Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жас сарбаздар ант қабылдады


24 декабря 2021, 08:01 | 1 633 просмотра



Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің әр өңірінен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге келген 200-ден аса жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылданды.

 Айтулы шара санитарлық-эпидемологиялық шектеулердің талаптарын қатаң сақтай отырып, оған Сарыөзек ауданының тұрғыны, құрметті азаматы, Ауған соғысының ардагері отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев, Десанттық-шабуылдаушы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов, бөлім командирі полковник Ержан Ембергенов және Сарыөзек гарнизонына қарасты әскери бөлім командирлерімен Қазақстанның әр өңірінен жиналған жас сарбаздардың ата-аналары қатысты. 

Олар әскери бөлімнің жас сарбаздарын айтулы мерекелерімен құттықтап, Отан қорғаудағы істері мен алдағы атқаратын еңбектеріне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде бөлім командирі полковник Ержан Ембергенов сөз алып, жас сарбаздарға Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын, әскери анттың және Отанға адал болуға, сондай-ақ әскери ант қабылдаған әскери қызметшілерге жүктелген құрметті міндеттің мәнін естеріне салып, оларды аталмыш мерекесімен құттықтады.      

Бұдан кейін сарбаздар Отан алдындағы борыштарын адал өтеуге, көпшілік алдында ант берді.

Сонымен қатар жас жауынгер курсы кезінде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті.

Бөлімнің барлау-шабуылдаушы батальонының әскери қызметшілері саптық алаңда қоян-қолтық ұрысынан өздерінің шеберліктерін, кәсіпқойлылығы мен іс-қимылдарының үйлесімділігін көрсетіп жиылғандарды тәнті етті.

- Бүгін біз ел алдында ант бердік. Отан қорғауда патриоттық тәрбие мен темірдей тәртіпке үйреніп, нағыз азамат болғанымызды сезінуіміз керек. Сарбаз болып әскерге келу әр азаматтың Отан алдындағы борышы деп білемін. Барша жауынгер достарымды құттықтаймын, - деді ант қабылдаушы жас сарбаз Мирас Абылайханов. 

Айта кету керек, жас сарбаздардың әскери борышы еліміздің тәуелсіздігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі болып табылады.

 

 

Автор:
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы майор Абзал Сартаев