Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Оқуға құштар мектеп» жобасының оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдірудегі рөлі


24 августа 2021, 09:22 | 6 003 просмотра



Республикалық  «Жол картасы»  жобасының негізінде  Мемлекет  басшысының  тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынғандығы баршамызға аян. «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектеп жасындағы балалардың кітапқа құмарлығын оятумен қатар, танымдық-мәдени дамуына жол ашады.  Сол мақсатқа жету жолында жас оқырмандар алдына бірнеше міндеттерді жүктейді. Ол оқушыларды оқу мәдениетіне тәрбиелеу, кітапқа деген құрмет пен сүйіспеншілігін қалыптастыру, ең бастысы кітапты оқуға құштарлығын шыңдау болып табылады. Оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру жолында көркем әдебиетті оқу арқылы тіл тазалығын сақтап, ұлттық тәрбиеге деген қызығушылығын ояту  басты нысана болары белгілі.  Аталмыш акция аясында Талдықорған қаласы бойынша  білім бөлімінің ұйымдастыруымен облыс көлемінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының шымылдығын  «Жаңа кітап – жаңа әлем» атты семинар ашты. Ол шараның №7 орта мектеп ғимаратында өтуі тегін емес. Себебі, қала мектептерінің арасында алғашқылардың бірі болып «Оқуға құштар мектеп» жобасына қолдау танытқан №7 орта мектеп ұжымы болатын. Бұл жиынның басты мақсаты көркем-әдеби шығармаларды насихаттап, балалардың кітапқа құштарлығын арттырумен қатар, функционалдық сауаттылық шараларын меңгерту болды.         Оқу жылының басында жоба бойынша мектептің жұмыс жоспары бекітілді. Жоспар бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып,  іс-шараға оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер жұмылдырылды. Мысалы, ата-аналармен  "Отбасымен бірге кітап оқу" челленджі ұйымдастырылып, ата-аналар оқушылармен бірге көркем шығармаларды оқып,  ой-түйіндерімен бөлісті.

Бүгінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай-30 кітап мектеп кітапханасында электронды қабырға бұрышы, кітап көрмесі дайындалып, іс-шаралар жыл бойы үздіксіз өткізіліп келеді. Арнайы кітапхана қорына енгізілген көркем-әдеби шығармалардың авторлары, яғни, биылғы мерейтойлары атап өтілген Абай, Ілияс Жансүгіров, Мұқағали Мақатаев тағы да басқа ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жайлы кештер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, оқушылар мен ата-аналар арасында көркем- әдеби шығарманы оқу, мазмұнын меңгеру, әңгімелеу, саралауға байланысты байқаулар өткізіліп, видео презентациялары желілерде жарияланып, көпшілік назарына ұсынылды. «Оқуға құштар мектеп» акциясы аясында Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай кітапхана мен мектептің қазақ тілі мұғалімдері ұйымдастырған Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени  және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен онлайн кездесу өткізілді.  «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деген тақырыпта өткен шарада қалтқысыз қызмет көрсеткен мәдени орталық ұжымына алғыс білдіре отырып, артында өлмейтін мұра қалдырған Ұлы ақын шығармашылығын, өмір тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік туғызған мұражай қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Шараға қатысушы жоғары сынып оқушылары Абай өмірі мен шығармашылығын, өскен ортасы мен қалыптасқан кезеңімен жан-жақты танысып, бала бойына рухани патриоттық сезім ұялата білген  білікті мамандар шеберлігіне тәнті болды.

Бұл онлайн кездесуден шабыттанған мектеп тарихшылары мен кітапханашылар ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы қарсаңында Қарасазда орналасқан әдеби-мемориалды мұражайымен елдегі эпидахуалға байланысты қашықтықтан кездесу өткізді, Кездесу барысында шәкірттеріміз асыл қазына, құнды байлығымыз қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали мұрасының насихатталумен, жас ұрпақ санасына қастерлі құндылықтарды сіңіру жолында асқан шеберлікпен жазылған өлең-жырларының тарихымен, ақынның адами болмысын жақын тануға мүмкіндік алды. Өздері де шабыттанып өлең оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді әуелетіп шырқап жігерленді. Оқушылар бойынан лирик ақынға деген үлкен құрмет, рухына тағзым, шығармашылығына сүйіспеншілік байқалды.

Кезекті тағылымды шараның бірі Жыр алыбы-Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай  Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы  музей  қызметкерлерімен бірге мектеп әкімшілігі, кітапхана қызметкерлері «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты тақырыпта онлайн кездесу ұйымдастырды. Іс-шарада «оқуға құштар» оқушылармен музейге саяхаттап ақынның «тал бесіктен жер бесікке» дейінгі өмірі мен тұрмыс тіршілігімен танысты. Мұражайлармен өткен  кездесулерден түйгеніміз, оқушыларымыз өмірде құнды жәдігерлердің қорға алыну себептері мен құндылығы, сақталу мерзімінің ұзақтығы да маңызды екендігін сезінді. Әрбір мұражайда орналасқан жәдігерлер қоғамдық – әлеуметтік, тарихи, ғылыми құндылығы еліміздің мәдени мұрасы болып табылатындығын өскелең ұрпақ ұмытпағаны абзал.

Жоба барысында жүргізілген кез келген шара баланың кітап оқуға қызығушылығын арттырумен қатар, рухани құндылығымызды, тарихи деректерімізді өскелең ұрпақ бойына дарытып, патриоттық рухын ояту болып табылады. Келген жаңа оқу жылында да акция жалғасын табатындығына, ауқымды қамтылуына атсалысатын боламыз.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауға болады деген екен. Ендеше, тұлға болу үшін кітаппен дос болу керек.

Автор:
Ж.Н.Нурлыбаева, «К.Ушинский атындағы №7 орта мектеп» КММ директоры, Талдықорған қаласы