Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Туған жердің келбеті


29 декабря 2021, 03:47 | 748 просмотров



 

Қасиетті тауым менің Шағаным,
Туған жерім сенен қуат аламын.
“Әулие бастау” аталатын бұлақта,
Ізі қалған Қабылиса бабамның…

Қызыл бұлақ, текше Сарыой, Молалым,
Жылы күнгей, Көк үй, Артель, Самалым.
Солтанайым, Жаңабайым, Тасжарған,
Гүл жайнаған жасыл желек алабың.

Он алты сай, он алты қыз сияқты,
Қыраттарың, сұлу қабақ қияқты.
Көркем сайдың көркемдігі ерекше,
Арулардың намысындай ұятты.

Ойжайлауым, жалғыз бастау, болған жай,
“Бал арадан” бал бөшкелер толғандай.
Үңгір таспен науатасты табиғат,
Шын шебердей қолмен қашап жонғандай.

Сәмен суы сарқырайды бір тынбай,
Тауды тесіп шығып жатыр бұрқырай.
Қалай ғана тасты жарып шықты екен?!
О Галамат, бұл не деген тылсым жай.

Шаған тауым аспанменен таласқан,
Ақша бұлтың қандай әсем жарасқан.
Басыңдағы ару қыздың бейнесі,
Нұры таймас сұлулыққа жол ашқан.

Алмалы сай, Естібай, Қаратасым,
Қос-төбе, кілең сайым, бал-бал тасым.
Табиғат сұлулығын жасыра алмай,
Биіктен көз тартады Айғай тасым.

Жалаңтөс, Малайсары, Ақтөбеде,
Қыстау бар малымызға бақ береке.
Мыңғырған төрт түлігім жайылатын,
Жайлау бар Суықтөбе, Ақтекшеде.

Мың құбылтып Шаған таудың бөктерін,
Келген кезде мамыражай көктемім.
Рауғашы, Сарымсағы, қымыздық,
Қойжуасы шақырады Текшенің.

Жаздың алғаш, жылы лебізі ескенде,
Бүлдіргендер құлпырады бөктерде.
Тамсандырып қарақат пен долана,
Көз тартады алуан емдік шөптерде.

Топырағы құнарлы ғой жерімнің,
Мол ырысы, бұл да туған елімнің.
Ақ жаңбырмен бітік шыққан қашанда,
Бау-бақшамыз, арпа-бидай егінім.

Аю, қабан, қасқыр, түлкі елігім,
Үйрек, қазы, қырғауылды өңірім.
Жасыл шырша, тобылғысы, бөркөзі,
Табиғаттың келтіген-ау көрігін.

Жауқазыны, шуындығы бір бөлек,
Ботатабан, Райхан гүлі тұр ерек.
Иманжапырақ, бақ-бақ гүлі, шаңқурай,
Мыңжапырақ сырқатыңды емдемек.

Табиғаттың таусылмайды жыр-әні,
Біздің ауыл көргендерге ұнайды.
Міне біздің ырысты жер құт мекен,
Осы менің туған жерім шұрайлы.

 

Автор:
Саржан Әбдірасылов