26 января 2022, 02:51 | 3 029 просмотров
Қазақстан әскерінің құрамында болған кәсіби спорт шеберлері жетерлік. Олардың арасында халықаралық спорт шебері атағын алғандар бар. Солардың бірі Сарыөзек гарнизонының шабуылдау бригадасында Қазақстанның Халықаралық дәрежедегі кір тасын көтеру бойынша спорт шебері қатардағы жауынгер Друца Никита Викторович мерзімдік әскери қызметін атқаруда.
Ол 2003 жылдың 23 наурызында Қостанай қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала кезден спортқа ден қойған сарбаз, мектеп қабырғасында жүріп спорттық секцияларына қатысқан. Он үш жасында кір тасын көтеруден спорт шебері кандидаты, он төрт жасында спорт шебері, он бес жасында халықаралық спорт шебері, он алты жасында әлем чемпионы атағына ие болған.
2019 жылы Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжіне «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша білім алуда, әскер қатарына шақырылуына байланысты оқуын уақытша тоқтатып, әскери борышын аяқтаған соң қайта жалғастырмақшы.
2021 жылы Будапештте кір спортынан әлем чемпионатында 24 келі кір тасын 151 рет көтеріп, «Ұзын цикл бойынша сілкіп көтеру» жаттығуларынан әлемдік рекорд орнатқан.
Ал қазір ол қарапайым Қазақстан азаматы тәрізді Отан алдындағы әскери борышын өтеуге әскер қатарына шақырылып, әскери қызметін спорттық мансабымен үйлестіре отырып, қатардағы жауынгер қызметін атқаруда.
– Мектепті аяқтағаннан соң армияға барғым келді. Қызмет барысында біз автоматпен танктен атуды үйрендік, өйткені мен Т-72 танкінің нысаншы-операторы ретінде қызмет етемін, – деді спорт шебері қатардағы жауынгер Никита Друца.
Сондай-ақ спортшы әскерде жүріп, спорттан қол үзбей, бөлімдегі әскерилер арасындағы ұйымдастырылған спорттық сайыстарына да қатысып, жеңімпаз атанып, өзін үздіктер қатарынан көрсетіп жүр.
Алдағы жоспарланған жарыстардың бәріне ол әскер қатарында жүріп дайындалуға тура келеді, алайда оның дайындығына еш кедергі келтірілмейді. Бұл ретте спортшыларға әскери борышын өтеу кезінде біршама жеңілдік жасалатынын, спорттық бабын жоғалтып алмас үшін оларға жаттығу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік берілетінін айта кеткен жөн.