Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстазға алғыс


30 сентября 2021, 10:10 | 1 548 просмотров


Халық даналығы «Ел алғысын алсаң, елеулі боларсың» дейді.  Солаай..!  «Мәуелі ағашқа бәрі де қарайды» демекші,  ел алғысын алған білім ордасына, оның «жүрегі» ұстазға сүйсіне қарайсың. Ұзтазды үлгі тұтып еңбегі жанса екен, оқытқан шәкірті абыройлы болса екен деп тұрасың.

Биыл мен жиырма жылға жуық еңбек еткен жылы орнымнан жаңа мектепке, № 28 ІТ мектеп-лицейіне ауыстым. Мектеп-лицей директоры Еспанова Гүлжанар Медеғалиқызы жаңа оқу жылының алғашқы отырысында ұжыммен таныстырып, құттықтап, жылы қабылдады.  Ғабиден Мұстафиннің «Қамшы дағы етте, тіл дағы жүректе қалады» деген ой әуендері бар еді ғой. Тәңірінің күмбірін жалпы халықтың түгел сезе бермейтіні белгілі, десек те, есті сөз естісем елең ете қалатын  мен үшін,  ерекше  әсер етті. Тағы бір қуаныш сыйлаған сәт - көктемгі жердей құлпыра өсіп келе жатқан балаларды көргенде, қуанышың қойныңа симайды екен. Оқушыны сағынып қалыппыз.  Жылдан артық қашықтан оқып білім алған оқушының жай-күйі қандай болады, «Қайтсек бала мектепке қуанып келіп, құлшыныспен білім алуға құштар болмақ» деген тақырыптар  жайлы ой қозғап, "дөңгелек үстел" басында еркін пікір алысып көрдік. Адам - бәрінің өлшемі. Адамына қарап ортаны тануға; білімі, мәдениеті қандай, қоғамы қандай екенін де аңғаруға болады. Иә, адам сөзінен, ісінен сыналады. Білім ордасына кіргеннен ұжымның жинақылығын, оны  басқарып отырған Г.М.Еспанова ханымның не нәрсе болса да терең талғампаздықпен саралап, әсіре жылтарақтардың ішінен  асылды тани білетін біліктілігі де, жеке басының терең білімді, шымыр логикалы, көркем тілді өзара үйлестіре алатын ақыл мен сананың келісімін  бірден байқауға болады екен.  Білім ошағында әрбір қызметкер-әріптестердің сыйласымды қарым-қатынаста болуы, бірлігі маңызды екенін баса айтып отыратыны ұнады. Бастапқыда, қанша жерден білім-білік тәжірибем бола тұрса да, бұрынғы мектепке қарағанда бала саны да, ұжым да екі есе үлкен ІТ мектеп-лицейі деген аты бар қаладағы беделді білім мекемесіне «ІТ құзіреттілігім төмендеу-ау, қалай болар» деп жүрексіне аттағанымды жасырмаймын. Әріптестердің ұйымшылдығы, өз ісіне деген жауапкершіліктің жоғарылығы сол ішкі қобалжуды алғақшы аптада-ақ жоққа шығарды. Мектеп директоры қарамағындағы әр ұстазбен тең сөйлесе отырып, арасында, өтініш қып «алдында отырған әрбір білім алушының -  білім алуға жағдайы, күнделікті денсаулығы, көңіл-күйі – бір, бәрін зерттеп, тереңнен біліп, сабақтан тыс уақытында бекер жүрмей түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға тартуды тапсырып жатты.  Ұжым боп бірауыздан мектептің  ұсынып отырған өзекті мәселелеріне өз тарапымыздан  үлес қосып, алдағы атқарар қыруар іске  оң көзқарас таныту – балаға берген білімнің табысты болуының кепілі екенін ұмытпайық! -деп түйіндедік. Айтылған ойдың астарына үңілсек, мұның өзі бас әріппен «Жауапкершілік», жауапкершіліктен бұрын өз ісіне берілген ұстаздың шын пейілі деп  айтуға болады.

"Мақтанса, қазақ мақтансын" деген... Ой деген жүйрік қой, шіркін!  Арыдан "Алтын белгіні» ақтаған   түлектерден  қозғалған қызу әңгімемен біраз жерге барып қайттық. Биылғы оқу жылы бірааз тәжірибелі ұстаздармен қатар, бірнеше жас маман жұмысқа қабылданыпты. «Жас келсе іске» демекші, олардың құлшынысынан ұстаздың қызметке бейімділігіне сүйсіндік. Бір кездері бәріміз сондай жас маман боп келіп едік. Сондай ыстық, таныс көріністер. Олардың дауысында сезілген намыс пен көзіндегі ұшқын тыңдап отырғандарға талай ой салды. Ісіңмен, еңбегіңмен өз елің, өз жеріңде жарқырап, бақытты ғұмыр кешуге тырысу да - бір бақыт-ау, біле білгенге ... Құтты қадам болса екен! Ұстаз қауымында әрқайсысы үлбіреген үкілі есім таққан елдің сенімін ақтар асыл жандар бар. Әр адам - тұлға. Біз, біздің мәдени өремізге таңылатын жауапкершілік арқылы өз кезеңіміздің тарихы, рухани құндылықтары жасалынады. Ал жауапкершілікті ақылмен, армен, жүрекпен көтеретінін БӘРІ біледі. Қалай дегенде де, жүгі ауыр. Әу баста, Жаратқан иесі жерге ұстазды – «Жерге білім дәнін егуге, адамдардың жүрегіне иман нұрын себуге жіберген  –  елшісі» делінген.

Қымбатты ұстаздар қауымы, менің  ұжымым, Сіздерді  мерекелеріңізбен құттықтаймын !

Әрбіріңіз шығармашыл тұлғасыздар! Өздеріңізбен түрлі іс-шара ұйымдастыруда, сабақ жоспарлауда - арман қанатында асқақ биіктерге, алыстарға көз тігіп  қуанышқа бөленсек, енді бірде қиналып тұрғанға  қолдау көрсетіп, қолтығынан демейтін ақ тілегін, жылы лебізін арнап бір-бірімізге сенім  артып жатамыз. Бар ғалам уақытпен таласқан толассыз тіршілік күйін кешіп жүрсе де,  осы берекелі тірлікті бір кешу  бақытына  ие болып отырмыз.   Осы үшін алғыс айтқым келеді.  Рақмет!

Автор:
Раушан Құрманғалиева, Талдықорған қаласы № 28 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі