Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Байрақты бәсеке жемісі


15 октября 2021, 05:58 | 595 просмотров



Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері спортшыларымыз Азия, Әлем, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып, көк байрағымызды желбіретуде.

Әлемдік бәсекелерде топ жарып, еліміздің атын шаршы алаңда паш етіп жүрген спортшыларымыз баршылық.
Кейінгі жылдары қала спортшылары халықаралық, әлемдік ареналардан жиі көрініп, қоржынымызды түрлі жүлделермен толықтырып жүр. Әсіресе, бокс, күрес, джуи-джитсу, дзюдо мен ұлттық жекпе-жектің өрісі кеңейіп келеді.
8-11 қазан аралығында Өзбекстан Республикасында аралас жекпе-жектен өткен чемпионатқа 77 келі салмақта қаламыздың жас спортшысы Жақсыбек Аймаханов қатысып, қола жүлдемен оралды.
Қаламыздың атын әлемдік додаларда жаңғырып жүрген жерлесімізі қалалық спорт бөлімінің басшысы Б.Тұғылбаев және Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің ұжымы арнайы қарсы алып, ізгі тілектерін жеткізді.
«Әр сайыста спорттағы қарым-қабілетіммен қарсыласымнан басым түсіп, көк Туымызды көкке өрлетсем, елімнің абыройын асқақтатсам деген биік мақсат мені қанаттандырып, бойымды бір керемет күш билеп алады. Сол киелі күш мені жеңістерге жетелеп келеді. Тәуелсіз елдің ұрпағы болғанымды шексіз мақтаныш тұтамын», - дейді Жақсыбек Аймаханов.
Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал, жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, “Мәңгілік ел” болуына нық қадам бастайды.

Автор:
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ