Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Болашақ әскерге шақырылушыларғатіркеу куәліктері табыс етілді


21 февраля 2022, 10:11 | 3 509 просмотров



Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күнін сарыөзектіктер ерекше атап өтті десе болады. Кербұлақ ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде өткен салтанатты шараға интернационалист-жауынгерлермен қатар, Қарулы күштердің ардагерлері, аудан мектептеріндегі бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен он бірінші сынып оқушылары қатысты.

 Ардагерлер майдан жолдарынан сыр шертіп, көптеген естеліктер айтты. Жастарға Отанды қорғау парыз екендігін есте шығармауын жеткізіп, оларды елінің патриоты болып өсуге шақырды. Өз кезегінде оқушылар да ардагер ағаларына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, қызықты мағлұматтарға қанықты.

Сонымен бірге, шара барысында 2005 жылы туған бозбалаларға әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктер салтанатты түрде табыс етілді.

 – Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу ер жігіттің міндетті. Жастарымыз туған жерді қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін ұмытпаса дейміз. Бүгін қолдарына тіркеу куәлігін алған бозбалаларымыз да болашақ ел қорғандары. Оларға ардагерлердің атынан сәттілік тілеймін.

Әріптестерімді де бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын. Заманымыз тыныш, еліміз аман болсын, – деді бүгінгі шараның құрметті қонағы Ауған соғысының ардагері, отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев.

Кербұлақ ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы подполковник Болат Омаров ардагерлерге ризашылығын білдіріп, алғыс хаттарды табыс етті.

Автор:
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығымайор Абзал Сартаев