Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ақиық ақын, сезімнің мұзбалақ суреткері ел жадында жаңғырды


8 октября 2021, 04:45 | 1 197 просмотров



Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той...» деген болатын Твиттердегі парақшасында.

Иә, біздің әңгіме кім жайлы екенін сезіп отырған шығарсыз. Хантәңірі тауының етегінде дүниеге келген Мұқағали ақын жайлы сыр шертпекпіз. Қалам алуға себеп болған ақынның 90 – жылдық мерейтойы. Ақынның атағы айға жетіп тұр десек жаңылмағанымыз. Себебі Мұқағалидың жырлары жер-әлемді шарлап жүр. Оған дәлел ақын кітабы Нью-Йорк баспасынан шықты. Бір топ шығармасы түрік тіліне аударылды. Француздар да ақын өлеңіне қызығушылық танытқанға ұқсайды. Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыз? Оның себебі, айналып келіп Мұқағалидың мерейтойы! Естеріңізге сала кетейін, 1931 жылы 9 ақпанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дүние есігін ашқан. Қазақтың маңдайына біткен талантты тұлға тірі болса 90 жасқа толар еді. Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып қайтарған ақиықтың торқалы тойы Нарынқолда тойланды. Айтпақшы тойға дайындық қалай жүрді? Мақатаевтың 90 жылдығына дайындық өткен жылдан бастау алған еді. Жалпы мерейтойды өткізуге жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, айтулы шараға орай құрылған жұмыс тобын облыс әкімі Амандық Баталов өзі басқарды.
Мерейтой аясында, ең алдымен ақынның туған жері Қарасаз ауылы абаттандырылды. Жолдар жаңартылып, ауыз су жүйесі , мәдени нысандар жөнделді, саябақтар салу қолға алынып, ескерткіш орнатылды. Осындай үлкен дайындық жұмыстарының нәтижесінде көпшілік асыға күткен дәуірдің дара тұлғасының 90 жылдық тойы өткен апта соңында өз шымылдығын түрді. Қарасаз Мәдениет үйінде «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты ғылыми-практикалық конференция өтті әуелі. Онда ҚҒА Академиясының академигі Байынқол Қалиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, белгілі қаламгер, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжит, қоғам қайраткері, қаламгер Рысбек Сәрсембайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен терең талдауларын ортаға салды. Бір атап өтерлігі, осы жиында баспа бетін көрген «Мұқағали тілі сөздігі» кітабы таныстырылды. Рухани кеште ақынның көзін көргендер естеліктерімен бөлісіп, өскелең ұрпақ өлеңдерін оқып, арнауларын жеткізіп жатты.
Жалпы М.Мақатаев – адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген ақын. Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс ғана емес, жанды, сезімтал. Сол үшін Алатауға мұң шағады, жас қайыңнан өзіне сырлас табады, жапырақты жүрекке теңейді, мергеннің оғына іліккен аққу мен киікпен бірге күңіренеді. Ақынның ойы да, сезімі де еркін, нәзік мұңды көңіл-күйі аралас жүреді. Ақын көлгірсімейді, ағынан жарыла шынын айтады. Сезім мөлдірлігін, үлкен шеберлікті, суреткерлікті танытатын мұндай өлеңдер Мұқағалида мол. Оның ғұмырнамасына тоқталар болсақ, Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Азан шақырып қойған есімі – Мұхамметқали. Алайда ата-анасы Пайғамбардың есімімен жүру ауыр тиеді деген ниетпен Мұқағали деп еркелеткен екен.
Ақынның әкесі Сүлеймен қарапайым шаруа адамы болған. Мұқағали үйінің тұңғышы. Соғыс Мұқағалидың өміріндегі барлық дүниені өзгертті. Әкесі соғысқа кеткенде, ол 10 жаста еді. Ал өмірдің барлық ауыртпалығы балалық шағымен қоштасқысы келмеген жасөспірімнің иығына түседі. Жауынгер ұрпақтың барлық ұлдары сияқты, әйел мен балалар ғана қалған үйде ер адам ретінде қалғанын түсініп, ерте ер жетті. Мұқағалидің әкесі майданда қайтыс болды. Сол уақыттан бері ол жай ғана сөніп, жоқ болып кетуге құқығы жоқ екенін түсінді. Өкінішке қарай, қарындасы мен інісі дүниеден ерте кеткен.
Ақынның анасының естеліктеріне сүйенсек, Мұқағалидің әдебиетке деген қызығушылығы 14 жасынан басталған. Ал өлең жазуға жары Лашынға деген махаббаты себеп болды. Ол сыртқы әлемнен және кітаптардан шабыттанды. Мұқағали Абай, Әуезов, Сейфуллин, Мүсіреповты оқыды. Орыс тілін өз еркімен өте жақсы меңгерген ол орыс әдебиетін, әсіресе Пушкин, Есенин, Блоктың поэзиясын оқыды. Шетелдік әдебиеттерден Гейн, Гёте, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль шығармаларына қызығушылық танытты. Бірақ бәрінен де Бальзак, Лондон және Шекспирді жақсы көрді.
1948 жылы Мақатаев Нарынқолдағы мектеп-интернатты бітірді. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне, одан кейін шеттілдері институтына және тағы да Қазақ мемлекеттік университетіне, бірақ заң факультетіне оқуға түскен. 1973 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтының студенті болды. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты бірінші курста оқуды тастап кетті. Мақатаевтың жоғары оқу орындарына еш қиындықсыз түсіп кетуі оның қабілеті мен білімге ұмтылысын дәлелдейді.
Ақын ерте отбасын құрды. Ол 1949 жылдың көктемінде 17 жасында Лашынға үйленді. Ол кезде Лашын 21 жаста еді. Ақын болашақ әйелі Лашын Әлімжановамен Шибұт ауылында жұмыс істеп жүрген кезде танысты. Ерте отбасылы болған ерлі-зайыптылардың Ләззат, Майгүл, Жұлдыз, Айбар, Алмагүл, Шолпан есімді балалары дүниеге келді. Ауылда тұрып Мұқағали кеңес хатшысы болып жұмыс істеді, содан кейін мектепте орыс тілінен сабақ берді, аудандық газетте тілші болды.
Ақын 1962 жылы отбасымен Алматыға көшіп келеді. Оның өлеңдерін оқыған Әбділда Тәжібаев Мұқағалидан үлкен ақын шығады деп, Алматыға өзі шақырған. Қалаға көшіп келген ақынның кәсіби қызметі әдебиетпен тығыз байланысты болды. Ол қазақ радиосында диктор, «Социалистік Қазақстан» газетінің журналисі, «Жұлдыз» журналының қызметкері, Жазушылар одағының жастар істері жөніндегі кеңесінің басшысы болды.
1962 жылдан бастап, алғашқы кітап шыққан кезден 1976 жылға дейін ақынның сегіз өлеңдер жинағы жарық көрді. Олардың ішінде: «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмір-дастан», «Жырлайды жүрек» және басқалар бар.
Әдебиет саласында жиырма бес жылдай уақыт жұмыс істеген Мақатаев мыңнан аса өлең жазды. Ол «Ильич», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Мавр», сондай-ақ әңгімелер мен повестердің, «Қош бол, махаббат» пьесасы мен заманауи қазақ поэзиясының мәселелері жарық көрген мақалалардың авторы. Поэзияның символы болған Мұқағали Дантенің «Құдіретті комедия» дастанының «Тамұқ» деген бірінші бөлімін аударды. Ол Шекспир, Уитман және шығыс ақындары мен орыстың заманауи жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысты.
Мұқағали 1969 жылдың қараша айында қолжазбалары бар портфелін жоғалтып, кейін Жазушылар Одағынан шығарылып, жұмыссыз қалады. Жұмыссыз жүргеніне біл жылдай болған ақын өзімен, өзінің әлсіз тұстары мен қорқынышпен, емі жоқ ауруымен күрес жүргізді. 1972 жылдың басында Мұқағалидың Алматыға көшіп келгеніне он жыл болғанда 11 жасар үлкен қызы Майгүлді мотоцикл қағып кетеді. Содан ақынның отбасы көптеген жыл бойы жалдамалы пәтерлерде күнелтіп жүреді. 1973 жылы 20 наурызда жазылған күнделіктегі жазбада ақынның достары мен жолдастарының ол туралы көптеген жалған мәлімет пен бұрмаланған ақпарат таратқаны баяндалған. Күнделікті оқи отырып, ақының қайғы-қасіретін бірге сезуге болады Соңғы жазба 1976 жылдың 28 ақпанында – Мақатаевтың қайтыс болуына бір ай бұрын жазылған болатын.
Иә осы тарихты қайта көтерген бұл торқалы тойдың беделі биік екені сөзсіз. Той төңірегіндегі әңгімені қайта өрбітсек мерейтойға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және көптеген қадірлі мейман арнайы келіп қатысты. Мәртебелі меймандар алдымен ақын туған топырақ Қарасаз ауылына барып, ауыл тұрғындарымен тілдесті. Сапарында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ауылдағы ақын мұражайына Мұқағали ұстаған қобызды табыстады.
Шара барысында орталық алаңда алып тұлғаның бой көтерген еңселі ескерткіші ашылды. Ескерткіш дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн. теңге жұмсалды. Мүсін қоладан құйылған, тұғыры граниттен дайындалған. Мұзбалақ ақынның мүсінінің авторы Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Ақмырза Рүстембеков болса, мүсіншісі Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Сұлтан Бейбарыс атындағы сыйлықтың лауреаты Какимов Қадырхан.
– «Мұқағали-жырдың асыл қазынасы. Ол өткен мен жаңаны байланыстыратын алтын көпір. Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ЮНЕСКО аясында ақынның жүз жылдығын өткізу бастамасында ұсыныстар әзірленіп жатыр. Халқымыздың рухы Мұқағали поэзиясы сияқты таза, Хантәңірі сияқты асқақ, Көлсай сияқты тамаша болсын»,-деп Қ.Көшербаев ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізді. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы шара барысында, Мұқағалидің өміршең өлеңдері ел есінде мәңгі қаларын тілге тиек етті.
– Райымбек ауданының тамырына нәр жүрді. Бұрынғы келбетін көргенде жүрегім ауыратын. Елбасының қолдауының арқасында кейпін жаңарттық. Қасым-Жомарт Тоқаев та өлкенің өркендеуіне көңіл бөлуде. 500-ден астам отбасы келіп, ауданда жұмыс жанданды. Ақын шығармашылығымен танысқан соң оның өлеңдеріне ғашық болдым. Қазақ елі осындай талантты ақындарға бай. Олардың мұрасын ұлықтау ұрпаққа парыз,- деді А. Баталов.
Сонымен қатар, Нарынқол тұрғындарына ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақын мерейтойының құрметіне 50 отбасыға су жаңа баспананың кілті табысталды. Әр үйдің ауданы -100 шаршы метр.
Мұқаң бір сөзінде «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңыздар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мен өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін» деген екен. Поэзия! Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын.

 

Автор:
Д.Кемеңгер