Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Инновациялар: идеядан –іске!


24 августа 2021, 09:06 | 736 просмотров



Бүгінгі заманның қарыштап дамуына байланысты, біздің күнделікті тыныс-тіршілігіміз өзгеріп, көптеген қалыпты істеріміз, әдеттеріміз де соған сәйкес өзгергенін байқаймыз.   Бұл әрине, біздің негізгі еңбек күш- жігермізді арнайтын – білім саласына да тікелей байланысты болып отыр. Жаңа дәуірдің балалары біздің көз алдымызда қалыптасуда, қоғамның талабы өзгерген сайын білім берудің де тенденциялары өзгеруде. Осыған орай, педагогтерге деген талап күшейді, бәсекеге қабілеттілік артты. Бұл  әсіресе, былтырғы  оқу жылының қашықтан оқуға ауысуымен байланысты болды. Өз кезегінде менің әріптестерім тез арада жаңа жағдайда білім беруге мобильді түрде икемделе бастады.

Дегенмен қашықтан оқыту біз үшін үлкен сын болғанын да жасыра алмаймыз. Әр мұғалімнің заман ағымына сай цифрлық сауаттылығы мен ІТ құзыреттілігі сыналды. Осы орайда әр педагог өзінің оқытуында заманауи білім беру платформаларының маңызын жете түсінді деп ойлаймын.  Бүгінгі мектептегі әр мұғалімге бір әдіскер деген ескі көзқарас артта қалып, әр мұғалім өз басына әдіскер, стратег, новатор болуы керек деген ұғым қалыптасуда. Бүгінгі күннің педагогі – білімнің дәнекері ғана емес, сол процесті ұйымдастырушы, қиындықтарды анықтаушы,бағамдаушы рөліне ауысты. Осы орайда әр мұғалім өз тәжірибесіне білім берудің жаңа озық технологияларын және оқытудың үздік инновацияларын енгізуді бастады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мен оқу мен оқытудың инновациялық тәсілдерін өз тәжірибемнен өткізіп, авторлық  құралдар жазудамын. Ұлы Абай шығармаларын жоғары сыныпта оқытудың жаңа жолдарын қарастырып, «Абай шығармаларын Кейс технологиясы негізінде оқыту» деп аталатын практикалық зерттеу жүргіздім. Мектеп әдіскері ретінде мұғалімдерге пәнді оқыту әдістемесін тереңірек меңгеруге  қолдау көрсету керектігін түсіндім. Осы ойымды жүзеге асыру үшін  бес жылғы зерттеу тәжірибемді жинақтап, мектептің даму жоспарына «Сабақты зерттеу» тәсілін толық ендіруді көздейтін «Сабақты зерттеу: мектептегі әдістемелік жұмыстың жаңа матрицасы ретінде»  әдістемелік құралын жаздым. Тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде мен республикалық «Үздік педагог-2020» байқауының грант иегері атандым. Бұл атақ маған одан әрі шыңдалуға, ары қарай өз - өзімді дамытуға себеп болды. Үздік педагог ретінде ұлы ойшыл, ғұлама ғалым әл –Фарабидың «Қайырымды қала тұрғындары» философиялық трактаты негізінде мұғалімдер мен оқушыларға арналған «IDEAL - мектеп» жобасын жасадым. Республикалық «Үздік педагог: Әлемге жүрегіңді аш» форумында жобамды таныстырып, қолдау таптым.  Ендігі мақсатым – осы жобаны облыс, республика көлеміне тарату. Менің негізгі идеям – әр қала, әр мектеп ұстаздары өз даму нүктесінен бастау алатын тың инновациялық жобаларды жасап, тәжірибеге ендірсе.  Әр ұстаз өз мектебінің қозғаушы күшіне айналса.

«Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деп ақын М. Шаханов айтқандай, жетістікке жетудің формуласы мен үшін қарапайым: терең білім мен талмайтын талап және асқақ арман. Осы күннің үздік педагогі болу үшін жақсы ұстаз болу ғана аздық етеді. Ол үшін бүгінгі білім беру философиясын терең түсініп, «үйрете жүріп өзі де үйренетін», үздіксіз білім алуда табандылық танытатын  ұстаз ғана табысты болары анық.

Еңбек жолымды Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясынан бастадым.  Жас маманға тән қобалжу, тәжірибелі ұстаздардың жанында еріксіз пайда болатын өзіңе деген сенімсіздік, кейде тіпті мұғалім болу қорқынышы бойымды билеп, санамды сансыратқаны рас. Уақыт өте келе жаңа ортаға бейімделіп, оқушылар мен ата –аналардың алғысын, әріптестеріңнің мақтауын естігенде жаңадан күш-жігер пайда болып, барлық қорқыныш пен бастапқы кездегі үрей сейіліп, мамандығыма деген махаббатым арта берді. Осылайша ұстаздықтың алғашқы сатыларын сенімді басып, тиянақты тәжірибе жинақтадым. Оқушыларымды түрлі шығармашылық байқауларға дайындап, алғашқы жетістіктерімді көре бастадым. Заман ағымына сай өзгерістер менің де білім ордама ене бастады. Мектеп әдіскері менің оқу мен оқытуға деген қызығушылығымды байқап, Талдықорған қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығынан деңгейлік бағдарламалар бойынша курс өтуіме ұсыныс білдірді. Жаңашылдыққа жаны құмар педагог ретінде бұл  ұсынысты зор қуанышпен қабыл алдым. Міне, дәл осы қадам менің ұстаздық жолымның жаңа белесі болды десем артық айтқандық емес. Деңгейлік курс оқу барысында сындарлы оқыту теориясының  қыр-сырын меңгеріп, тренер тарапынан зор қолдау көрдім. Бұл курстан менің ең ұтқан тұсым – педагогикалық ұстанымым мен оқу мен оқытуға көзқарасымның өзгергені еді. Курсты сәтті аяқтап, сертификат иелендім. Мектепке келгенде жаңаша оқыту стилімнің қалыптасқанын ең әуелі оқушыларым мен әріптестерім байқады. Көптеген қалалық, облыстық практикалық семинарларда «Сабақты зерттеу» тәсілі бойынша  тәжірибе таратып, үздіксіз даму мен ізденіс үстінде болдым. Сол уақыт аралығында менің оқушыларым қалалық, облыстық олимпиадаларда, байқауларда топ жарып жатса, өзім де кәсіби маман ретінде шыңдалып, «Жыл мұғалімі» сынды кәсіби байқау жүлдегері атанып, нағыз ұстаз бақытын сезініп жүрген кездерім болды.  Арада бір жыл уақыт өтті. Бір күні тренерім телефон шалып, сізге қазір Талдықорған қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры хабараласып бір ұсыныс айтады деді. Сол кезде еліміздің білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болып, орта білім беру мазмұны жаңарады деген жаңалықтар ұстаздар арасында кеңінен тарап жатты. Осы жаңару жаршысы ретінде маған ПШО тарапынан қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің тренері болу ұсынысы түсті. Мен жай ғана қуанып кеттім десем ештеңе айтпаған болармын!  «Мұғалімнің мұғалімі» деген абыройлы атақ 27 жастағы 5 жыл тәжірибесі  бар жас ұстаз үшін бір қуаныш, бір қорқыныш еді. Алайда маған артылған сенім мен жүктелген міндетті бар ынтаммен алып шығуға өз-өзіме серт бердім. Себебі бұл мен үшін жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктердің кілті сияқты көрінді. Астана қаласына алғаш келуім де осы курспен байланысты болды. Жаңа қалада жаңа бағдарламаны игеруге бар ықыласыммен кірістім. Тәжірибелі тренерлермен қатар оқыдым. Оқушы мен мұғалімді оқытудың бөлек әдістемесін зерделеу мен үшін өте қызық болды. Бұл, сөзсіз, менің тәжірибемнің ең шыңдалған тұсы еді. Елге оралып, жазғы демалыс кезінде бар үйренгенімді, білгенімді  облысымыздың ұстаздарымен бөлісуге асықтым. Бұл үдеріс нағыз ұстаздардың «әдістемелік шеберханасына» айналды. 2015 жылдан бері ПШО-ның тәуелсіз тренері ретінде қала, облыс педагогтерін оқытып, талай ұстаз-әріптестерімнің алғысына бөлендім. Мектептегі ұстаздық қызметім қатар жүріп жатты. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік орынбасары болғанымда маған тренерлік дағдыларым көп септігін тигізді.  Тәжірибе алмасуға сонау аудандардан, аймақтардан арнайы іздеп келген әріптестерімді көргенде «Бұл мамандықты бекер таңдамаған екенмін –ау» деген мақтаныш сезімі жүрегіме ұялады.

Өз тәжірибемде зерттеуге көп мән беремін.  Басты приоритетім – «Сабақты зерттеу» тәсілі. Бес жылғы зерттеу тәжірибемді жинақтап, мектептің даму жоспарына аталған тәсілді толық ендіруді көздейтін «Сабақты зерттеу: мектептегі әдістемелік жұмыстың жаңа матрицасы ретінде» аталатын әдістемелік құралым жарық көрді. Тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде мен республикалық «Үздік педагог-2020» байқауының грант иегері атандым. Бұл атақ маған одан әрі шыңдалуға, ары қарай өз - өзімді дамытуға себеп болды. Үздік педагог ретінде ұлы ойшыл, ғұлама ғалым әл –Фарабидың «Қайырымды қала тұрғындары» философиялық трактаты негізінде «IDEAL - мектеп» жобасын жасадым. Жоба мектеп көлемінде жүзеге асырылуда. Ендігі мақсатым – осы жобамды облыс, республиа көлемінде тарату.

«Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деп ақын М. Шаханов айтқандай, жетістікке жетудің формуласы мен үшін қарапайым: терең білім мен талмайтын талап, ниет және асқақ арман. Осы күннің үздік педагогі болу үшін жақсы ұстаз болу ғана аздық етеді. Ол үшін бүгінгі білім беру философиясын терең түсініп, «үйрете жүріп өзі де үйренетін», үздіксіз білім алуды бойтұмар еткен ұстаз ғана табысты болары анық!

Автор:
Индира Байгожина, 28 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, Талдықорған қаласы