Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мұқағали тойы – ел руханиятының мерейі


5 октября 2021, 03:47 | 1 239 просмотров



Заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына дайындыққа Алматы облысы өткен жылдан кіріскен еді. Жалпы мерейтойды өткізуге жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Айтулы шараға орай құрылған арнайы жұмыс тобын облыс әкімі Амандық Баталов өзі басқарып, әзірлікті құрылыс және көркейту жұмыстарынан бастаған, әрі олардың сапалы атқарылуын назарда ұстады. Ең алдымен ақынның туған жері Қарасаз ауылы, Қарасазбен іргелес елді мекен Сарыжаз, аудан орталығы Нарынқол ауылдары абаттандырылды. Жолдар жасалып, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, мәдени нысандар жөнделді, саябақтар салу қолға алынып, ескерткіш орнатылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.   

Жалпы мерейтойға алдын ала дайындық барысында Қарасаз ауылындағы ақын музейіне, мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жасалып, нысандар жаңа кейіпке енді. Елді мекеннің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылды. Ауыз су жүйесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 млн. теңгеге қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да – мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың бірі. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылға кіреберістегі Жастар саябағы абаттандырылды. Іргелес Сарыжаз ауылында Райымбек батыр ескерткішінің маңы көркейтіліп, ескерткіш жанындағы су жүйесі жөндеуден өтті, ауылдың орталық көшелері көз сүйсінер кейіпке келтірілді.

Биылғы жылы 3 гектар аумағы бар Мұқағали атындағы жаңа саябақтың құрылысы басталды. Құны 374,5 млн. теңгелік жобада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, воркаут спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимаратының жанынан шағын саябақ салына бастады. Ал аудандық мәдениет үйінің алдындағы сквер және орталық саябақ абаттандырылды.

Осындай үлкен дайындық жұмыстарының нәтижесінде көпшілік асыға күткен дәуірдің дара тұлғасының 90 жылдық тойы бүгін өз шымылдығын түрді. Қарасаз Мәдениет үйінде «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, онда ҚҒА Академиясының академигі Байынқол Қалиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, белгілі қаламгер, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжит, қоғам қайраткері, қаламгер Рысбек Сәрсембайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен терең талдауларын ортаға салды. Бір атап өтерлігі, осы жиында баспа бетін көрген «Мұқағали тілі сөздігі» кітабы таныстырылды. Бұл кітапта ақынның тілдік қолданысындағы сөздер мен сөз тіркестерінің барлығы қамтылған. 

Ал ертеңгі негізгі шараларға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады деп жоспарлануда. Олар жұртшылықпен бірге  ақынның музейін аралап, Нарынқолда Мұқағалидың қоладан құйылған еңселі ескерткішін ашып, ауыл азаматтарына жаңа салынған тұрғын үйлердің кілтін тапсырады деп межеленіп отыр. 

Жалпы «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…» деп болашағын болжап кеткен ғасыр ақыны Мұқағалидың мерейтойы аясындағы мәдени әдеби-танымдық  шаралар облыста жыл бойы жалғасып жатыр. Бұл ретте бүгінге дейін Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерден «Жырлайды жүрек» әншілер байқауы, суретшілердің халықаралық пленэрі, ақынның орыс тілінде жарық көрген «Возвращение ласточки» кітабының және Түркі елінде әлемнің 6 тіліне аударылған жинағының тұсаукесері болды. Сондай-ақ «Хантәңірі» театры «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын, Б.Римова атындағы драма театры «Қош махаббат» қойылымын сахналаған болатын.

Автор:
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі