Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Неліктен жастар білімге алаңдаулы?


11 июля 2022, 09:11 | 9 267 просмотров



Неліктен еліміздегі білім сапасын жоғары санатқа жатқыза алмаймыз? Кез-келген оқуға байланысты сыни пікір көзге ілініп, оның өзгерістер алып келуі ұзаққа созылады. Неге келіп түскен критиканы қабылдап сонымен жұмыс жасай отырып, болашағымызды бірге жасамасқа.

Көбі айтып өтер пікір, шетелде ең жақсы мектеп - ол, оның үйіне ең жақын мектеп. Біздің қоғамда байқағаныңыздай бөлу бар. 1) Артықшылықтары бар элиталық мектеп оқушылары; 2) Ата-аналары репетиторлар мен қосымша курстарға ақшасы жоқ қарапайым мектеп оқушылары; 3) ҰБТ-ға да жетпейтін балалар, мұғалімдер тоғызыншы сыныптан кейін оларды техникалық колледжге жібере салатындар. Сондықтан болар мектеп рейтингі аса бұзылмайды. Өзімнің тәжірибемде бар, қалай мектеп ұстаздарымыз 9 сыныптан кетуін талап етіп, біраз сыныптастарымның колледж оқуға кетуіне тура келгені. Немесе, 11 сыныпта қалған жағдайда ҰБТ-ға кіруден бас тарт деп сұрауы. Өте өкінішті, әрине.

Білім сапасынан бұрын мектеп жағдайын айтып өтсек, елімізде біраз мектептерде әлі күнге дейін жылу жоқ, әжетхана біраз шақырым алыста далада орналасқан, спорттық және техникалық жабдықтары мүлдем жоқ немесе бар болған күннің өзінде қолдануға болмайды. Сүлгі немесе сабын, асхана тазалығы ол бір бөлек әңгіме. Мектеп оқушысы тек сапалы білім алып қана қоймай, жақсы жағдайда сабақ оқып, сыртқы факторларға назар аудармауы қажет.

Жақсы сапалы білім елдің экономикасына, халықтың тиімді өмір сүруімен орта және одан жоғары топта өмір сүруінің кепілі. Алайда, жоғарғы оқу орнын оқитындар көп емес, жарты жолдан тастап, не оқуын бітірген күннің өзінде ол маман өз мамандығымен жұмыс істеуі екіталай. Себебі, оның алатын жалақысы қарапайым жұмыстардан тең яки аз. Дарынды балаларға қолдау көрсету қажет. Бірақ мәселе, Назарбаев зияткерлік мектебінде әрбір оқушыға қарапайым мектеп оқушысынан қарағанда көбірек қаражат жұмсалатындығында. Әрине, элиталық білім керек оған тіпті тыйым салудың қажеттілігі жоқ. Бірақ халықтың салықтары есебінен қаржыландырылмауы керек.

Білім методикасының ескіргендігі. Жылдан жылға Білім Басқармасының өзгерістері тек қосымша жұмыс болғаны болмаса, оқу деңгейіне айтарлықтай жаңалық әкелмеді. Еліміз суицид бойынша 3 орынды тізгіндеп тұр. Көбі жастар, олар өзінің болашағын ойлап, Ұлттық Бірыңғай тестілеуді өмірінің соңы ретінде көреді. Үлкен келіп түскен салмақ, ата-ана, ұстаз тарапынан: Егер сен грантқа түспесең сен нашарсың, ал ақылы бөлімде сені оқыта алмаймыз! Осы пікір оларды сындыратын сияқты. Күлетін жағдай емес, бірақ әлеуметтік желідегі білім пабликтерінің алдыңғы қатарынан сіз “Университетте оқу үшін ақша тауып жүрмін. Бірақ білім алу үшін жұмыс істеп жүрмін, ал сабаққа баруға уақыт жоқ!” Оның астындағы толассыз пікір, біздің білім сапасының төмендігі және қарапайым халықтың білім алуға жағдайы жоқтығына куә.

ҰБТ-ге тоқтала кетсек, ағымдағы жылда тест тапсырған 136,4 абитуриент. Оның 65,2 мың оқушы 50-69 балл арасында жинаған. 15,5 мың оқушы 70-75, 76-89 балл жинаған 26,7 мың оқушы, 110-129 баллды 6600 оқушы және 290 оқушы 130 баллдан жоғары көрсеткішті көрсеткен. 32% оқушы 50 баллға жете алмаған. Ал орташа деңгейлі балл - 66 ғана.

Диана, 17 жас, Алматы облысы, 11 сынып оқушысы:

Біздің білім сапасы жоғары оқу орнына түсуге жеткіліксіз. Көпбалалы отбасынан болғандықтан, әрине грантқа түскім келеді. Бірақ Бақ шабама? Бап шаба ма? Кім білсін? Негізінен соңғы кездері көп стресске түсемін. Айналамдағылардың да сұрайтыны кім боласың? Қайда оқуға түсесің? Не істейсің? Өзім білмеймін, мен түскім келген мамандықтың болашағын ойлаймын, жұмыс таба аламын ба деген ойлар маза берер емес.

Арнат, 19 жас, Алматы облысы:

Әрең дегенде ҰБТ-ны тапсырып, оқуға түстім. Мектептен алған біліміме қанағаттанбадым, жоғарғы оқу орнына да дәл солай. Әттең шетелге түсіп кету керек пе еді? Бірақ ең көп сұраныс дәрігерлік пен мұғалімдік те ғана ғой. Кейде ойлаймын, мүмкін 4 жыл оқу уақытты зая кетіру ме?

Алматы облысының паблигінде жүргізген анонимді опросқа 696 жас қатысты.

  1. Диплом сізге жұмыс табуға кепілдік береді ме? Иә - 57%, күмәнім бар-36%, жоқ басқа салада жұмыс жасаймын - 15%.
  2. Колледж-универ бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс жасайсыз ба? Иә - 72%, жоқ - 22%, басқа салада жұмыс істеймін-16%.
  3. Білім сапасына қанағаттанасыз ба? Иә - 46%, жоқ 72%.

Жүргізілген сауалнама арқылы жастарды мазалаған түйткіл мәселе түсінікті. Көбісі жұмыс таппай және қажетті білім алмай қалудан сескенеді. Мұндай қорқыныштың болғандығы, олар өздерінің өміріне және мемлекетімізге бей-жай қарамайтындығынан. Және барлығы көріп отырғаныңыздай керемет емес. Сын бар жерде биіктік бар. Демек, болашағымыз жастардың қамы үшін, мемлекет болашағы үшін алдымен осы білім саласына көңіл бөліну керек. Тек элитаға ғана назар аудармай, барлық мектептерде оқушыларға теңдей білім берілсе. Біздің мемлекет жаңа. Әліде жақсы өзгерістер болатынына біз сеніммен қараймыз және ат салысамыз.

Автор:
Айымжан Аманболқызы