Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АДАЛДЫҚ – АҚИҚАТТЫҢ АЙНАСЫ


10 сентября 2021, 03:41 | 1 072 просмотра



«Жетісу – адалдық алаңы» жобасының мақсаты – парасаттылық идеологиясын ілгерілете отырып, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Қаламызда адалдық, әділдік, парасаттылық ұстанымдарын насихаттау мақсатында ақпараттық-ағартушылық штабының жұмысы қайта жаңғырып, әр апта сайын мекеме басшыларының және қоғам белсенділері мен штаб мүшелерінің қатысуымен сұхбат ұйымдастырылады.
Өткен аптада Еңбек ардагері, білім беру саласының үздігі, Текелі қаласының Құрметті азаматы Сибирякова Наталья Николаевнамен және Қазақстан Республикасының туризм саласының Құрметті қызметкері, Текелі қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған туризм және өлкетану орталығының қосымша білім беру педагогы Саржевская Лариса Георгиевнамен адалдық пен парасаттылық ұстанымдары жайлы сұхбат өтті.
Тағылымы мол сұхбаттарда адамның адал өмір сүріп, әділ сөйлеуі, парасаттылық пен ізгілікті қалыптастыруда қандай тәрбиені негізге алуымыз қажеттілігі жайында кеңінен ой қозғалып, сұхбат қонақтары өз пікірлерімен бөлісті.
«Бірнеше жыл қаламыздағы №8 орта мектепті басқарып, жастарымызға тәлім-тәрбие бердім. Мен қызмет еткен білім ордасының жас өркендері әрдайым республикалық және облыстық байқауларда топ жарып жүлделі орын иеленетін. Өзімнің шәкірттерімді мақтан тұтамын. Олардың бойында патриоттық тәрбие мен адалдық қасиеттерін терең сіңірдік деген сенімдемін.
Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз» - деді білім беру саласының үздігі Наталья Николаевна.
Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені ол үшін адамгершілік тәрбиенің ең үлкені. Демек, жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға берер тәлімі мол болмақ. Шәкірт тәрбиелеп, қаламыздың туризм әлеуетіне өз үлесін қосып жүрген Лариса Георгиевна: «Мен елу жылдан астам туризм саласында қызмет етіп келемін. Туризм саласы мен шәкірттерім менің өмірімнің ажырамас бір бөлігі. Жастарызбен тікелей жұмыс атқарғандықтан оларға үнемі әдептілік, заңдылық, әділдік, рухани тұрақтылық сынды құндылықтарды дәріптеймін. Жас буынға осындай үгіт насихат жұмыстарын жүргізу арқылы бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алуға оны түбегейлі болдырмауға қарекет қыламыз» дейді.
Ақыл мен ой, ми қызметінің ең жоғарғы сатысы болса, парасат – рух танымының алғашқы баспалдағы. Еліміздің болашағын, яғни, жастарын парасаттылыққа тәрбиелей отырып, еліміздің рухының асқақтауына үлес қосуға біріге жұмыс істеуіміз қажет. Біреудің ақысын жемеуді, ала жібін аттамауды бала кезден санаға сіңіріп, қара қылды қақ жарған әділеттілікке, туралыққа баулыған халқымыздың ұлттық тәрбиесіне негізделген бүгінгі шаралардың нәтижелі болары анық. Біздің айқын құндылықтарымыз – әділдік, парасаттылық және сенім.

Автор:
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ.