Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ҰСТАЗДЫҚ ҚЫЗМЕТ, ҰЛЫ ҚҰРМЕТ»


6 декабря 2021, 07:12 | 319 просмотров


Алты алаштың басы қосылған жерде, төрдегі орын – мұғалімдікі.
Мағжан Жұмабаев.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Тәуелсіз ел атанып, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке апарар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы – мұғалім.
Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар, мұғалімнің де рөлі зор. Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солдай ардақтауға міндеттіміз” деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім.
"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" дегендей, ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда ұстаздың орны бөлек.Осы ұлағатты жолда ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың мына сөздерін өзіне басшылық алатын : «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Менде алдыңғы буынды білікті ұстаздардың айтқан ақылдарының бәрін әрдайым жадымда ұстап, саналы ұрпаққа, сапалы білім мен тәрбие беру жолында еңбегімді аямай тер төгемін. Тәжірибелі мұғалімнен тәлім – тәрбие алған, ең бақытты ұстазбын деп есептеймін.
Мен бүгінгі таңда Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде қаза тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болып қызмет істеймін. Менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым жоғары. Ұстаздардың ғылымның соңғы жаңалықтарын күнделікті сабақтарында пайдалануда білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялардың орны ерекше.Жаңа педогогикалық технологиялар арқылы бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырудың жаңашылдығы ерекше. Ақпаратпен жұмыс істей алу білімін қалыптастырады және қатынас жасау қабілетін туғызады. Жаңа таным құралдарын пайдалануға және ұйымдастыруға жағдай жасайды. Білім беруді ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Оқушылар өзіне қажетті ақпаратты жедел түрде алады. Білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырады. Оқытудың ой - өрісін, дүниетанымын кеңейтеді. Алған білім негізін дамыта отырып оқушының шығармашылық деңгейін шыңдап, жетістіктерге жетуіне көмектеседі. Жаңа ақпаратты жинақтап салыстырып, жүйелеп, нақты қорытынды жасап дәлелдейді. Алған білімін талдап, жинақтап, жүйелілікке қалыптасады.
Қорыта келгенде мен өзімнің таңдаған мамандығыма үлкен жауапкершілікпен қараймын Ш.А.Амонашвилидің «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойында да сүйіспеншілікті дарыта алмайды...» деген сөзі босқа айтылмағаны белгілі. Себебі, мен әр сабағымда оқушымен қарым - қатынасты, олармен сөйлеу мәнерін, сабақты ашып түсіндіру, оқушы бойына қызығушылық туғызып, оқушының жан - жақты болуына үлкен көзқараспен, сенімділікпен қараймын. Сонымен қатар оқушылардың ойын жинақтай отырып, еркін, қысылмай сөйлеуіне жете көңіл бөлемін. «Мамандығым – мақтанышым» демекші , бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан алдыма қойған мақсатым балалардың ақыл - ой ынтасын көтеріп, білімді игеруге ынтасы мен дағдысын қалыптастыру, ойлау қабілетін шыңдау, бәсекеге қабілетті, жан - жақты дамыған, жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын, білімді жас жеткіншектер тәрбиелеп шығару. Жаңашыл ұстаз шәкіртке жан - жақты білім беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жайында өмір сүруге тәрбиелеу - өзімнің басты парызым деп санаймын. Олай болса, ертеңгі өмірдің баянды да бақытты болуын қалаған әрбір адам ұстазға құрмет көрсетуді өзінің борышы деп санаған дұрыс.
Қорыта айтқанда, әр мұғалімнің алдындағы мұраты – өз пәнін жетік біліп қана қоймай, әр оқушыны шығармашылық тұлғаға жетелеу. Әр баланың қабілетін, талантын ашу, өзіне өзінің сенімін нығайтып, өзіне-өзінің жол ашуына түрткі жасау – міне бүгінгі білім беру, тәрбие ісінің басты міндеті.

Автор:
Ақерке Дүйсембекова,Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысыТалдықорған қаласы.