Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Елбасы мектебі» әнұранының шығу тарихы


24 декабря 2021, 11:23 | 1 541 просмотр



 

Басталғанда жаңа ғасыр өткелі,

Бүржарғанда жастығымның көктемі.

Біздер үшін айқара ашты есігін,

Елбасының Зияткерлік мектебі.

 

NIS әнұранының алғашқы жолдары осылай басталады, туындының авторлары Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналары – Жұматай Оспанов және Данияр Құрамысов.

Әнұранның шығу тарихы 2010 жылы NIS желісіндегі алғашқы білім ордаларының бірі – Талдықорғандағы Зияткерлік мектеп ашылған жылдан басталады.

 

– Тұңғыш Президент атындағы мектептің ашылуы қаламыз үшін үлкен оқиға болды және әрбір бала NIS-те оқуды армандады, – деп Данияр Құрамысов өз естеліктерімен бөліседі: – Біздің балаларымыз да шет қалмады. Екі ұлым да конкурстық іріктеуден сәтті өтіп, мектепке қабылданды. Өнердегі досым Жұматай Оспанұлының да баласы сынақтан сүрінбей өтті.

 

Мектептің алғашқы директоры Гүлайым Байжікенова болды, ол Талдықорған қаласындағы NIS-тің қағидалары мен құндылықтарын қалыптастырды.

Арада жарты жылдай уақыт өткенде Гүлайым Қабидолданқызы зияткерлердің ата-аналарын мерекелік концертке шақырып, оқушылардың шығармашылық белсенділігі туралы ой бөлісуді ұсынды. Бұл күні қуанышқа бөленген ата-аналар қатарынан Данияр Құрамысов пен Жұматай Оспанов үн қосқан еді. Жұматай – журналист, жазушы, ақын, Данияр – композитор әрі ондаған әндердің авторы.

 

– Туынды бір апта ішінде дайын болды. Өнерлі оқушылардан шығармашылық топ құрып, әнді жаздырдық, тіпті бейнебаян да түсірдік, – деп еске алды Жұматай Оспанов: – Сонда марқұм Бейсен Құранбектен осы шаруаға көмектесуін өтіндім. Әрқашан жаңалыққа жаны құмар Бейсекең «Елбасы мектебі» әнұранына алғашқы бейнебаян түсіруімізге бірден қолдау көрсетті. Ән барлығына, әсіресе оқушыларға қатты ұнады.

 

Содан бері он бір жыл өтті. Талдықорғандағы NIS-тің «Елбасы мектебі» әні еліміздің барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әнұранына айналды.

Автор:
NIS Талдыкорган