Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ХАЛЫҚ САНАҒЫ МАҢЫЗДЫ НАУҚАН


27 сентября 2021, 09:36 | 964 просмотра



Баршамызға мәлім 1 қыркүйекте елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды. Бұл – тәуелсіздік алғаннан бергі үшінші науқан. Оның өткізілуіне әр кезеңде өзіндік өзгерістер енгізіледі. Мәселен, осы жолы цифрлық технологияларды қолдануға басымдық берілген. Қазір елімізде ұлттық санақтың электронды кезеңі өтуде.

Қалалық статистика бөлімінің мәліметінше, бүгінге дейін қала тұрғындарының 20 пайыздан астамы электронды санаққа қатысқан. Халық санағына қаламыздағы мекемелер мен кәсіпорындар белсенділік танытып жатыр. Солардың бірі Текелі кенді қайта өңдеу кешенінің ұжымы. Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорынның 300-ден астам қызметкері санақтан өткен.
«Елімізде әр он жыл сайын өткізіліп келе жатқан ұлттық санаққа немқұрайды қарауға болмайды. Санақ арқылы тек халқымыздың саны ғана анықталмайды. Санақ кезінде біз тұрғылықты жер, мамандық, денсаулық, білім мен бейін секілді бірқатар маңызды сұрақтарға жауап береміз. Сондықтан қазіргі жүріп жатқан науқанда белсенді болайық. Барша қала тұрғындарын санаққа қатысуға шақырамын», - дейді комбинат қызметкері Есболат Сүлейменов.
Ұлттық санақтан елімізде тұрақты тұратын, шетелдерге саяхатпен, іссапармен, жұмыспен, оқумен кеткен Қазақстан азаматтары, сонымен бірге, шетелдерден елімізге қоныс аударғандар, елімізде уақытша жүрген шетелдіктер санақтан өту нысаны болып табылады.
Қазір халық санағы онлайн нұсқада өтіп жатқандықтан, әр азаматтың заманауи технологияларды қолдана білуі маңызды. Қорыта айтқанда, мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы және көптеген азаматтардың қажыр-қайраты жұмсалатын, үлкен көлемде материалдық, техникалық қолдауды талап ететін науқанға саналы түрде атсалысу – азаматтық жауапкершілік.

 

Автор:
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ