді. Осыған байланысты балабақшаларда кезекші топтар құрылды. Балаларын үй жағдайында қарауға мүмкіндігі бар ата-аналар үшін педагогтар өз кезегінде онлайн режимде балалардың ойын, зерттеу және шығармашылық қызметін қалай жақсы ұйымдастыру керектігі туралы кеңестер беріп, шеберлік сағаттарын, танымдық іс-шаралар өткізді. Әр күнге тақырыпқа сәйкес бейне сабақтар, тапсырмалар жасалып, ватсап әлеуметтік желісі арқылы балаларға беріліп отырды. Атап айтқанда 1368 видеосабақ өткізіліп, оған 84 педагог жұмылдырылды. Өз кезегінде балалар бейне сабақты тамашалап, тапсырмаларды орындап, кері байланыс орнатуға машықтанды.

Бұл жұмыстың басты мақсаты - мектепке барар бүлдіршіндердің оқу процесін толық меңгеруіне атсалысу, тақырыптарды балаларға меңгерту.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаламыздағы мектепке дейінгі мекемелердің 254 педагогі цифрлық сауаттылық курсына қатысып, сертификатқа ие болды.

Алматы облысы көлемінде инновациялық технологияларды зерттеу, іс-тәжірибеде қолдану және тарату бойынша №3, 7, 8, 12, 45 балабақша инновациялық орталық болса, №2 және №11 балабақша инклюзивті білім беру жүйесімен ерекшеленеді.

Кез келген іс нәтижесімен құнды болатыны анық. 2020-2021 оқу жылы балабақшалардың табыс қоржыны біршама жетістіктермен толықты.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына  мамандардың жұмысына озық тәжірибені енгізуді жандандыру, заманауи технологияларды қолдану және инновациялық қызметті жүргізу арқылы мектепке дейінгі білім беру сапасының деңгейін арттыруға бағыттау міндеттерін қойып отыр.

Қазіргі таңда қала балабақшаларының әрқайсысының өзіндік жолы, жұмыс алгоритімін құрудың өзіндік сипаты қалыптасқан. Соған байланысты мектепке дейінгі ұйымдардың алдындағы жауапкершілікті толық орындай отырып, жұмысымыздың нәтижелілігін арттыру, балаларды оқыту мен тәрбиелеу ісі басты бағыттың бірі болмақ.

Жаңа оқу жылы қарсаңында әріптестеріме педагогикалық жеңіс, мықты денсаулық, талантты тәрбиеленушілер, жеке және кәсіби өсу тілеймін!

Автор:
Ж.А.Тазабекова, №4 ясли-бақша меңгеруші, Талдықорған қаласы