Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Шетелдік делегациямен кездесу


8 октября 2009, 06:32 | 1 718 просмотров


ҚР Білім және ғылым вице-министрі Айдар Шакуров Ұлыбританияның Зияткерлік меншік және жоғары білім министрі Дэвид Ламми бастап келген шетелдік делегациямен кездесті.

Кездесуге ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Пол Брамелл, Ұлыбритания колледждері қауымдастығының, Ағылшын тілін үйрететін аккредиттелген орталықтар қауымдастығының және басқа да жоғары және арнайы білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.

Мәртебелі меймандар 3 мыңға жуық қазақстандық мектепке он-лайн режимінде сабақ өткізуге мүмкіндік беретін интерактивті бөлмемен танысқаннан кейін А.Шакуров оларға Қазақстанда білім және ғылым салаларын дамыту тұрғысында жасалып жатқан жағдайлар турасында әңгімелеп берді.

Мәселен, ол Қазақстанда білім беруді қаржыландыру соңғы 10 жылда 7 есеге артқанын, сауаттылық деңгейі бойынша Қазақстан 174 елдің ішінде 14-ші орынды алып отырғанын, сондай-ақ республикада 3763 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 7620 мемлекеттік және 115 жекеменшік мектеп, 318 кәсіби лицей, 530 колледж бен 145 ЖОО жұмыс істейтінін жеткізді. Барлығы бұл жүйеде 500 мыңға жуық педагог пен ғалым жұмыс істесе, 4,5 миллион адам білім алады.

Сонымен қатар, елде қабылданған кәсіби-техникалық білім беруді және ғылымды дамыту мен қолдау бағдарламалары, қазақстандық ЖОО-лардың Болон және Университеттердің Ұлы Хартиясына қосылу үрдісі тілге тиек етілді.

«Бүгінде Қазақстан Ұлыбританиямен білім және ғылым салаларында белсенді жұмыстар атқарып отыр. Оның бір дәлелі - республикада жұмыс істейтін Қазақстан-Британ университеті және 2008 жылы ашылған Орталық Азиядағы алғашқы жекеменшік британдық мектеп. Сіздердің бұл сапарларыңыз екі елдің қарым-қатынастарын одан әрі бекіте түсуге ықпал ететін болады деп сенемін», - деді ол.

Автор:
По материалам газеты "Известия"