Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Алматы облысының активі Мемлекет басшысының Жолдауын талқыланды


3 сентября 2021, 04:33 | 875 просмотров



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын Алматы облыстық әкімдігінің мәжіліс залында тыңдап, онда айтылған мәселелердің маңыздылығына тоқталған өңір активі Президент жүктеген міндеттер мен тапсырмалардың өзектілігін талқыланды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, департамент және басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ, селекторлық режимде қала мен аудан әкімдері қатысты.
облыс әкімі Амандық Баталов Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында көтерілген мәселелердің әрбір қазақстандық үшін қаншалықты маңызды екендігіне тоқталып, халық игілігіне бағытталғанын атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына баса назар аударды. Жолдауда халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар көрсетілген. Өңірде креативті индустрияны дамыту жөніндегі бағдарламаны жеке-жеке әзірлеу керек. Әрбір адамға жауапкершілікпен, бір үйлесімді командамен жұмыс істеу өте маңызды. Өйткені біздің ортақ мақсатымыз - өңір экономикасын дамыту және жетісулықтардың өмір сүру деңгейін арттыру, - деп атап өтті облыс әкімі.

Одан бөлек, аймақ басшысы Алматы облысына қатысты Жолдаудың басым бағыттарынан туындайтын міндеттерге тоқталып, жергілікті деңгейде жұмысты күшейту қажет мәселелерді атап өтті.

- Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау туралы айтты. Оның тиімді құралдарының бірі микрокредит беру болып табылады. Бірақ біз алынған қаражаттың мақсаты бойынша, яғни өз ісін ашуға пайдаланылатынын жергілікті жерлерде бақыламаймыз. Бұл мәселені шұғыл түрде назарға алу керек. Біз республика бойынша сервистік-дайындау орталықтарын құрудың жоғары нәтижелерімен ерекшеленеміз. Міне, уақыттың өзі жемшөп бағытында осындай СДО құру қажет екенін көрсетті. Ұсыныстарыңыз лайықты болса, қажетті қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, жер мәселесі, оның ішінде жайылымдық жерлердің берілуі мен бөлінуі тұрақты бақылауда. Осы жұмыста белсенді болыңыз. Тағы бір маңызды тапсырма - цифрландыруды дамыту, соның ішінде азаматтардың өтініштерін қарау мәселелері. Осыған байланысты «бір терезе» қағидаты бойынша бізде сервистік әкімдіктер жақсы жұмыс істейді. Сондықтан олардың әлеуетін барынша пайдаланған абзал. Мектептерді қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жаңа мектептер салу үшін жеке инвестициялар тарту мәселесі бойынша жұмыс істеу қажет. Бұл жұмыс бізде әлі толықтыруды қажет етеді. Дарынды балаларға көрсетілетін қолдау ерекше. Бұқаралық спортты дамыту бойынша жақсы нәтижелер бар. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста 13 дене шынықтыру сауықтыру орталығы салынды. Қазіргі уақытта тағы да сондай 4 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Пандемиямен күрес те басты назарда. Осыған байланысты вакцинация қарқынын күшейту қажет. Себебі адамдардың денсаулығы көбіне осыған байланысты. Облыс орталығын дамыту - бұл да басым тапсырмалардың бірі, мұнда барлығына барынша күш салу керек, - деді А. Баталов.

Соныме қатар аймақ басшысы көпбалалы аналарға көрсетілетін көмектің арқасында олар өз кәсіптерін ашып, жұмыспен қамтылғанына тоқталды. Оның жарқын дәлелі ретінде Талдықорған қаласында ашылған тігін цехын айтуға болады. Амандық Баталов осы бастаманы ары қарай жетілдіріп, бірте-бірте өндіріс көлемін арттыруға тапсырма жүктеді.

Мінберге кезекпен көтерілген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Сексенбай Шеңгелбаев, «Алматы бояулары» ЖШС-нің басшысы Римма Салықова, Талдықорған орталық бассейнінің директоры Мерей Сүйінов биылғы Жолдауда айтылған тақырыптардың көпшіліктің көкейін тербеп жүрген мәселелермен үндесетіндігін алға тартты.

Жиын соңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов орынбасарларына, қала және аудан әкімдеріне Президент Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға ба ғытталған тапсырмалар жүктеді.

- Біздің алдымызда маңызды әрі ауқымды міндеттер тұр. Оларды табысты іске асыру үшін жаңа тәсілдер, бастамашылдық және өзара қолдау қажет. Мемлекет басшысы атап өткендей, егер бірлігіміз бен келісімімізді сақтасақ, біз кез келген қиындықты еңсеріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Сондықтан депутаттарды, мемлекеттік қызметшілерді, барлық жетісулықтарды ортақ мүдде, маңызды құндылық төңірегінде бірігуге шақырамын. Соның нәтижесінде біз сенімді түрде алға баса аламыз, - деді А.Баталов.

Автор:
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі