Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

"ШАПАҒАТ" ОРТАЛЫҒЫНА- 30 жыл


8 октября 2021, 05:17 | 365 просмотров



Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабамыздан келе жатқан салтымыз. Өскелең ұрпақ үшін ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерінің орны бөлек. Бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған қарттарымыз игілік пен ізгіліктің, пайым - парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емес.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша елімізде 1 қазанда Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Бұл күн – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қамқорлық көрсететін ерекше мейірімге толы күн.
Мереке күні «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында салтанатты іс-шара өтті.
«Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мерекелік жиынға Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Мұрат, қала әкімі Б.Молдахметов, мәслихат хатшысы Н.Калиновский және қала кәсіпкерлері қатысып, құттықтау тілектерін жеткізді.
Әртүрлі тағдырлар тоғысқан «Шапағат» орталығы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлығына бөлеп, қолайлы жағдай жасап келеді. Мұның барлығы осындағы жүздеген әлеуметтік сала қызметкерлерінің, ұжымды бір мақсатқа ұйыстыра білген басшының зор еңбегі. Алма Нұрмыханова 2012 жылдан бері осы орталықтың басшылық қызметін жауапкершілікпен атқарып, құрметке бөленіп келеді.
Шара барысында қызмет алушы тұрғындардың қолымен жасалған көрме мен мұражай қонақтар назарына ұсынылып, басқарма басшысы Маржан Мұратқызы және қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен орталыққа бағалы сыйлықтар тарту етілді. Мекеме ашылған күннен бастап мемлекет қамқорлығын көріп келе жатқан қос қарияға және 30 жыл бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан екі қызметкерге ықыласты ілтипат көрсетілді. Сондай-ақ шара қонақтары орталық аумағында жүргізілген аббаттандыру жұмыстарының нәтижесін көріп, мекеме басшысы Алма Мұханғалиқызының жұмысына оң бағаларын берді.
Мерекелік шара қалалық Мәдениет үйінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты концерттік шараға ұласты. Талдықорған қаласынан келген Облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының жеткіншектері және «Шапағат» орталығының өнерлі қызметкерлері мен тұрғындары ән мен биден шашу шашты.

Автор:
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ