Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тема: БІЛІМ

Шуағын төккен шырағдан


20 мая 2022, 05:41 | 3 734 просмотра



Қазақта Мағжан Жұмабаевтан асқан сыршыл һәм шыншыл ақын жоқ шығар. Өйткені қаламгер "Күллі алаштың баласы бас қосса - төр ұстаздікі", - депті. Турасын айтқанын бөз қадірінен сөз қадірін жоғары қоятын жұрт біледі. Шынын да ұстаздық ету - ұлағатты һәм құрметті қызмет. Оған талайдан көз жеткізіп жүрміз. Мәселен, сөзімізге №15 мектептің ұлағатты ұстазы дәлел. Шабденов Бірлікті Шәрімбайұлы әліпті таяқ емес, әріп екенін ұқтырған, білсем, үйренсем деп білімге қаталаған санамызды ілім-білім мөлдір бұлағынан сусындатқан, біліммен қоса тәлім мен тәрбиенің нәріне қанықтырған өз саласының білгірі. "Менің атым - Қожа" фильмін тамашалаған жан біледі, кино кейіпкері Рахман ағай "Әрбір шәкірт шамшырақ, ал ұстаз оны жаға білуі керек" демей ме? Ал бұл ұстаздың алдынан шырағы жанбаған шамшырақ шықпаған. Оны зор сеніммен айта аламыз.

Шабденов Бірлікті Шәрімбайұлы - "өз уақытын аямаған, шәкірт бақытын аялаған" нағыз майталман. Еңбек өтілі 37 жылға жуық ардақты ұстаз еңбек жолын сонау Ақсу ауданы, Қызылорақ орта мектебінде бастаған. 1995 жылдан бастап біздің алтын ұядай білім ордамызға қызмет ауыстырған. Оған дейін Ақсу айданының бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен байқаудың жеңімпазы атанса, 1996 жылы Талдықорған қалалық "Жыл мұғалімі" ұстаздар додасында 3-орынды қанжығасына байлаған екен. Ал 2000 жылы қалалық сынып жетекшілері арасында өткен қалалық байқауда да оза шауып, шашасына шаң жұқтырмапты. Осындай сала білгірінің алдынан талай мұзбалақ ұшып шығып, талайы биік белестерді бағындырып жүр. Әлі күнгеның Бірлікті Шәрімбайұлының  тәлімі мен тәрбиесін алғандар мен алып жүргендер облыстық және республикалық білім додаларында, нақтысын айтқанда "Кенгуру", "Ақ бота", "Зерделі", "Зерде" білім сайыстарында алдына қара салмай жүр. "Тәртіп жоқ жерде білім сапалы болмайды", - деген ұранды сөзі бар ұстазымызға әрдайым бас иіп, құрмет көрсету артықтық етпейді. Себебі Бірлікті ағаймыздың  тәрбиелеген шәкірттік осалы жоқ. 1995 жылдан бері ардақты ұстаздан тәлім алған 48 оқушы қатарынан оза түсіп, интелектуалдарды даярлайтын ірі білім ұяларына қанат қағыпты. Мәселен, Ағай жаққан шамшырақтардың қатарынан 24 оқушы лицейден білім алуға ойысса, 24 оқушы білімнің нағыз "құдығына" айналған Назарбаев зияткерлік мектебінен орын тапқан. Бұл - ұстазымыздың нағыз шәкірт бағбаны екенін аңғартқандай.

Батыс философиясында "Адамдығы мол шәкірт үшін ұстаздан құрметті жоқ" деген сөз бар. Ұстазымыздан әрқашан адамгершілік қасиеттерден бөлек өнер үйренуді де әдетке айналдырдық. Өйткені Ағай  өнер атаулыға жаны жақын, "нағыз қазақ" домбыраның, гитараның құлағында ойнайды. Бізге бастауыш сыныпта музыка пәнінен дәрісті өзі беретін. Ол үнемі "Өнерпаздық - білімділік тірегі" деп отырады. Одан бөлек, бес саусағынан өнер тапған майталман. Әдетте ермексаздан, қағаздан, картоннан түрлі бұйымдар жасайды. Биыл сәуір айында, ғарышкерлер күні қарсаңында бізбен бірлесіп картон мен қағаздан тұғыры 3 метр болатын ракета құрастырдық. "Үйретуден жалықпайтын" ұстазымыз ғарыш кемесін жасаған соң, оны мектептің "Арман" газетіне зор мақтанышпен бедерлеп орналастырды. Айтпақшы, Бірлікті Шәрімбайұлының  бастамасымен 2022 жылдан бастап білім ордамызда мектепішілік газет шығады. Газеттің беттерін оқушылар мақалалармен, шығармалармен, мектепішілік жаңалықтармен, фоторепортажбен қамтығанмен, басты жұмысын ретке келтіріп отырады. Қазақтың марқасқа қаламгерлерінің туындыларын үнемі шәкірт санасына сіңіріп отыратын ұстазымыз үнемі кітап оқуға, газет оқуға насихаттап отырады. Ұстаздың айтуынша, кітап пен газет-журнал адамзатты жарқын болашаққа жетелейді. Одан бөлек, мұғаліміміз спортты қатты жақсы көретін тұлға. 1996 жылдан бері "Олимп-КМФ" аула футбол клубын жаттықтырады. Аталмыш команда үнемі жеңісті өзгеге берген емес. Оған кубоктар мен алғыс хаттар куә.Қызымыз Стамшалова Роузана мен Раяна  қос қызымызға қалам ұстатып бастауыш сыныбын қоштастырдыңыз Сізді ағай деп  сынып ұл қыздары  сағынышпен Ұстаздық құрмет көрсетеді .

Ұстаз - ұлық мамандық. Ұстаздық ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, атаулы саланың қазанында қайнағандар болашақты қалыптастырады. Батыс ғұламалары "Ұстазың қандай - болашағың сондай" деп тегін айтпаса керек. Біздің ұстазымыз, қадірліміз . Осы ұстазымыз әрдайым кеудеміздегі құрметтің төрінде болмақ. Ілім мен білімнің мөлдір бұлағына қанықтырған ардақты , Шабденов Бірлікті Шәрімбайұлына сынып жетекшілік қызметіңізге ата ана қамқорлы әкелер атынан  сізге алғаусыз алғыс!

Автор:
Тәжікеева Балзада Сыдыққызы, Талдықорған қаласы.