Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Студенттердің шығармашылық белсенділігін дамыту заман талабы


3 декабря 2021, 08:38 | 503 просмотра



Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын одан әрі жақсы оқи түседі.
Питер Клайн
Білім- ел қазынасы, халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі. «Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры- ұстаздың қолында» деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын – ұстаз қолында, сондықтан да біздің басты мақсатымыз- білім сапасын жақсарту.
Қазіргі таңда білім берудің әлеуметтік құрылымы маңызды элементтердің біріне айналып отыр. Дүние жүзінде білімнің рөлі артып, әр елдің өзіндік білім беру жүйесі тағайындалған. Бірақ, ол әлем халықтарының білім берудегі тәжірибесімен, бағыт- бағдарымен деңгейлес болуы қажет екендігі сөзсіз. Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Білім беру жүйесінің қайта жаңартылуы баланың шығармашылық дарындылығын тануға және болжам жасауға жаңа көзқарасты талап етуде. Дарынды балаларды тану – нақтылы бір баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ үрдіс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес. (мысалы сынақтан өткізу) Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет. Дарындылықтың табиғаты шексіз. Осы дарындылық пен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді болып есептеледі. Зерттеушілік, ізденушілік – бала табиғатына тән құбылыс. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез.
Педагогикалық үрдісте балалардың дарынын ашуда білімгер мен мұғалімнің ынтымақтастығы қажет. Білімгердің өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Білімгерлер қоршаған ортамен таныса отырып өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйінде емес, өзі ашады. Абай атамыздың жетінші қара сөзіндегі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі- ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі – көрсем, білсем деп, ер жетіңкірегенде ит үрседе де, мал шуласа да, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді», - деген ой тұжырымы растайды. Биік танымдық қабілет , тұрмыс – тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың ерте жасынан туындайды екен. Дарынды бала қойылған проблеманы тұтастай көре біліп, оған байланысты болмыс сырларын көптеп шешуге, белгісіз нәрселерге зер салып, қызығады, түсініксіз нәрсені білуге ынтызарлық, түрлі сұрақтарға жауап іздеу, ой әрекетімен шұғылдануға бейім келеді. Сондықтан да ұстаздардың негізгі мақсаты – білімгердің жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, білімді өз бетінше меңгерту, студенттердің өмірге деген көзқарасын қалыптастыру және интелектуалдық іс – әрекетке әзірлеу. Сонымен бірге жаңаша оқыту жолдарын тауып, оны дамыту мен қалыптастырудың алғы шарттарын іске асыру. Жеке тұлғаны дамытып қалыптастыру үшін олардың өзгермелі әрекеттерін айналадағы нақты құбылыстар мен таныс объектілерді зерттеумен байланыстырудың маңызы зор. Тақырыпты таңдағанда « мені не қызықтырады?» -деген сұраққа жауап беру керек. Тек оқытушы білімгерге жоба жаза алатынын және жақсы идеялардың барлығы да жазу кезінде болатынын түсіндіріп, білімгердің жазуға деген қызығушылығын арттырса сонда бала зерттеу жұмысын жазуға талпынады. Зерттеу жұмысымен айналысу, шығармашылық жоба білімгердің аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу қабілетін қалыптастырады.
Білімгерді ғылыми зерттеу жұмысына қатыстыру үшін алдымен, оны қызықтыра отырып, зерттеу талабын қалыптастыру керек. Яғни бала ақпаратты ала білуге , оны басқаларға хабарлай білуге талпынуы тиіс. Ең алдымен білімгерді өздігінен шешім қабылдауға, ақпараттар алуға, оны басқаларға жеткізе білуге үйрету қажет.
Расында да тұлғаға дұрыс бағыт беру, даму, қалыптасу аймағына енгізу, өз белсенділіктерін туғызу, өзін-өзі тәрбиелеу іс әрекеттерін ықпал ету - ұстаздар алдындағы жауапты міндет. Білімгерлердің бойында дарындылық қасиеттерін, ізденімпаздығын қалыптастыруда жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық ой, пәндік апталықтар мен үйірмелердің маңызы зор. Барлық жұмыстарда білімгерлердің ізденіс қабілетін ұштап, оң нәтижеге ықпал етеді.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін, дарынын ашу және студенттердің шығармашылық белсенділігін дамыту ең басты көкейкесті мәселе болып табылады. Еңдеше білімгерді ізденушілікке баули отырып ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілетерін ашуларына көмектесуіміз қажет. Бүгінгі таңда оқу тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы білімгерлердің білім сапасын арттыру, шығармашылық белсенділігін дамыту өзекті мәселе екені белгілі. Осы мақсатты жүзеге асыруда оқытушылардың кәсіби шеберлігі, біліктілігі мен ізденісі дарынды балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталуы тиіс.
Оқытушының басты міндеттерінің бірі - әрбір білімгердің өз мүмкіндігін, қабілет және икемділігін таныта білуіне жағдай жасау. Өйткені бейімділік – адамның белгілі бір әрекет пен айналысуға бетбұрысы, оған көңіл аууы, оянып келе жатқан қабілетінің алғашқы белгісі. Шын мәніндегі бейімділік әрекетке құштарлықпен ғана емес, оны нәтижелі етіп орындаумен ерекшеленеді. Білімгердің шығармашылық белсенділігін тиімді әдіс-тәсілдермен дамыту оқытушының шеберлігі мен біліктілігіне байланысты. Оқытушы баланың танымдық белсенділігі мен өздігінен білім алу жолдарын қалыптастырып, оларға бағыт беріп, жолдарын көрсетуі керек. Сонда ғана студент өзіне түсініксіз жағдайды таба білушілікпен өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді. Қазіргі кезде өз бетімен жұмыс істеуге бейімді шығармашыл жастарымыз жетерлік.
Қорыта келгенде, О.Бальзактың «Ұдайы еңбек ету- өнердің де, өмірдің де заңы» дегеніндей білімгерлердің шығармашылық қабілеті мен белсенділігін арттыруда оқытушыға үнемі ізденумен талмай еңбек ету керектігін міндеттейді.
Дарынды да, қабілетті білімгерлерді ғылымға баулып, ғылым арқылы егемендігімізді нығайтуға үлес қосайық құрметті әріптестер!

Автор:
Саңқайбаева Гүлжан ЖолдасбекқызыТалдықорған жоғары политехникалық колледжіХимия пәнінің оқытушысы