Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жаңа оқу жылына жаңа міндеттер жүктейді


24 августа 2021, 09:28 | 1 542 просмотра



Биылғы жылы педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесінде қашықтықтан оқытудан дәстүрлі форматқа көшу, оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету, педагогикалық білім беруді жаңғырту мәселелері талқыланып, білім беру жүйесін дамытудағы басым бағыттар мен сапалы перспективалар белгіленетін болады.

Бұл  дәстүрлі  бас  қосу Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен ұлт ұстазы  Ыбырай  Алтынсариннің  180  жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Айтулы даталардың символдық мәні  әрбір  ұстаздың  сапалы білім  беру жолында  бойтұмарына айналады деп сенемін.

2020–2021 оқу жылы әлем елдерімен қоса елімізге келген қауіпті індеттен сақтану мақсатында қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн және оффлайн оқыту форматтарында өткені белгілі. Бұл мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылар үшін де үлкен сынақ болды. Оқушылар мен педагогтар жұмыс тәртібін жаңаша қайта құруға мәжбүр болды. Педагогтердің, оқушылар мен ата-аналардың бірлескен күш-жігерінің арқасында біз білім берудің барлық деңгейлерінде оқу процесін табысты жүргіздік. Осы орайда қала педагогтері мен ата-аналар қауымына ортақ іске қолдау көрсетумен бірге сабырлы ұстаныммен түсіністік танытқандары үшін айрықша алғыс айтамын.

Құрметті әріптестер! Бүгінгі күні қаламыздағы жалпы білім беретін 25 мектепте барлығы – 31515 оқушы сапалы білім мен тәлімді тәрбие алуда. олардың 5559-ы өткен оқу жылын үздіктер қатарында аяқтаса, 12409-ы екпінділер қатарында болды. Негізгі орта мектеп 9 сыныпты бітіруші 2386 оқушының 191-і ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. 11 сыныпты бітірген 1252 түлектің 88–і «Алтын белгі» төсбелгісін ие болды, 32 түлегіміз «Үздік аттестат» иегері атанды. Бітіруші түлектердің 1055-і ҰБТ-ге қатысты. Қала бойынша ең жоғары балл – 138 болса, білім сапасы – 64,3 пайызды құрады.

Өткен 2020–2021 оқу жылындағы білім алушылардың білім сапасын ескере отырып, жаңа оқу жылындағы оқу процесін ұйымдастыру кезінде мектеп  оқушыларының  білімдеріндегі  олқылықтардың орнын  толтыру,  оларды  оқу процесіне бейімдеу,  сондай-ақ оқыту мен тәрбиелеу үшін қолайлы  жағдайлар  жасау жоспарлануда. Жаңа оқу жылында оқу жетістіктерін сырттай бағалау бастауыш, негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың базалық білімін тексеруге бағытталған бағалаудың жаңа моделі – білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингімен (бұдан әрі – ББЖМ) ауыстырылады. 4 және 9 сыныптар үшін ББЖМ МЖМБС талаптарына сәйкес білім алушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін, білім мен дағдыларды, аналитикалық, логикалық ойлау қабілеттерін анықтау үшін өткізіледі.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы аясында жас ұрпаққа  экологиялық тәрбие беруде кешенді шараларды іске асыру бастау алды. Мектептердің дайындығына (кадрлық, ресурстық және т.б.) байланысты вариативтік компонент сағаттарының есебінен «Жаһандық құзыреттіліктер» курсын таңдауға немесе басқа да элективті курстарды өткізу ұсынылады. Аталған курс білім алушылардың  XXI  ғасырға қажетті дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді, ал оқу жылы аяқталысымен «Жазғы мектеп – 2022»  бағдарламасы іске асырылатын болады.

Білім беру саласында маңызды рөл мұғалімге тиесілі екендігі белгілі. Қазіргі таңда мемлекетіміз білім беру саласында бұрын-соңды болмаған қолдау шараларын жүргізуде. Білікті ұстаз білімді шәкірт тәрбиелейді.

Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Білім көтеру – бүгінгі күннің басты талабы. Мұғалімдердің жаппай кәсіби біліктілігін арттыруы мен әдістемелік сүйемелдеуге баса назар аударылуда. Соның бірі  «Өрлеу»  біліктілікті  арттыру  ұлттық  орталығы мен Педагогтердің шеберлік орталығында 895 педагог кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Қала педагогтерінің  сапалық құрамы мен біліктілік санаттары да жылдан-жылға артуда. Білім беру ұйымдарында 2607 педагог қызмет етсе, олардың  96 пайызы жоғары білімді. Мектептердің педагог мамандармен қамтылу 99,4 пайыз құрайды.  Барлық педагогтардың 1932-сі, яғни 70 пайызы жаңа форматта аттестаттаудан өтті. Жаңа оқу жылында педагогтерге біліктілік санаттарын беру тәртібі де өзгерді. Аттестаттау қорытындысы бойынша педагогтер педагогикалық зертхана үшін 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде, білім беру мекемелері басшылары мен басшылардың орынбасарлары үшін – 30 пайыздан 100 пайызға дейін лауазымдық жалақыдан қосымша ақы ұсынылады. Тағы бір маңызды мәселе: мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады. Конкурстық негізде жұмысқа қабылдау үшін күнтізбелік жылға конкурстық комиссия құрылады. Бұл шаралар педагогтер мен менеджерлердің кадрлық әлеуетін жақсартуға ықпал етеді.

Білім беру жүйесінің негізін  мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдары құрайды. Балабақша – тәрбие бастауы, өйткені баланың  әлеуметтік және шығармашылық  базалық қабілеті осы кезеңде дамиды. 2020–2021 оқу жылы қала бойынша – 66 мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет атқарды (оның 16-ы мемлекеттік, 42-сі жекеменшік, 8-і мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар). Биылғы оқу жылын мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде  жаңартылған білім беру бағдарламасын сапалы және тиімді, жүйелі енгізу жалғасатын болады. Жақында өткен республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт әзірленіп, үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралып жатыр. Жаз айларында балалардың мектепалды даярлығы күшейтіледі, сауаттылық және математика бойынша оқытуға ерекше назар аударылады «Балаларды ерте дамыту» мәселесі біз үшін ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі. Бұған қатысты үкімет қаулысы қабылданды» – деген болатын. Сонымен қатар,  мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру қажеттіліктері ерекше балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін жағдай жасау өзекті мәселенің бірі болып отыр. Инклюзивті білім беру үшін 16 мемлекеттік балабақшаның барлығында 160 бала қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа оқу жылында әлеуметтік осал топтардағы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінетін болады.

Тұлғаны жан-жақты тәрбиелеуде қосымша білім беру мекемелерінің де үлесі зор. Қосымша білім беру балалардың қоғамдағы өмірге бейімделуі, олардың кәсіби бағдарлануы, сондай-ақ, ерекше қабілеттерін көрсеткен балаларды анықтау және қолдау үшін жағдай жасайды. Қаладағы 5 қосымша білім беру ұйымындағы  әр түрлі бағыттағы  үйірмелерге   2230  бала тартылған. Өткен оқу жылында пандемия жағдайына қарамастан  жеткіншектердің танымдық және шығармашылық мотивациясын дамытуда, рухани-әлеуметтік, моральдық тұрғыда дамуына ықпал ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарды.

Жаңа оқу жылына қосымша білім беру саласында да бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Алдағы оқу жылы заңнамалар аясында қосымша білім беру мекемелері де мектептен тыс уақытта қоғамның, оқушылардың мүддесін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында балалардың отбасынан, мектептен алған білім мен тәрбиесін жетілдіріп, солармен бірлесе отырып бір мақсатты талай игі істерді жүзеге асырады деп сенемін.

 2021 жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, оларға қолайлы жағдай жасау, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтерін құру,  білім  берілуіне  қажеттілігі  бар  балалар  санатын  кеңейту  мәселелері басты назарда болмақ. Өткен жылдары  бұл санатқа  тек  денсаулығына  байланысты  оқуда  қиындықтарға тап  болған  балалар  кірсе,  енді халықаралық  нормаларға  сәйкес әртүрлі экономикалық және әлеуметтік  жағдайлар  бойынша  оқуы қиын  балалар да  қосылды.  Мысалы,  мигранттардың, әлеуметтік  осал  отбасылардың балалары және  тағы  сол сияқтылар.

 «Тәрбиесіз  берілген  білім – адамзаттың  қас  жауы» екендігін айтқан  әлем  ұстазы  әл-Фараби бабамыздың  ойы  да  заманауи шарттармен сәйкес.  Өйткені  бүгінгі  күні  оқудың  сапасы берілген  білімнің  тереңдігімен ғана  емес,  оқушының  қоғам мен  қоршаған  ортаға  тигізген пайдасымен  де  өлшенеді.  Білім алушыларды тәрбиелеудің негізгі идеясы – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар болмақ. Еліміздің орта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласынан туындайтын міндеттерді іске асыру жағдайындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес негізгі сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Балалардың мүддесі үшін мектеп пен ата-аналар өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуы тиіс. Осы мақсатта «Ата-аналардың қонақ бөлмесі», «Директорлық сенбі», «Педагогикалық консилиум» жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда.

Қазіргі даму кезеңі  ақпараттық-коммуникациялық  технологияны  қолдана  білу,  цифрлық  сауаттылықты  қалыптастыру  дағдыларының  қажеттілігі мен өзектілігін еселеп арттырды.  Ұстаздар  да,  білім  алушылар  да қашықтан  оқыту  технологиясын меңгеріп,  оны  практикада  жедел түрде  пайдалана  білуге  дағдыланды.  Мұның  үстіне  оқытудың дәстүрлі  емес  бұл  жаңаша  формасы  оқу  процесінің  басты  екі тұлғасы – мұғалім мен білім алушыдан  біршама  жоғары  деңгейдегі  ақпараттық-коммуникациялық  сауаттылығын  талап  етіп қана  қоймай,  заманауи  цифрлық ресурстардың  шапшаңдығы,  жоғары  ғаламтор  байланысы  сияқты  мәселелер  де  жағдайды  күрделендіре түсті. Осыған қарамастан, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану сапалы білім алуға мүмкіндік береді, оқушылардың танымдық белсенділіктерінің дамуына оң әсерін тигізді.

Мектеп – баланың қалыптасуына әсер ететін білім ордасы ғана емес, сонымен қатар олардың өзара қарым-қатынас құрып, әлеуметтенуін қамтамасыз ететін құт мекен. Сондықтан  барша  әріптестеріме  айтарым:  рухани ұстазымыз  Абай  Құнанбайұлының  «Ұстаздық  еткен жалықпас,  үйретуден  балаға…»  деген  даналығын  өзіміздің  ұранымызға  айналдырайық.  Ұстаздық  –  бұл  жай  ғана  мамандық  емес, өмірлік  ұстаным екенін ұмытпайық! Жаңа заман педагогы рухани дамыған, әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрін меңгерген білікті маман, шығармашыл тұлға. Дәл осындай ұстаздар келешек ұрпақты кемел болашаққа жетелейтіні сөзсіз.

Құрметті  ұстаздар! Сіздерге  жаңа  оқу  жылында кәсіби  табыстар,  талапты да талантты оқушылар,  нәтижелі  үздік  көрсеткіштер  тілеймін!

Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай азамат болып өсуіне бойымызда бар күш-жігерімізді, білімімізді аямайық.

Автор:
Р.С. Барманова, Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы