Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕДИАЦИЯ МАҚСАТЫ – БІТІМГЕРШІЛІК


4 октября 2021, 05:16 | 1 046 просмотров



Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында облыстық «Қоғамдық келісім» орталығының ұйымдастыруымен дөңлек үстел өтті.

Шараның басты мақсаты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оның ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі әлеуметтік маңызын арттырып, медиация саласының мәселелерін қарастыру болып табылады.
Медиацияның көмегімен отбасылық жанжалдарды шешудің де маңызы зор. Өйткені отбасылық дау-дамайға қатысты ең жиі кездесетін ажырасу фактілерінін алдын алу немесе ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда да ортадағы баланың тағдыры үшін екі тараптың арасында ортақ мәміленің орнатылуы айрықша маңызға ие. Облыстық семинар-трейнингте осы түйінге маңыз берілді.
Облыстық мәслихат депутаты, қалалық Мәдениет үйінің директоры Нестеров Константин Михайлович Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысына тоқталып, алдағы уақытта осы бағыттар бойынша жүзеге асырылатын жобалармен бөлісті.
Жиын барысында медиация саласына елеулі үлестерін қосып, отбасы құндылықтарын насихаттап жүрген Текелі қаласының Құрметті азаматы, қоғамдық медиатор Ибраимова Гүлнар Қалтайқызы мен қалалық Аналар кеңесінің төрайымы, №5 орта мектептің директоры Иманбердиева Эльмира Сейдахметқызына Алғыс хат табысталып, жұмыстарына оң баға берілді.
Бүгінде ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің өзегін дәріптеп, аналар кеңесінің жұмысын жауапкершілікпен атқарып келе жатқан білікті маман иелерінің бұл салаларға сіңірген үлестері зор.
Қазақстанда медиация институтын дамыту, сотқа дейінгі және соттағы татуластыру рәсімдерін жандандыру шаралары мемлекеттік деңгейде үлкен қолдауға ие және соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келеді. Медиаторлардың көмегімен сотқа дейінгі татуласу фактілерінің соңғы жылдары жиі кездесуі осының бір дәлелі деуге болады. Сондықтан заңды, дәстүрді, психологияны жетік меңгерген медиаторлар шоғырын қалыптастырып, сандық қана емес сапалық тұрғыдан да осы саланы дамыту құқықтық саладағы басымдықтарымыздың бірі болып қала беруі тиіс.
Сондай-ақ халықтың медиация институтына сенімін қалыптастыру мақсатында медиаторлардың көмегімен шешілген оң мысалдарды кең көлемде тарату және ағарту, ақпараттандыру жұмыстарын мейлінше күшейткен жөн.

Автор:
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ