Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Тіл және Тәуелсіздік» республикалық көрме-байқауы өтті


23 сентября 2021, 07:34 | 210 просмотров



Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы суретшілер одағы Алматы облыстық филиалымен бірлесе Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тіл және Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-байқауы мәреге жетті.

Бүгін Тіл сарайының алдында қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған  «Тіл және Тәуелсіздік» атты көрменің ашылу салтанаты болды.

Көрменің лента қию рәсіміне облыстық мәслихатының хатшысы  Ж. Жөргенбаев,  ҚР Мемлекеттік Елтаңба авторы Ж. Мәлібекұлы, ҚР суретшілер одағының төрағасы Ө. Жұбаниязов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары О. Асанғазы, А. Осман қатысты.

Республикамызда тұңғыш рет өтіп  ұйымдастырылып отырған байқаудың мақсты – қоғамдағы қазақ тілінің даму тақырыбын ашу, тәуелсіздіктің символына айналған мемлекеттік тілге деген қызығушылық пен құрметке бейнелеу өнері арқылы тәрбиелеу, тілдік ортаның қалыптасуына үлес қосу. Елге, жерге деген сүйіспеншілік және жас ұрпақтың руханият мәдениетін дамыту, қылқалам шеберлерінің «Тіл және Тәуелсіздік» тақырыбындағы суреттерін насихаттау.

Байқауға қатысушылар саны 109, шығармашылық туындылар 164. Қатысушылардың ең үлкені 66 жастағы Түркістан облысы Түлкібас ауданы тұрғыны болса, ең кіші қатысушы 9 жасар Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мектеп оқушысы.

Үміткерлер қатарында Сейсенхан Махамбет, Өсербай Шуранов, Марат Әбдіреев және т.б танымал суретшілер, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, сонымен қатар өнер мектептерінің оқушылары болды.

«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей талант жас талғамайтының ескере отырып, байқауға кәсіби суретшілермен қатар оқушы, студент жастарға қатысуға, және  әр қатысушыға бірнеше туынды ұсынуға мүмкіндік берілді. Аламанға кең байтақ еліміздің әр түкпірінен қылқалам шеберлері бәйге қосты.

Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Алматы  облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген туындылардың жазу техникасы да әр түрлі: майлы бояу, акварель, гризаль, шыны, импато сондай-ақ сәндік қолданбалы өнер стиліндегі жұмыстар.

Марат Абдреевтың  «Бабалар арманы» картинасы  ең үздік деп танылып, байқаудың бас жүлдесін қанжығалады.  І орынға Өмірбек Жұбаниязов ие болды. ІІ орынды Айнұр Өмірзақ пен Айжан Базарбекова еншіледі. Қалған  жеңімпаздар онлайн марапатталып, үздік туындылар басқарманың әлеуметтік желі парақшаларында  жарияланатын болады.

 Салтанатты шара «Тіл – ең асыл құндылық» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Шараға ZOOM платформасы және facebook әлеуметтік желісі арқылы жүзден астам адам қатысты. Олардың қатарында аудан, қала әкімінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, оқыту орталықтарының меңгерушілері бар.

Жиынға А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А. Фазылжанова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ғ. Әнес,  Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық  ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е. Тілешов, ҚР Мемлекеттік Елтаңба авторы Ж. Мәлібекұлы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары А. Осман, О. Асанғазы,  Алматы облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Н. Қылышбаев, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Ә. Әрін және бірқатар БАҚ өкілдері  қатысты.

Дөңгелек үстел басында басқарма басшысы Б. Керімбек Тілдер фестивалі аясында облысымызда 5 қыркүйек – 25 қазан аралығында  онлайн және оффлайн форматта  820 шара ұйымдастырылғанын айтты.  Олардың  4 республикалық, 14 облыстық, 802 аудандық, қалалық, ауылдық» – деді ол.

Жиын соңында тіл саласында қызмет еткен мамандар, тіл жанашырлары  5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі Тіл саясаты Комитеті төрағасының, Алматы облысы әкімінің және Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

 «Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты тіл мәселесін талқылау ғана емес, жиын соңында қарар қабылдап, тиісті орындарға тіл жанашырларының ұсынысын жолдау»  -  деді басқарма басшысы Болат Керімбек.

Автор:
Әйгерім ИЕБЕКОВА, Алматы облысы.