Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлағатты ұстаз - қоғам тірегі


15 октября 2021, 06:06 | 1 176 просмотров



Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» - деген.

«Ұстазы озық елдің бүгіні де, болашағы да зор». Мұның барлығы да ең алдымен шәкірттің санасына бағдар беріп, зердесіне білім нәрін еккен мұғалімдер қауымының еңбегі екені ақиқат. Қаламыздың білім сапасының жоғары болуы да ұстаздардың кәсіби шеберліктері мен ерен еңбектерінің жемісі.
Мектеп - білім мен тәрбиенің тал бесігі. Осы бесікті тербетіп, ақылын аямайтын, шәкіртін аялайтын ұстаздар десек жалған болмас.
Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне Текелі қалалық Мәдениет үйінде ұстаздарды ұлықтауға арналған «Ұстазым – ұлы тұлға» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиында қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы, қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский, қалалық білім бөлімінің басшысы Нариман Естібаев, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Текелі қалалық филиалының төрағасы Асан Тұрсынғалиев ұстаздарды құттықтап ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты жиында үлгілі, озат мұғалімдер марапатталып, мерейлері тасыды. Қаламыздың абыройын тасытқан мектеп ұжымдары мен мұғалімдердің қатарында
Республикалық «Үздік оnline Mektep-2020» байқауының жүлдегерлері - №4 орта мектеп ұжымы, «Бейне сабақтар» байқауында үздік нәтиже көрсеткен - Қайрат Рамазан, «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының жүлдегерлері - Бақытжан Молбаев пен Юлия Цугланова, «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы -Наталья Дегтярева, Облыстық «Жыл мұғалімі-2021» байқауының ІІ орын иегері - Гульмира Утепова, Бейсен Құранбек атындағы олимпиаданың Бас жүлдегері - Жанзила Исаева, Облыстық «Табысты басшы» байқауының І орын иегері - Эльмира Жақсыбекова, «Үздік сынып жетекшісі-2021» байқауының жүлдегері - Жазира Ералиева, «Замануи сабақ» байқауында үздік нәтиже көрсеткен Бақтыгүл Сарсенбаева, «Ұстаздар әулеті» байқауының қатысушылары Қуанғалиевтер әулеті бар.
Өркениеттің бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы - мұғалім. Ұстаздан өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шәкірт өздеріңізбен мәртебесі биік, абыройы астам.
Мерекелік шарада зейнетке шықса да тәрбие ісіне белсенді атсалысып, ақылшы, бағдаршы болып жүрген қарт ұстаздарға, білім саласында абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан мұғалімдерге де құрмет көрсетілді. Қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушылары ұстаздарға әннен шашу шашты.

 

Автор:
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ