Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Биологияны оқытудың замануи шешімі.


2 декабря 2021, 07:47 | 1 166 просмотров


Білім берудің замануи жүйесі, оқытудың инновациялық түрлері мен әдістерін енгізу педагогика қызметкерлерінің тұлғасы мен кәсіби құзыреттілігіне, білім беру мазмұнына жоғары талаптар қояды.
Биология – вирустардан бастап адамға дейін барлық тіршілік иелерін, олардың қоршаған ортамен қарым – қатынасын оқытып – үйретеді. Биология басқа ғылымдармен тығыз байланыста және кейде олардың арасындағы айырманы бөліп көрсету қиынға соғады.
Биология құрылымды – бағдарлы пән ретінде оқушының кеңістіктегі әрекеті негізіндегі тұлғалық бағдарын жүзеге асыратын дағдылар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биология сабағында оқытылатын объектілер мен үрдістердің әр түрлілігі жалпыбілімдік ақпараттық және оқушының ойлау дағдыларының дамуы үшін орасан зор мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Бұл даму қазіргі уақытта кез келген бейінді мектепте жүзеге асырылуда. Гуманитарлық бағыттағы сыныптар үшін биология табиғатқа, өмірге жақындығымен құнды. Математикалық бағыттағы сыныптар үшін бұл пән популяция генетикасы формулалары бойынша есептеу, нәруыздардың әр түрлілік формулаларын, тағы басқа қорыту сияқты әрекеттердің үлкен аумағын көрсетеді.
Абитуриенттердің басым бөлігінде теориялық ойлау әлсіз дамыған, бұны қазіргі уақытта мектептегі биология сипаттау материалын көп береді, фактілік ақпараттың көптігінен, теориялардың бекітілмеуінен деп түсіндіруге болады. Мектеп оқушыларының естеріне жүк түсіретін және қажет деңгейде дәлелдеуді қамтамасыз етуге мұрша бермейтін түрлі ағзалар құрылысының анатомды – морфологиялық бөліктерін есте сақтауы қажет деп қабылданған.
Биологияны оқытуда әлі де 11 – 13 жастағы оқушылардың ойлау ерекшеліктері жеткіліксіз ескерілген. Олардың бойында фактілерге деген қызығушылықпен қатар білгенін жалпылау және абстрактілеу, өз пікрін нақтылау, қорытынды жасау, білімді синтездеу сипаты да жоғары болып келеді.
Сондықтан биологияны алғаш оқыта бастағанда негізгі биологиялық ұғымдарды (эволюциялық, экологиялық, цитологиялық, морфофункциялық және т.б.) енгізген дұрыс. Және олар оқушылардың танымдық мүмкіндіктеріне қолжетімді есептеліп, сыныптан сыныпқа өткен сайын біртіндеп жаңа мәліметтермен кеңейтіліп, тереңдетіліп және толықтырылып отырса, жөн болар еді.
Биология материалдарын тізбектей беру мәселесінде оқушылардың білімді меңгеруі мен теориялық материалды логикалық тұрғыда қабылдауын жақсарту үшін келесі бөлімдер мен тақырыптардың орындарын алмастыру қажет:
1) «Сезім мүшелері» бөлімі барлық мүшелер жүйесін оқып болғаннан кейін өтілуі керек, «Ішкі секреция бездері» бөлімі «Зат алмасу» тақырыбының алдында өтілгені дұрыс;
2) «Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы» бөлімі «Жер бетіндегі тіршіліктің дамуы» бөлімінен бұрын оқытылуы қажет;
3) «Тірі ағзалардың химиялық ұйымдастырылуы» бөліміндегі «Нәруыздар биосинтезі» тақырыбын «Жасушадағы зат алмасу және энергияның пайда болуы» бөліміне ауыстыру керек;
4) «Жасушадағы зат алмасу және энергияның пайда болуы» бөліміне «Фотосинтезді» қосу қажет;
5) «Ч.Дарвиннің түрлердің пайда болу теориясы» бөліміндегі «Биологиялық прогресс пен регресс», «Биологиялық прогрестің өрлеу жолдары» тақырыптарын «Макроэволюция» бөліміне ауыстыру керек;
6) «Экологияға кіріспе» бөліміндегі «Әлемде және Қазақстанда экологияның мәселелері» тақырыбын «Биосфера және адам» бөліміне ауыстыру қажет.
Сонымен, бүгінгі күнде кездесетін түйінді мәселелер мектептегі биологиялық білім берудің, биологияны оқыту бағдарламалары тұжырымдамасын қайта қарау қажеттігі бар екендігін көрсетеді.
Биология пәні арқылы ғылыми – жаратылыстану сауаттылығын қалыптастырудың бір тәсілі практикалық бөлікті жүзеге асыру болып табылады.
№1 жұмыс. Бөлме өсімдіктердің өркенімен көбейту
«Жануарлар» бөліміндегі:
№2 жұмыс. Микроскоп немесе үлкейткіш шыны арқылы біржасушалыларды (кірпікшелі кебісше) бақылау: сыртқы құрылысы, денесінің тұрқы, қозғалысы, тітіркенгіштігі.
№3 жұмыс. Тұшы су гидрасының сыртқы құрылысын, қозғалысын, қоректенуін және тітіркенгіштігін оқып – үйрену.
№3 жұмыс. Шұбалшаңның, ұлудың сыртқы құрылысын оқып – үйрену (мүшелері, денесінің сілеймелі жабыны, қозғалысы). Былқылдақденелілерді су бетіне көтерілуі кезінде бақылау. Бақалшақтарының, тыныс алу тесігінің ашылуы. Бақалшақ пен тыныс алу тесігінің құрылысын оқып – үйрену.
№4 жұмыс. Аквариум балықтарын бақылау: сыртқы құрылысы, желбезектерінің орналасуы, қорегі, шартты рефлекстері.
№5. Сүт қышқыл өнімдердегі, қияр мен қырыққабат тұзды сөліндегі күні бұрын даярланған шөп таяқшасының бактерияларды қарастыру (айран, қаймақ).
№6. Біржасушалы және жіп тәрізді балдырларды микроскоппен бақылау. Қынаның сыртқы және ішкі құрылысымен танысу.
№7. Бірүйлі және екіүйлі өсімдіктердің құрылысын салыстыру
№8. Жайылымда және шабындықтарда өсетін өсімдіктердің түрлерін анықтау.
№9. Дәрілік өсімдіктерді анықтау.
№10. Кірпікшелі кебісшенің құрылысы мен тіршілігі
№11. Тұшы су гидрасының құрылысы. Гидраның тітіркенгіштігі, қозғалысы
№12. Шұбалшаңның сыртқы құрылысы
№13. Былқылдақденелілердің сыртқы құрылысы
«Жаратылыстану» және биология пәндерін оқытуды жүйелі жүргізуге, оның мазмұны білім берудің гумандылық идеясын іске асыруға мүмкіндік береді. Табиғат туралы толық білуге құштарлық, жаратылыс ғылымдарына деген танымдық қызығушылық қалыптасады.
Оқушылардың биологиялық дайындығы сапасын көтеру курсты кеңейту және тереңдетуді негізгі мектеп түлектерінің білім алуды аяқтаумен, ал бейінді мектепте болашақ мамандығын таңдау және ЖОО – да білім алуды жалғастырумен сәйкестікте жүргізуді қамтамасыз етеді.

 

Автор:
Д.И.Алғожаева, биология пәні мұғалімі.І.Жансүгіров атындағы орта мектеп.Ақсу ауданы.