Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Полицияның көмегіне жүгінеді, құқық бұзушымен бірге өмір сүреді


23 июня 2022, 10:32 | 5 058 просмотров



Елімізде әр үшінші отбасы - тұрмыстық-зомбылықтан зардап шегеді. Арада болған ұрыс, төбелес, әрбір отбасы мүшесінің көңіліне қаяу түсіріп, бәрінің басын шалып өтетіні өтірік емес. Бұл жерде тек зардап шеккен әйел ғана емес, құқық бұзушы “тиранның” да және ортадағы баланың да психикасы бүлініп, ақпараттық түсіндіру жұмысын қажет етеді. Неліктен әйел қауымы зорлық көре тұра үндеместікке барады. Бұл жерде салт дәстүрдің ықпалы ойнап, баяғы “ұят” басады ма? Әлде көмек қолын созатын ақпараттық жұмыстан әлеумет бейхабар ма?

Ұлттық статистика бюросының ұсынуымен, өткен жылғы көрсеткіште 81,5 мыңнан аса тұрмыстық-зомбылық іс тіркелген. Биыл сандардың қалай өзгеретіні белгісіз. Дағдарыс орталықтары одағы мен сенім телефоны қызметінің статистикасы, “Бақытты отбасы” сынды орталықтардың телефон нөміріне үздіксіз хабарласып, атаулы мәселемен жүгінетіндер біршама. Онымен қоса бүкіл дүние жүзіне келген пандемияның да қосқан үлесі аз емес. 

Зорлық-зомбылықты көрген әйел алғашында, шағымданып арызданады. Кейін қорыққаннан, “агрессорға” қатысты шағымдары жоқ екендігі туралы қарсы мәлімдеме жазады. Бірақ бұдан кейін де құрбан болмасына еш кепілдік жоқ. Ол үйге оралады, ал құқық бұзушы оны қайтадан ұрады. Жігіттің туысқандары келіп ұят деп қаралап, арызды қайтып алуын өтінеді. Бұл психологиямен өте тығыз. Яғни, құрбан болған адамның өзін кінәләу арқылы үйдегі тирандарды кешіріп отырған жайы бар. Үй тирандарына жаза-әкімшілік кодекстің екі бабы арқылы: денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулікке дейін және ұрып-соғу үшін 10 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Дегенмен, агрессорды ескерту арқылы құтқаруға болады. Бірақ айыппұл сияқты шара алынып тасталды, өйткені ақшалай түрдегі жаза бүкіл отбасына әсер етеді, сондықтан әйелдер полицияға жүгінгісі келмейді. Айта берсек, көтерер жағдайы көп, себебі бұл үнемі маңыздылығын жоғалтпайтын қоғамдық-әлеуметтік үлкен мәселе.

2016 жылдан бері Қазақстан Республикасы отбасылық және гендерлік саясат жайында тұжырымдамасы бар. Отбасы - ол қоғам. Әлеуметтік қорғау объектісі ретінде қарастырылғаны дұрыс. Гендерлік теңдіктің деңгейі жоғарыланған сайын, отбасы мүшелерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғау және жауапкершілік қасиеттері арта түседі. 

Әлеуметтік маңызы үлкен, қоғам болып қалыптасуда мәні бар отбасылық саясатты қозғағанда, баланы қорғау жайында айтып өтпеу мүмкін емес. Алматы облысында жыл басынан бері онға жуық жақын ортадағы адамдар жасаған балаларға қатысты зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері тіркелген. Және біз зорлық-зомбылықтың қай түріне болса да қарсымыз. Келешек күннің үміті жас бүлдіршініміздерді толығымен осындай кесапат дүниеден құтқара алмағанмен, ақпараттық түсіндіру жұмыстары арқылы алдын алуға болады. Және оны басымдыққа алған жөн.  Жаза жөнінде тағы да жоғарыда атап өткен мәселедей, кейбір ата-аналар туысқандарын жақтау үшін шынайы ақпаратты бермейді. Ал бұл істің және құқық бұзушы адамның тиісінше жаза алуына кедергі болады.

Шешімі бар, сіз кез келген жағдайда көмекке жүгіне аласыз:

  1. 102 телефоны бойынша зорлық-зомбылық туралы ауызша өтінішпен немесе портал арқылы полицияға дереу хабарласыңыз qamqor.gov.kz тіркеліп, онлайн өтініш беріңіз. Сіз құқық бұзушыға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерінен тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жерге баруды талап етуге құқылысыз.
  2. Жарақат алған жағдайда 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақырыңыз. Полиция қызметкерінен сот-медициналық куәландыруға жолдама алу.
  3. 150 немесе +77081060810 (WhatsApp) тегін нөміріне хабарласу, сайт www.telefon150.kz зорлық-зомбылық жағдайындағы балалар, жастар мен адамдар үшін Ұлттық сенім телефон желісіне. Сенім желісі тәулік бойы жұмыс істейді. Онда психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі, учаскелік инспекторлардың, дағдарыс орталықтарының және басқа да қажетті ұйымдардың байланыстары көрсетіледі. Өтініштің анонимділігі мен құпиялылығына кепілдік беріледі.
  4. Барлық өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Сіздің өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда, баспана алу үшін осы орталықтарға жүгінуге болады.
  5. Әр өңірде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді, онда кеңес алуға және қолдау алуға болады.

Сонымен қатар, Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте отбасылық және гендерлік саясат, ана мен баланы қорғау, отбасылық зорлық зомбылық жайында айтып өткен болатын. Өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларға арналған консультативтік орталықтар еліміздің 17 өңірінде ашылады, деп хабарлады Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

"Біздің ресурстық орталықтарда өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру және басқа да мәселелер бойынша "бір терезе" қағидаты бойынша ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсетілетін болады", - деді" дағдарыс орталықтары одағы " заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Зульфия Байсакова.

  Айта кету керек, орталықтарға тек көп балалы аналар ғана емес, сонымен қатар домбыра ойнауды, актерлік шеберлікті, биді, қолөнерді үйренуге балалар да барады. Сондай-ақ балаларға орыс және ағылшын тілдері, вокал, хореография бойынша курстар қолжетімді. Бұдан басқа, "Бақытты отбасы" орталықтары халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсетіп келеді.

Қорытындылай келе, әрбір жәбір көруші ақпараттық түсіндірумен танысып, осындай қауіпті дүниелердің алдын алу керек. Әрбір адам ол маңызды. Әлеуметтің кез келген өкілі мынау бейбіт заманда, бақытты әрі толық құқылы өмір сүруге лайықты.

Автор:
Өз тілшіміз, Айымжан Аманболқызы