Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлағатты отбасы - ұлт құндылығы


17 сентября 2021, 04:39 | 1 669 просмотров



Берекесі мен бірлігі жарасқан еліміздің уығы мықты болса, ғасырдан ғасырға жалғасқан тағылымды тарих көші де талай замандарды артқа тастары хақ. Бұл ретте өнегелі, өрісті отбасылар мен елдіктің тұтқасына айналған әулеттердің орны ерекше. Оларды жұртшылыққа таныту, өнегесін көпшілікке үлгі ету мақсатында жыл сайын отбасылық байқаулар өткізіліп келеді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Отбасы күні мейрамына орай «Берекелі шаңырақ» фестивалі аясында ұйымдастырылған облыстық жас отбасылар байқауында үздік нәтиже көрсеткен текелілік Иксановтар отбасы Бас жүлдені иеленді.
Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы «Қоғамдық келісім» орталығының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шараның басты мақсаты - ұлттық мәдениетті, тіл мен дәстүрді сақтау, қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру, өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу. Шараға облыстың аудан және қаладағы жас отбасылар қатысып, 4 кезең бойынша бақтарын сынаған.
Іріктеуден іркілмей өткен жерлестеріміз әр саланың тізгінін ұстаған. Отағасы Ердос Иксанов қоғамдық көлік жүргізуші болып қызмет етсе, отанасы Меруерт Иксанова №4 орта мектепте психолог мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Сондай-ақ ата дәстүрді жаңғыртып насихаттап жүрген жас отбасы асыл тұқымды ешкі өсірумен де айналысады.
«Мереке қарсаңында ұйымдастырылған отбасылар байқауында топ жарып, жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз. Отбасылық байқауға қатысқан қатысушылардың арасында кілең спортшылар мен ұстаздардың, дәрігерлер мен ісмерлердің әулеті бар. Қай-қайсысын алсақ та, достық пен сыйластықта өмір сүріп жатқан бұл отбасылардың көпке үлгі болары анық. Жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған отбасылардың дара жолын жалғастырып, отбасы құндылықтарын насихаттау басты мақсатымыз» - дейді отағасы Ердос Ибекенұлы.
Шара соңында қазылар алқасының төрағасы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Қоғамдық келісім» орталығы директорының міндетін атқарушы Жандос Байкамитов, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Несіпжамал Баймадиева және Сүйінбай атындағы музыкалық колледждің дәстүрлі ән бөлімінің оқытушысы, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Хармысов байқауға қатысқан барша жас отбасыларға ризашылықтарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін арнады.
«Отанды сүю отбасыдан басталады» десек, елге, жерге деген махаббат туған шаңырақта алған тәрбие, көрген өнеге, жүрегіне ұялатқан мейірімнен бастау алатынын ұмытпаған жөн. Ата-әженің тәлімін, әке-шешенің әдебін, ағайын, бауырдың ілтипатын көріп өскен бала жүрген ортасына да шуақ сыйлайды. Қазақ елінің әрбір отбасы бақ-дәулетті, өнегелі, мерейлі болса, егемендігіміздің де еңсесі биіктей түсері сөзсіз.

Автор:
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ