Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әлем өркениеті – информатика кілтінде


8 октября 2009, 06:25 | 4 397 просмотров



«Мұғалімдік міндетті дұрыс атқару үшін ең алдымен, өзі білімді болуы керек» // Ахмет Байтұрсынұлы

Еліміздегі өзгерістер, қайта жаңғырулар білім беру жүйесіне де айтулы реформалар мен жаңа мақсаттар әкелді. ХХІ ғасырда адамдар жаңа технологияның тасқынының куәгері болды. Компьютер мен интернет, жаңа байланыс құралдарын, жаңа материалдар мен қызмет көрсетулер, жаңа ғылыми жаңалықтар, осының бәрі оқушылардың ой-өрісіне әсерін тигізді және таң қалдырды.

Қоғамдағы жаңа өзгерістер және оның тез ақпараттандырылуы мен даму жылдамдығы білім беруге қойылатын талаптарды да түбегейлі өзгертіп, қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін білім беру саласына төмендегідей міндеттерді қойып отыр: білім сапасын арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену, білім беру жүйесін ақпараттандыру, интернет желісін пайдалану, электрондық оқулықтар, мультимедиалық технологияларды пайдалану, теллекоммуникациялық технологияларды пайдалану, қашықтықтан басқару және т.б.

Бүгінгі байланыс құралдары қатты жетілді. Жаңа ұрпақты жаңа өмірге бейімдеуге ақпаратты жүйелерді компьютер, интерактивті тақта, интернет оқытуда информатика пән мұғалімі еңбегі өте зор. Мұғалім – ақпараттанушы емес, оқушының жеке тұлғалық және интеллектуалды дамуын жобалаушы. Ал бұл информатика пән мұғалімнен ақпараттық құзырлықты, ұйымдастырушылық қабілеттілікті, оқушыларды қазіргі қоғамның түбегейлі өзгерістеріне лайық бейімдеу, олардың зерттеушілік дағдыларын дамыту бағыттарын талап етеді.

Мұғалімнің ақпараттық-коммуникациялық құзырлығы мен ақпараттық мәдениетін қалыптастыру қазіргі таңда үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесіндегі ең көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Қарастырылып отырған мәселе «Жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» ұғымының пайда болуымен және білім беру саласында компьютердің қолданыла бастауымен тығыз байланысты.

Жаңа ақпараттық технологиялар дегеніміз – білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі. Бұл процесті іске асырудан негізгі құрал- компьютер болып табылады. Компьютер – білім беру ісіндегі бұрын шешімін таппай келген жаңа, тың дидактикалық мүмкіндіктерді шешуге мүмкіндік беретін зор құрал. Информатика пән мұғалімнің ақпараттық коммуникациялық құзырлығы мен ақпараттық мәдениеті - жоғарғы деңгейде болуы керек. Соңғы жылдарда білім беру жүйесіне енген «құзырлық» немесе «құзыреттілік» ұғымы жеке қасиеттері мен білім, білік, дағды, іс тәжірибесі, түсінігінің бірлігін сипаттайды.

Қазіргі уақытта құзырлықтың бірнеше түрі бар, соның бірі – ақпараттық коммуникациялық құзырлылық. Мұғалімнің ақпараттық-коммуникациялық құзырлылығын оқу, тұрмыстық, кәсіби міндеттерді ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың көмегімен шеше білу қабілеттілігі.

Ақпараттық мәдениет дегеніміз – адамға ақпараттық кеңістіктің қалыптасуына қатысуға және ол кеңістікте еркін бағдарлай алуға, ақпараттық өзара іс-әрекетке түсуге мүмкіндік беретін білім деңгейі. Ақпараттық мәдениет – адамның, қоғамның немесе оның бір бөлігінің ақпараттармен жұмыс істеу- дің барлық түрлері – ақпараттарды алу, өңдеу, жинақтау және осының негізінде сапалы жаңа ақпаратты құру және практикалық қолдану бойынша жетілу деңгейі.

Болашақ ХХІ ғасыр мектебін көптеген қиыншылықтарға қарамай өркендету, оның сапасын арттыру – қазіргі мұғалімдердің басты міндеті. Келешекте біздің еліміз басқа тәуелсіз елдермен терезесі тең болып өмір сүру үшін, қазақ балаларын ешкімнен кем қылмай, мектеп қабырғасынан-ақ жан-жақты білімді, тәрбиелі етіп шығарудағы басты тұлға – қазіргі заман талабына сай информатика пән мұғалімі, жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін бала жанының бағбаны.

Қазіргі мектепте шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалім қажет. Ол бір уақыт педагог-психолог және оқу-процесін ұйымдастырушы технолог бола білуі керек. Сонымен қатар, оқушының шектеусіз қабілетін дамыта алатындай білім берудің әлемдік кеңістігін құруға қабілетті бола білуі шарт. Бұдан мұғалімнің мамандық шеберлігі анықталады.

Соңғы кездегі мектептерде, түрлі мекемелерде және жеке пайдаланылатын компьютерлердің өндірісте, бизнесте кеңінен қолданыла бастауы жалпы көпшілікке кәсіби ақпараттық технологияларды пайдалана білудің аса қажеттігін көрсетті. Біздің қоғамымыздағы болып жатқан өзгерістер орта білім беру саласының дамуына да өзгерістер енгізуге себепші болды.

Информатика пәнін оқытуда кез - келген сабақ – ол оқу үрдісінің бір бөлігі, сондықтан да оқып үйретуді ғылыми танымда нақтылықтың критерийі ролін атқаратын өмірмен, практикамен байланыстыра білуге, ал оқу процесінде – оқуға ынталылықты, оған оң көзқарасты, айналадағы ортаның құбылыстарын түсіндіру үшін теориялық білімдерін практикада қолдана білу дағдысына қалыптастыруға тиіс.

Қазіргі кезде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану, адам қоғамының барлық саласына еркін кіріп, кең қолданыс табуда. Жаңа ақпараттық технология оқу процесінде пайдалану, мектептерінде білім сапасының деңгейін көтеру сөзсіз. Мектептерде компьютерді қойған кезде, міндетті түрде жаңа ақпараттық технология негізінде жасалған программаларды пайдалану, жаңа бір деңгейге көтеруі хақ. Алайда информатика пәнін жоғары деңгейде өткізуге компьютер мүмкіндігін толық дәрежеде пайдаланып жұмыс істеуге мұғалімдер біліктілігі жетіспей жататындығы жасырын емес. Информатика пәнінің мұғалімі программист-методист деңгейіне көтерілсе, оқушыларға сапалы білім беруімен қатар, әріптестеріне компьютермен жұмыс істеудің қыр - сырын толық түсіндіре алар еді. Бүгінгі күні дүниежүзілік кеңістікте барлық мектептердің білім деңгейін арттыру үшін, негізгі бір жол бар екені белгілі болды. Ол - білім саласын ақпараттандыру жолы. Әр мұғалім өз пәнінде ақпараттандыру технологиясын пайдалану – ол компьютерлік сауат ашу. Ол үшін: барлық пән мұғалімдерінің жедел түрде компьютерлік сауатын ашу; пән мұғалімдерінің сауатын ашқан соң ізін суытпай өз пәндерінде ақпараттық технологияны (интерактивті тақта, мультимедиа, зертхана жұмысы, электронды оқулықтармен жұмыс істеу, керекті ақпараттарды интернеттен шығарып алу, т.б.) пайдалануға іс жүзінде үйрету; аталған іс-шаралар жүзеге асқан соң, мектеп пәндерін ақпараттандыру үшін қажетті компьютерлік техникаларымен жабдықтау.

Бұл аталған пунктерден шығатын қорытынды: пән мұғалімдердің компьютерлік сауаты мен ақпараттандыру технологиясын игермей, білім деңгейін көтеру мүмкін емес.

Жаңа технологиялар – педагогтің мүмкіндігін күшейтетін құрал, бірақ ол мұғалімді алмастыра алмайды. Компьютердің мүмкіндіктері психология мен дидактика тұрғысынан талданып, керек кезінде педагогикалық талаптарға сай қолдануы керек.

Жаңа ақпараттық технология құралдарын информатика пәнінің кіріктірілген сабақтарына пайдалану, оқушының шығармашылық, интеллектуалдық қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдыларының қалыптасуына әкеледі. Компьютерлік техниканың дидактикалық мүмкіндіктерін педагогикалық мақсаттарға қолдану, білім мазмұнын анықтауда, оқыту формалары мен әдістерін жетілдіруде жақсы әсерін тигізеді.

Жалпы оқытудың мақсаты – оқушыны дамыту. Осы мақсатқа сәйкес, жас және педагогикалық психологиясында, сондай-ақ оқыту теориясында негізгі орын алған мәселе – дамыта отырып оқытуды зерттейтін бағыт.

Информатиканы мектепте оқытудың алғашқы кезеңінде компьютерлік сауаттылыққа ғана қалыптастыру мәселесі қойылды, ал мұның мағынасы тар екенін тәжірибе көрсетіп, дәлелдеп отыр. Ал, қазіргі кезеңде информациялық мәдениетті қалыптастыру қажет екені көрінеді.

Информатика ғылымының жалпы білім берудегі қызметі өте жоғары. Информатикадан білім негіздерін меңгеру оқушылардың жалпы, ақыл-ойын дамытуға, олардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін нығайтуға елеулі әсер етеді. Сонымен, информатиканы оқытудың білім беру – дамытушылық мақсаты – оқушының шығармашылық қабілетін, жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыруға, ақыл-ойын, ойлау өрісін, ынтамен дамытуға, яғни қызмет субъектісі ретінде қалыптастыруға бағытталған.

Автор:
К.Б.ҚЫСТАУБАЕВА Кербұлақ аудандық білім бөлімінің әдіскері Сарыөзек кенті