Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҒЫЛЫМ КӨКЖИЕГІНДЕГІ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ


15 октября 2021, 07:09 | 1 387 просмотров



Әдетте, адамның азаматтық болмысын үш түрлі өлшеммен мөлшерлеп жүрміз, олар – биіктік, тереңдік, кеңдік. Үшеуі де шартты философиялық ұғым. Ал енді осы шарттылықтарды таратып түсіндірудің өзі түрлі-түрлі. Бәз біреулер, айталық, биіктік – ел таныған таланттың асқақтаған атағы, дүрілдеген даңқы, яғни биік беделі десе, бағзы біреулер тереңдік – ел қадірлеген қайраткердің қабілеті, қадір-қасиеті, ақыл-парасаты яки терең білімі деп түсінеді. Бірақ осылардың қай-қайсысы да кеңдік болмаса, әшейін ұғым қалпында «ауада ілініп» қалар еді. Биіктік пен тереңдіктің игілікке айналуы үшін уызында жарыған текті кісіге тумысынан дарыған мәрт мінез, ақ пейіл, ыстық ықылас, мол мейірім, кең құшақ керек. Сондықтан адамдық пен азаматтықты шың басындағы қар, шыңырау түбіндегі нәр секілді биіктік пен тереңдіктен гөрі кәдімгі қазақ даласындай ұлан - байтақ кеңдікпен өлшеп-мөлшерлеген жөн. Сонда кеңдік адам өміріндегі кенен кәмелеттен кемел кемеңгерлікке, керек десеңіз, тіпті одан да гөрі әрірек, дархан даналыққа апаратын даңғыл жол тәрізді.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі»төсбелгісінің және «ЖОО Үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы туралы сөзді мен дәл осы тұрғыдан өрбітсем деймін.

Білімі мен ғылымы дамыған ел ғана әлемдік өркениет көшіне ілесе алады. Осы жауапкершілікті сезініп, табандылықпен еңбек еткен майталмандарымыздың арқасында біздің республикамызда да уақыт талабына сай ұлттық білім беру жүйесі қалыптасты. Ерінбей еңбек етіп, республикамыздың білім беру жүйесі мен ғылым саласын дамытуға өзіндік үлес қосушылардың бірі профессор Жанат Тұрарбекқызы жақында өнегелі өмірінің асқаралы алпысының белесіне көтерілді.

Әр адам өзінің өмір жолында белеске көтерілгенде белгілі бір қорытындылар жасай бастайды. Қандай істер атқарылды? Қандай жетістіктерге жетті? Болашақтағы мақсаттары мен міндеттері қандай болмақ? Күнделікті күйбең тірлікте біз өткенді сараптай бермейміз, бірақ мерейтой қарсаңында артта қалған жылдарға көз тастаймыз. Міне, осындай өмірлік кезеңге Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы да келді.

Бұл есім бүгінде педагогикалық ғылыми ортада жақсы танымал. Профессор Ж.Т.Дәулетбекова қазіргі таңда Қазақстанның педагогика ғылымында беделді тұлғалардың бірі.

         Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы 1961 жылы 29 сәуірде Оңтүстік Қазақстан  облысы Бәйдібек би ауданы қазақы қаймағы бұзылмаған «Боралдай» ауылында дүниеге келген.

         1977 жылы Саттар Ерубаев атындағы орта мектепті бітірген соң, «Комсомол» орта мектебінде лаборант болып жұмыс істейді.

         1984 жылы қазақ білімінің қара шаңырағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ филологиясы факультетін үздік бітіріп, «филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы» мамандығын алады. Қазақстанның жетекші классикалық университетінде  оқыған Жанат апай өз қатарластарының үздігі болды. Студенттік кездің өзінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Аталған жоғары оқу орнын үздік белгідегі дипломмен тәмәмдап, алғаш педагогикалық еңбек жолын 1984 жылы Семей облысы Шұбартау ауданындағы «Горный» орта мектебінен бастайды. Екі жыл мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.

        1987-2001 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы  Қазақ Білім академиясында  кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен  атқарады.

       1989 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясы жанындағы аспирантураның өндірістен қол үзіп оқитын бөліміне аспирантураға қабылданады. Жанат Тұрарбекқызының ғылым жолындағы алғашқы қадамы да аспирантурадан басталады.

         2001-2002 оқу жылында  Абай атындағы  Алматы Мемлекеттік университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істейді.

         2002 жылдан бастап Қазақстан-Британ техникалық  университетінде Тілдер кафедрасында  аға оқытушы, ассистент-профессор, ассоциативтік профессор лауазымында қызмет атқарады.

 2009-2014 жылдары аралығында университеттің Базалық факультетінде  қазақ және орыс тілі секторының жетекшісі, қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы және Гуманитарлық пәндер кафедрасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін мінсіз атқарды.

         2014 жылдың 1 ақпанынан 2018 жылдың тамызына дейін Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институты қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі лауазымды қызметінде болды.

Профессор Ж.Тұрарбекқызы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін дәстүрлі ғылыми мектептері қалыптасқан жоғары оқу орны ретінде ерекше құрметтейді.

Қазақ мектебінде білім алған, ауылда өскен болашақ ғалым алғашқы ғылыми тақырыбын қазақ тілінде бекіттіріп, қазақ тілінде жазады. Мықты жігер мен зор құлшыныстың арқасында ғылыми еңбегін уақытында жазып бітіреді де 1999 жылы «Оқушылардың оқу мотивтерін қалыптастыру негізінде қазақ тілін оқыту әдістемесі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Ол кандидаттық зерттеу жұмысында мектеп оқушыларының ана тіліне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін оятудың жолын зерделеді, баланың тілге деген мотивациясын жетілдірудің әдістемесін зерттеді.

Әдіскер ғалымға  2003 жылы доцент (ассоциативті профессор) атағы беріледі.

Елімізде білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты- дүниетанымы жоғары, білімді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеп өсіру екені белгілі. Жанат Тұрарбекқызы 2009 жылы  «Жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Сөз мәдениеті-оқушының интеллектуалдық және мәдени сапасын арттыратындай тілдік қатынасқа төселдірудің негізі. Диссертацияның жаңалығы қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш рет сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негізі жасалып, оның басты мақсаты оқушының ойлау, сөйлеу, қарым-қатынас мәдениетін дамыту нәтижесінде өмірлік дағдыларын қалыптастыру екендігі дәйектелген  мәнді  нәтижелерімен құнды.

Танымал ғалым 2018 жылдың қыркүйегінен бүгінге дейін Қазақстан-Британ техникалық  университетінің Тілдер кафедрасында ассоциативтік профессор болып еңбек етіп келеді.

Жанат Тұрарбекқызы туралы сөз қозғағанда оның бойындағы ең ізгі қасиеттер – қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұлтжандылық, еңбекқорлық жайында айтпай өту мүмкін емес. Ол өзінің ізденімпаздығының, тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінгідей дәрежеге жетті. 

Ақыл-ой мен білім-білік, күш-қуат пен қажыр-қайрат бір адамның бойынан табылып жатса, оның бітім-бейнесіне биік тауға қарағандай көз тігеріміз анық. Осыншалықты игі қасиеттерді бойына жинақтап, қара бастың қамынан гөрі, ғылым жолында тер төккен Жанат апайдың көздеген мақсатқа жетпей тынбайтыны қайран қалдырады. Егер ой тезіне салып қарасақ, мұндай мінездің әйелге тән қасиет екенін аңғаруға болады. Жалпы, әйел басшының ер азаматтан бір өзгешелігі – ешбір іске ұсақ-түйек деп қарамайтыны сияқты. Әрі нендей істі болса да мейлінше адал әрі мұнтаздай етіп атқарады және сол атқарған ісі үшін балаша қуанатынын қайтерсің. Жанат Тұрарбекқызының да көп игілігіне айналатын істің орайы келгенде талай рет балаша қуанғанына куә болғанбыз.

Профессор Ж.Т.Дәулетбекова 2000 жылдан бері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекітіп, ұсынған жалпы білім беретін орта мектептердің 5,6,11-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» төл оқулықтары мен оқыту әдістемесі құралдарының авторы. Сонымен қатар 2014 жылдан бері оқу орыс тілінде жүретін мектептің 1-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» деңгейлік оқулықтарын жазған авторлар тобында болды. Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша қазақ мектептеріне арналған «Қазақ тілі» пәнінің 5, 9, 10, 11-сыныптары мен орыс тілді мектептердің 2-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарын (авторлық құрамда) дайындаған авторлар тобында жұмыс жасады. Жоғарыда аталған оқулықтар республика мектептерінде кеңінен оқытылып келеді.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан-Британ техникалық университеті секілді республикадағы көшбасшы оқу орындарында оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметін абыроймен атқара жүріп, әдіскер ғалым Ж.Т.Дәулетбекова жоғары білім жүйесіне арналған типтік оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірледі. Ол еңбектері де жоғары білімді маман дайындау жүйесінде ұзақ жылдар бойы қолданыста екендігін атап өткен жөн.

Жанат Тұрарбекқызы өзінің еңбек жолында 350-ден астам ғылыми еңбек жазып жариялаған. Оның ішінде: қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша 5 монография, ҚР білім беру жүйесіндегі қазақ тілі бойынша 3 Тұжырымдама, 4 мемлекеттік  білім стандарты, 12 типтік оқу бағдарламасы, 35 оқулық, 120-дан аса оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен 150-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақаласымен ғылыми орта жақсы таныс.  

Ғалым-ұстаз Ж.Т.Дәулетбекова ғылыми-зерттеу жұмысы жобаларын орындауға үздіксіз қатысады. 2012-2014 жылдары «Интеллектуалдық әлеуеті жоғары мамандарды даярлауда мемлекеттік тілді ғылым мен білімді тоғыстыра отырып оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесі» тақырыбында ҚР БжҒМ гранттық қаржыландырылған ғылыми-зерттеу жобасына жетекшілік етті. 2017-2021 жылдары «Латын графикасын меңгертудің ғылыми-әдіснамалық негіздері мен әдістемесі» тақырыбында ҚР БжҒМ гранттық қаржыландырылған ғылыми-зерттеу жобасына қатысып келеді.

         Ғалымның негізгі зерттеу бағыттары еліміз тәуелсіздік алған жылдарда отандық білім жүйесін реформалау кезеңінде жалпы білім беретін мектептердегі қазақ тілін оқыту әдістемесі саласында зерттеу мәселелерін қамтиды.

Зерттеу өрісінің кеңдігі және ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу оған зерттеу жұмысының сапасын және магистранттар мен докторанттардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін өзінің ғылыми мектебін құруға зор мүмкіндік берді. Ж.Дәулетбекованың  жетекшілігімен 2 ғылым кандидаты, 3 PhD – философия докторы, 5 педагогика магистрі дайындалды. Қазіргі таңда ғалымның жетекшілігімен 5 PhD бағытындағы диссертациялық жұмыс қорғауға ұсынылып отыр. 40-тан астам диссертациялық  жұмысқа оппонент-пікір беруші ретінде тағайындалды.

         Білім берудің көкейкесті мәселелері бойынша халықаралық, республикалық  ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға ұдайы атсалысып, үн қосады.

    Бүгінгі күні Жанат Тұрарбекқызының ғылыми еңбектері, идеялары, қағидалары мен көзқарастары, ұстазға тән кең жүректілігі мен парасаттылығы ұлттық педагогика ғылымының биік шоқтығынан көрінуде.

    Зерделі ғалым, ұлағатты ұстаз, әйгілі әдіскер Ж.Т.Дәулетбекованың ғылыми-зерттеу еңбектері мен кәсіби қызметінің негізгі бағыттарына арнайы тоқталуды жөн көрдік.

  1. «Қазақ тілі» пәнін оқыту жүйесін жетілдірудің бағыт-бағдарларын ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан ғылыми ортада өз қолтаңбасы бар ғалым. Жанат Тұрарбекқызы «Оқушылардың оқу-танымдық мотивтерін қалыптастыра отырып қазақ тілі оқыту әдістемесі» тақырыбында кандидаттық диссертация (1999 ж.) қорғады. Өз зерттеуінің нәтижесінде ғалым негізгі мектепте қазақ тілін оқытуда екі бағыттың: лингвистикалық дүниетаным қалыптастыру мен оқушыларды сауатты сөйлеуге баулудың өзара бірлігін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негіздеп, тәжірибеге енгізді. Зерттеу идеялары жалпы білім беретін мектептердің 5,6-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» төл оқулықтарында кеңінен қолданылып, педагог жұртшылық тарапынан қолдау тапты.
  2. Ұлттық тілді дамытушы ғалым. Профессор Ж.Т.Дәулетбекова Тәуелсіз Қазақстанның үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ тілін ана тілі ретінде, қазақ тілін мемлекеттік тіл (екінші тіл) ретінде оқытудың жүйесін тұрақты түрде зерттеумен айналысып келеді. Оның зерттеу нәтижелері өзінің авторлығымен жарияланған қазақ тілін оқыту тұжырымдамаларында, жалпыға міндетті мемлекеттік білім стандарттарында, оқу бағдарламаларында, жаңа буын төл оқулықтар мен жаңартылған білім мазмұны бойынша дайындалған 130-дан аса оқулықтар мен оқу-әдістемелік еңбектерде көрініс тапты.
  3. Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының дамуына қосқан үлесі. Ж.Т.Дәулетбекованың авторлығымен отандық білім беру жүйесінде алғаш рет Сөз мәдениетін оқыту мәселесі зерделеніп, мектептерде жүзеге асырылды. Ғалым бұл мәселені докторлық диссертациясының зерттеу нысанына ала отырып, жан-жақты қарастырды. Оның жеке авторлығымен «Жалпы білім беретін мектептің 10-11-сыныптарында «Сөз мәдениетін оқытудың тұжырымдамасы (концепциясы)», қосарлы авторлықпен 10-11-сыныптардағы «Қазақ тілі» пәнінде «Сөз мәдениеті мен шешендікті» оқытудың мемлекеттік білім стандарты, оқу бағдарламалары әзірленді. Аталған құжаттардың негізінде 10-11-сыныпқа арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жасалып, мектепке енгізілді. Жоо-дан кейінгі білім беру деңгейіндегі оқу жоспарына арнаулы оқу пәні етіп енгізілді. Оның ішінде Ж.Дәулетбекованың жетекшілігімен (Қ.Рай, Ш.Есмағанбетованың қосалқы авторлығымен) жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныпқа арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті және шешендік» оқулығы; Ж.Дәулетбекованың жеке авторлығымен 11-сыныптың мұғалімдеріне арналған «Қазақ тілін оқыту әдістемесі»  шықты.  Олар 2002 жылдан бастап республика мектептерінде үзбей қолданылып келеді. Сондай-ақ, осы бағытта 3 монографиясы жарық көрді.
  4. Ұлттық білім саласына сіңірген еңбегі.

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептер мен техникалық жоғары оқу орнындағы «Қазақ тілін» деңгейлеп оқыту. Көп жыл бойы өзі үзбей атсалысып келе жатқан бұл салада да әдіскер ғалым Ж.Т.Дәулетбекованың дара қолтаңбасы бар. «Қазақ тілін» Халықаралық стандарттарға сай деңгейлік оқытудың Тұжырымдамасын, білім стандарттарын, оқу бағдарламаларын түзуге, соның негізінде орыс тілді мектептердің 1-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» 67 аталымнан тұратын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешенін жасауға қатысты. Соңғы жылдары мектепке енгізілген жаңартылған оқу бағдарламалары негізінде дайындалған 62 аталымнан тұратын «Қазақ тілі» пәні оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешен авторларының бірі.

 5.Техникалық жоғары оқу орындарында «Қазақ тілін» коммуникативтік бағытта оқыту жүйесінің іргетасын қалаушы. Ж.Т.Дәулетбекова 17 жылдан аса уақыт бойы Қазақстан-Британ техникалық университетінде ұстаздық етіп келеді. Сол салада қазақ тілін деңгейлеп оқыту, мемлекеттік тілде іс жүргізу, кәсіби қазақ тілін оқыту мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізіп, ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектер жазды. Бұл сала бойынша 2 оқу құралының, 1 монографияның авторы. 2019 жылдан бері техникалық жоғары оқу орнында «Абайтану» пәнін жүргізіп келеді. Абай шығармашылығын оқытуға байланысты республика мектептері мен орта және жоғары оқу орындары мамандарына арнап дәрістер оқиды. 

  1. 6. Ғылыми кадрларды дайындауға атсалысып келе жатқан ғалым. Шебер педагог Ж.Т.Дәулетбекова – ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар республиканың жоғары оқу орындарында педагог, ғылыми кадрларды дайындауға атсалысып келе жатқан ғалым. Ол 2014-2018 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көп тілді білім беру институтындағы Қазақ тілі кафедрасын басқарды. Болашақ мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен интеллектуалдық әлеуетін жаңа заманға сай жетілдіру бағытында зерттеулер жүргізуде. Ғалым педагогикалық жоғары оқу орнының докторантурасында, магистратурасында, бакалавриатында «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Кәсіби қазақ тілі» пәндерінің типтік оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. Университетте «Сөз мәдениетінің негіздері», «Тілдік тұлға теориясы», «Білім берудегі жаңа парадигмалар», «Тілді оқытудың мотивациялық негіздері», «Қазақ тілінің стилистикасы» және т.б. пәндерден дәріс оқиды, семинар пәндерін жүргізеді.
  2. Әдіскер ғалым Ж.Т.Дәулетбекова – «Мән бере оқыту» атты төл технологияның авторы. Жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға бағытталған бұл технологияның жеті стратегиясы бүгінде мектеп оқушылары мен жоғары оқу орны білімгерлері тарапынан қызығушылық тудырып, үлкен қолдауға ие болды. Алдағы уақытта бұл технологияны кеңінен тарату жоспарлануда.
  3. Туған тілін тұмар еткен ғалым. Ж.Т.Дәулетбекова – латынәліпбилі ұлттық жазуды меңгертудің ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеген ғылыми жобаларға қатысып келеді. Авторлық топ мүшесі ретінде зерттеу нәтижесінде жарық көрген 1 монография, 1 оқу құралы, 1 оқу-әдістемелік құрал, 1 әдістемелік нұсқаулық дайындауға атсалысты.
  4. Отандық педагогика саласында ғылыми кадрларды дайындауға қосқан үлесі. Терең ғылымның астарына үңілген ғалым Ж.Т.Дәулетбекова – отандық педагогика саласында ғылыми кадрларды дайындауға атсалысып келе жатқан белгілі ғалымдардың бірі. Оның жетекшілігімен 2 ғылым кандидаты, 3 PhD – философия докторы, 5 педагогика магистрі дайындалды. Қазіргі таңда ғалымның жетекшілігімен 5 PhD бағытындағы диссертациялық жұмыс қорғауға ұсынылып отыр.
  5. Диссертациялық кеңестегі ғалымның орны. 2013-2019 жылдары профессор Ж.Т.Дәулетбекова – Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан ашылған гуманитарлық сала бойынша PhD – философия докторы ғылыми дәрежесін қорғататын Диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Сондай-ақ, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің сараптау комиссияларының, Білім берудің сапасын қамтамасыз етудің тәуелсіз қазақстандық агенттігі эксперттік тобының  мүшесі болды.
  6. Ұстаздардың білімін жетілдірудегі қолтаңбасы. Ж.Т.Дәулетбекова – 30 жылдан аса уақыт бойы республикалық, облыстық, аудандық Мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында үздіксіз дәріс оқып, педагог мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға зор үлес қосып келе жатқан ғалым-әдіскер. Республиканың барлық аймақтарында мектеп мұғалімдеріне тілді, гуманитарлық пәндерді оқытудың инновациялық бағыттары жөнінде авторлық курстар өткізіп, дәрістер оқыған.
  7. Тұлғатану ғылымы және Жанат Тұрарбекқызы.

  Парасатты педагог Ж.Т.Дәулетбекова – білім беру саласына қатысты өзекті мәселелерді отандық және шетелдік мерзімді басылымдарда кеңінен қозғап жүрген ғалымдардың бірі. Оның 150-ден аса ғылыми-көпшілік мақалалары жарияланған. Автордың тұлғатану бағытында да көптеген ғылыми-танымдық, шығармашылық-ғұмырнамалық сипаттағы мақалалары республиканың ағымдағы баспасөз беттерінде үзбей жарияланып отырады. Автордың жастарға, болашақ мұғалімдерге арналған танымдық-тәрбиелік мәні зор педагогикалық эссе жанрында бірқатар еңбектері жарық көрген.

        Отандық педагогика ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар, қазақ тілін оқыту әдістемесі саласына елеулі үлесін қосып жүрген ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекова – «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің (1996) және ҚР Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2011) мемлекеттік грантының иегері.

        Жанат Тұрарбекқызына тән адами қасиеттер-ішкі рухани байлығы, асыл адами қасиеті, кішіпейілділігі, еңбекқорлығы, парасаттылығы.

Педагогика-шын мәнінде парасаттылықты бойына дарытқан ғылым. Онымен парасатты педагогтар айналысса, бұл саланың құндылығы арта түседі. Бүкіл болмысы, ұлағатты ұстанымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының талаптарына толық үйлесетін Жанат апай, міне, осындай тұлға.

         Педагогика ғылымында сара жолы бар ғалым өз ойын былай түйдектейді: «Дана халқымыз өз кәсібінің қыры мен сырын терең меңгерген, оның өзгелер бойлай бермейтін ішкі бір иірімдерін сұңғылалықпен игерген. Сөйтіп, басқаға ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен дараланып тұратын сарабдал жандарды «хас шебер» деп дәріптейді. Байқап тұрсақ, осы «шебер» сөзі кәсіп иелеріне қатысты көбірек айтылады. Сондай ғылым саласының бірі - әдістеме ғылымын атар едік. Әрине, әдістеме ғылым болғандықтан, ол белгілі бір заңдылықтарға бағынып, берік қағидаларды басшылыққа алады; ал өнертектес деп айтуымыздың себебі: әдістемелік тұрғыдағы әрекеттің өн бойында шығармашылық пен даралық өзара тоғысып жатуы - басты талап. Өйткені оқыту – жанды, динамикалық үдеріс, өнерөрімді құбылыс. Әдістемеде таптаурындылыққа, қасандыққа орын жоқ».

Зиялы адам - қай жағынан болсын, өскелең ұрпаққа үлгі бола алатын, кейінгілер қарап бой түзейтін тұлға. Біздің кейіпкеріміз осы үденің көш басында тұр.

«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау», депті шығыстың бір ғұламасы. Бұл ұлағатты сөз бейнебір біздің мақаламыздың кейіпкері  Жанат Тұрарбекқызына арналып айтылғандай. Өйткені, ол өзінің қымбат та асыл уақытын шәкірттерінің бойындағы қасиеттерді дер кезінде танып ашуға, дамытуға арнауда әркез басқаларға үлгі-өнеге бола білуде. Иә, ғасырлар жылжып өтсе де «Ұстаз» сөзінің мән-мағынасы өзгермек емес. Жалпы ұлтжанды білімді жастар тәрбиелеу – аға буын өкілдерінің алдындағы борыш.

Жанат Тұрарбекқызы – білімді де білікті ұстаз, жастардың ақылшысы, жанашыры. Ол әр шәкіртіне ұл-қызындай қарайды. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Ол жаңалыққа ұмтыла білетін, ізденімпаз, білімді, еңбексүйгіш, парасатты, адал, мейірімді, талапшыл, жаны сұлу ұстаз.

Кісілік деген не?

Ол сірә, ең алдымен – кішілік! Өзіңді қандай жағдайда да қарапайым ұстап, жұртшылық арасында емін-еркін отырып, әңгіме айта білу, тыңдай білу һәм тыңдата білу. Мен Жанат апайға қарап сол кісілік деген өмір формуласының бір белгісін аңғарғандай болам.

А.А.Сатбекова,

педагогика ғылымдарының докторы,  профессор ҚазҰлтҚызПУ,

«ЖОО Үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері,

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі