Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жасанды интеллект және NIS пен Наурыз дәстүрлері


29 марта 2022, 04:56 | 1 273 просмотра



Түркістанда ұлыстың ұлы күні қарсаңында дәстүрлі ғылыми жобалар байқауы өтті. Оған еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері қатысты. Биыл сайыс Жасанды интеллект және мехатроника тақырыбына арналды. Оқушылар медицина, экология, математика, химия, биология, физика бағытындағы жобаларын ұсынды.

  «Мен сияқты  жаса» секциясында жас ғалымдар мен өнертапқыштар STEAM жобалармен таңқалдырды, олардың көпшілігі медицинаға жасанды интеллектті енгізуге арналған. Мәселен, Тараз қаласындағы NIS оқушысы Камилла Машанло әзірлеген COVID-19 клиникалық симптомдарды бақылау жүйесі Жамбыл облысындағы ең үздік стартап атанып, облыстық көпсалалы ауруханаға қолданысқа берілді. Оралдық Алмас Сапаровтың авторлығымен дайындалған  ChestXRayAl қосымшасы рентген арқылы пневмония ауруын анықтауға мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Зияткерлік мектептің оқушысы Аяулым Беркінбаева Наурыз кездесулеріне жасанды интеллек негізінде жасақталған FENIX биометриялық протезін алып келді, Аяулымның бұл жобасы авторлық құқық алып үлгерді. Астаналық халықаралық бакалавриат мектеп оқушысы Екатерина Ким мен Арман Рысмаханов зағип жандардың жазу қабілетін арттыратын «JAZGYSH» инновациялық құрылғысын таныстырды.  Қарағанды мектебінің жас ғалымы Ұлан Мұстафиннің интерактивті ойындар түріндегі «STROKE REC AR» бағдарламасы науқастарды инсульттен кейін оңалтуға көмектеседі.

Наурыз кездесулерінің басты жобаларының бірі тұрмыстық жанжалдар кезінде шұғыл көмек көрсету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақтөбелік жас өнертапқыш Аян Қайырбектің «UMAI ASAR» мобильді қосымшасы болды.

Экологиялық жобалардың үлкен сериясы дайындалды, оның ішінде істен шыққан техникалар бойынша «Екінші өмір» жобасы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды ақылды жинауға, атмосфераны және жалпы табиғатты сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған роботтар мен роботтық жүйелер бар.

      Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Әмина Қайратқызы «Қалдықтарды сұрыптау жүйесі» жобасын ұсынды. Жоба бірнеше роботтық жүйелерден тұрады, олардың әрқайсысы қоқыс түрін таңдап, сорттайды.  

     Наурыз кездесулерінің негізгі оқиғалары ретінде бағдарламанған оқу-жаттығу дрондарының ұшуы, «Ең сейсмикалық төзімді құрылым» командалық ойыны, сондай-ақ жас өнертапқыштар құрастырған автокөліктер шыққан  «NIS Intell Race» автожарыстарын атауға болады.

Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Тасқын Бегунгутов 7-8 сынып оқушыларына «Жер сілкінісін түсіну үшін математикалық модельдеуді қолдану» атты элективті курс өткізді.

  • Жобамен жұмыс істей отырып, оқушылар сейсмикалық мәліметтерді түсіндіруді, триангуляцияны жүргізуді үйренді және сейсмикалық белсенділік тектоникалық тақталардың қозғалысына байланысты екеніне көз жеткізе алды, - дейді Тасқын Бегунгутов курс туралы.

Наурыз кездесулері – Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін айтулы оқиға, биыл олар дәстүрлі форматқа орала бастады. Жыл сайын наурыз айында NIS-те жас ғалымдар мен өнертапқыштар жасанды интеллект, цифрлы технологиялар және әлемдік ғылымның соңғы тенденциялары халықтық дәстүрлер мен ұлттық мәдениетпен қолдау табатын бірегей жобаларды ұсынады.

Автор:
NIS города Талдыкорган